Перейти к содержимому
Басты бет / Заң және тәртіп / Заңды білу өзіңді және өзгені құрметтеуден басталады

Заңды білу өзіңді және өзгені құрметтеуден басталады

104 қаралым

Жастар нұсқаушысы ретінде жас буынмен жұмыс барысында бір нәрсеге көз жеткіземін: заң мен тәртіп туралы түсінік тек құқықтық ұғымдарды жаттаумен қалыптаспайды. Оның негізі күнделікті әрекеттен көрінеді. Өзгенің пікірін сыйлау, қоғамдық орында тәртіп сақтау, жауапсыз сөз бен орынсыз әрекеттен аулақ болу – мұның бәрі құқықтық мәдениеттің қарапайым көріністері.

Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан олардың бойында заңға деген құрмет ерте қалыптасуы маңызды. Әсіресе әлеуметтік желідегі әрекетке де жауапкершілікпен қарау қажет. Біреуді қорлау, жалған ақпарат тарату, адамның жеке мәліметін рұқсатсыз жариялау немесе интернеттегі алаяқтыққа алданып, күмәнді әрекеттерге араласу нақты салдарға әкелуі мүмкін. Виртуалды кеңістік те заңнан тыс аймақ емес.

Заңды сақтау дегенді тек жазаға ұшырамау деп түсінбеу керек. Бұл – өз құқығыңды білу, міндетіңді түсіну және айналаңдағы адамдардың құқығына нұқсан келтірмеу. Құқығын білетін жас өзіне жасалған әділетсіздікке бейжай қарамайды, мәселені жанжалмен емес, заңды жолмен шешуге ұмтылады.

Меніңше, жастар арасында «Заң мен тәртіп» қағидасын қалыптастырудың ең тиімді жолы – құр сөзден гөрі нақты өмірлік мысалдар арқылы түсіндіру. Жас адам заңның өз өмірімен тікелей байланысты екенін сезінгенде ғана құқықтық сауаты арта түседі. Бүгін тәртіпті таңдаған жас – ертең жауапкершілігі жоғары азамат.

Сондықтан заң мен тәртіп – қоғамға сырттан қойылатын талап емес, әрқайсымыздың ішкі ұстанымымыз болуы тиіс. Тәртіпті қоғам өздігінен қалыптаспайды. Оны заңды құрметтейтін, жауапкершілікті сезінетін азаматтар қалыптастырады. Жастардың осы құндылықты саналы түрде қабылдауы – елдің тұрақты болашағына жасалған маңызды қадам.

Жұлдыз НҰРБАҚЫТҚЫЗЫ,
жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушы

Сарыжаз ауылы
Райымбек ауданы

↑