Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Ұстаз мәртебесі – ұлт мерейі

Ұстаз мәртебесі – ұлт мерейі

43 қаралым

Педагогтердің құқығын қор­ғау, кәсіби беделін арттыру және білім беру саласындағы заң талап­тарының орындалуын қам­тамасыз ету – бүгінгі күндегі өзекті мәселенің бірі. Бұл ретте «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданып, мұғалімдердің құ­қығын қорғау бағытында бір­қатар мәселенің шешімін тапқаны белгілі. Десек те, «Бүгінгі таңда бұл заңның орындалу деңгейі қандай? Мұғалімдерді әлі де алаң­дататын мәселелер бар ма?» деген сауалдың көпшілікті тол­ғандырары анық. Алматы об­лысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлмира Күлсариевамен болған сұхбатта осы тақырып төңірегінде сөз қозғалды.

– Гүлмира Әлімбайқызы, «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданғанына алты жыл­дан астам уақыт өтті. Бұл заң мұғалімдердің құқықтарын толық­тай қорғауда ма?
– Заңның негізгі мақсаты – педагог­тің кәсіби мәртебесін бекіту, құқық­тық жағдайы мен әлеуметтік қорға­луын арттыру, сондай-ақ оның негізгі міндетіне кедергі келтіретін әрекеттер­ге жол бермеу. Заң қабылданғаннан кейін мұғалімдерді өздеріне тән емес жұмыстарға тарту жағдайы азайды. Мәселен, қалалық сенбіліктерге, жаппай іс-шараларға қатыстыру немесе жөндеу жұмыстарына мәжбүрлеу фактілері сиреді. Бұл педагогтің басты міндеті – сапалы білім беру мен тәрбие жұмысына назар аударуына мүмкіндік береді.
– Педагогтің ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірген немесе оған құрметсіздік танытқан жағдайда қандай жауапкершілік қарастырылған?
– Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 409-бабында педагогтің заңды қызметіне кедергі келтіру және оның құқықтарын бұзу жағдайларына қатысты жауапкершілік көзделген. Мұғалімнің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау сияқты әрекеттер үшін заңда әкімшілік шаралар қарастырылуы мүмкін. Нақты жауапкершілік құқықбұзушылықтың мән-жайына және қолданыстағы заң нормаларына байланысты айқындалады. Егер құқыққа қайшы әрекетті кәмелетке толмаған бала жасаса, заңда көзделген жағдайларда оның ата-анасы немесе заңды өкілі жауапқа тартылуы мүмкін. Қайталанған құқықбұзушылық үшін жаза қатаңдауы ықтимал.
– Мұғалімге өзіне тән емес міндеттер жүктелсе, ол не істеуі керек?
– Педагог өз құқықтарын білуге және лауазымдық міндеттеріне кірмейтін жұмысты орындаудан заңды негізде бас тартуға құқылы. Оның кәсіби қызметі қолданыстағы заңнама шеңберінде жүзеге асыры­луы керек. Тіпті педагог қандай да бір қосымша жұмысқа келісім берген күннің өзінде, бұл оның заңмен бекітілген құқықтары мен кепілдіктерін жоймайды. Егер осындай жағдайлар туындаса, педагог тиісті аумақтық департаментке неме­се білім басқармасына жүгіне алады.
– Педагогтің кәсіби күйзеліске ұшырауына қандай факторлар әсер етеді? Мұндай тәуекелдің алдын алу үшін не істеліп жатыр?
– Мұғалімнің жұмысы сабақ өткізу­мен ғана шектелмейді. Ол сабаққа дайындалады, оқушылардың жұмыстарын тексереді, оқу материал­дарын әзірлейді, құжаттар мен есептерді толтырады. Бұған қоса, ата-аналармен және әкімшілікпен қарым-қатынас барысында эмоционалдық қысымға тап болуы мүмкін. Мұның барлығы кәсіби күйзеліске әкелуі ықтимал. Сондықтан педагог мамандығына даярлау кезінде талапкерлердің академиялық көрсеткіштерімен қатар, психологиялық дайындығына да назар аудару маңызды. Қазіргі педагог икемді, жаңашылдыққа ашық, балалармен тіл табыса білетін әрі кәсіби тұрғыдан тұрақты маман болуы қажет.
