Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Жастар таңдауы – салауатты өмір

Жастар таңдауы – салауатты өмір

25 қаралым

Жастардың денсаулығын нығайтып, бос уақытын тиімді өткізуі – қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Салауатты өмір салтын ұстанған ұрпақ зиянды әдеттерден аулақ болады. Осы мақсатта Райымбек аудандық ішкі саясат бөлімі жастар арасында «Нашақорлыққа жол жоқ!» атты спорттық жарыс ұйымдастырды.

Нарынқол ауылындағы балалар мен жасөспірімдер спорт кешенінде өткен сайыста өңір жастары спорттың бірнеше түрінен өзара мықтыны анықтады. Қатысушылар шағын футбол, үстел теннисі, шахмат және гір көтеруден бақ сынады. Жарыстың мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, спортқа деген қызығушылықты арттыру, зиянды әдеттердің алдын алу және өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Үстел теннисі – шапшаңдық пен дәлдікті талап ететін спорт түрі. Доптың бағытын дұрыс аңғармасаң, ұпайдан қағыласың. Сондықтан бұл бәсекеде қатысушылардың ептілігі мен жылдам шешім қабылдау қабілеті сыналды. Нәтижесінде Махмұт Ермахан І орынға ие болып, жеңіс тұғырынан көрінді. ІІ орынды Талғат Ертай, ІІІ орынды Жақсылық Батыр иеленді.
Ал шахматта жағдай мүлде бөлек. Бұл жерде жылдам қимылдан бұрын салмақты ой мен сабыр қажет. Әйелдер арасында өткен шахмат бәсекесінде қатысушылар өздерінің ойлау қабілеті мен шеберлігін ортаға салды. Сайыс қорытындысында Сәуле Жәйшібекова І орынға ие болды. Бағдагүл Әбділдаева ІІ орын, Нұржан Сұлтанқұлова ІІІ орыннан көрінді.
Гір көтеру сайысы да жарыстың көрігін қыздырды. Қатысушылар 16 келілік гір тасын белгіленген талаптарға сай көтеріп, өз мүмкіндіктерін ортаға салды. Төрешілер спортшылардың әр қимылын бақылап отырды. Нәтижесінде Ілияс Шыңғыс үздік нәтиже көрсетіп, І орынға көтерілді. Сықали Арман ІІ орынға, Ермек Талғар ІІІ орынға ие болды.
Командалық бәсекенің негізгі көркі шағын футболда байқалды. Алаңға шыққан командалар өз ауылдарының намысын қорғап, жеңіске жету үшін бар күшін салды. Мұнда жеке шеберлікпен қатар, командалық үйлесімнің де маңызы зор. Сондықтан алаңдағы әр сәт тартысқа толы өтті. Футбол бәсекесінде Нарынқол ауылының командасы І орынды иеленді. Костөбе ауылының командасы ІІ орынға жайғасса, Жамбыл ауылының жастары ІІІ орыннан көрінді.
Жарыстың атауының өзі маңызды ойды аңғартады. «Нашақорлыққа жол жоқ!» деген ұран – жастарды зиянды әдеттен аулақ болуға шақыратын сөз ғана емес, салауатты өмір салтын таңдауға үндейтін нақты бағыт. Өйткені спорт адамнан тәртіпті талап етеді. Жаттығу, жарысқа дайындық, өз мүмкіндігіңді дұрыс бағалау – мұның барлығы жас адамның өміріне оң әсер ететін дағдылар.

Ақерке БИЖАН

Райымбек ауданы

↑