– Қазіргі қоғамда мұғалім­нің рөлі қалай өзгеріп келеді?
– Бүгінгі мұғалім – тек білім беруші емес, ол – тәлімгер, психолог, бағыт-бағдар көрсетуші және кей жағдайда тараптар арасындағы түсіністікті қалыптастыратын медиатор. Педагог үнемі дамып, жаңа әдістерді меңгеріп, дәстүр мен инновацияны оқушының мүддесіне сай ұштастыра білуі керек. Қиындықтарға қарамастан, бұл мамандық қоғамға нақты ықпал етуге және жас ұрпақтың қалыптасуына үлес қосуға мүмкіндік береді.
– Биылғы заңнамалық өзге­ріс­тер туралы да айта кетсеңіз.
– Мемлекет басшысы 2026 жылғы 12 маусымда педагог мәртебесі, білім беру, денсаулық сақтау және бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық өзгерістерге қол қойды. Қабылданған түзетулер педагогтердің құқықтарын қорғауды күшейтуге, білім беру саласындағы жекелеген мәселелерді реттеуге бағытталған. Сонымен бірге «Педагог мәртебесі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне өзгерістер енгізу туралы» Заңға да қол қойылды. Бұл өзгерістердің мазмұны мен қолданылуы тиісті заңнамалық нормаларға сәйкес жүзеге асырылады.
– Білім беру ұйымда­рын­да оқушылардың ұялы теле­фон қолдануына қатысты қан­дай өзгеріс көзделген?
– «Білім туралы» Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне орта білім беру ұйымдарында білім алушылар мен тәрбиеленушілердің ұялы байланыс құрылғыларын пайдалану қағидаларын әзірлеу және бекіту өкілеттігі беріледі. Мұндай тәртіп білім беру процесін ұйымдастыруға қатысты ортақ талаптарды айқындауға мүмкіндік береді. Ең маңыздысы – кез келген қағида оқушының білім алу мүддесі мен қауіпсіздігін ескере отырып іске асырылуы керек.
– Педагогтің немесе білім беру ұйымы басшысының оқушыларға қатысты орын алған оқиғаларда жауапкершілігі қалай айқындалады?
– Заңға педагогтің және білім беру ұйымы басшысының білім алушылар­мен немесе тәрбиеленушілермен бол­ған оқиғаларға қатысты жауаптылы­ғын нақтылайтын норма енгізілді. Оған сәйкес, жауаптылық кәсіби қызметті жүзеге асыру кезеңінде, соның ішінде білім беру қызметіне байланысты лауазымдық міндеттерді орындау барысында болған оқиғаларға қатысты айқындалады. Мұндай мәселелер әр оқиғаның мән-жайына және заң талаптарына сәйкес қаралады.
– Білім беру саласында заң мен тәртіпті сақтау үшін қандай жұмыс жүргізілуі керек?
– Заң мен тәртіп – білім беру саласындағы барлық тарапқа ортақ әрі міндетті қағида. Өңірлік білім басқармалары мен білім сапасын қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттер түсіндіру жұмыстарын жүргізумен шектелмей, өз құзыреті аясында заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуі керек. Педагогтер өз құқықтары бұзылған жағдайда тиісті органдарға тікелей жүгіне алады. Ал мемлекеттік саясатты жергілікті деңгейде тиімді іске асыруда жергілікті атқарушы органдардың да рөлі ерекше.
– Сөз соңында педагог мәртебесін көтеру туралы ойыңызды айта кетсеңіз.
– Мұғалімнің беделін жасанды түрде көтеру мүмкін емес. Педагог мәртебесі – жай ғана сөз емес, ол үлкен жауапкершілік пен қоғамға қызмет етудің көрінісі. Өз ісіне адал, кәсіби міндетін жауапкершілікпен атқаратын мұғалім қоғамның құрметіне лайық. «Педагог мәртебесі туралы» Заң мұғалімді ұлттың стратегиялық ресурсы ретінде тануға және оның қоғамдағы орнын нығайтуға негіз болды. Сондықтан педагогтің құқығын қорғау, кәсіби дамуына жағдай жасау және еңбегін құрметтеу – баршамызға ортақ міндет.
– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан – Тоғжан Жолдығали

↑