Жолда қауіпсіздік көбіне үлкен шешімдерден емес, секундтың ішінде жасалған таңдаудан басталады.
Жылдамдықты азайту, бағдаршамға тоқтау, қарсы жолаққа шықпау, рөлде телефон қолданбау, шаршаған немесе мас күйде көлік жүргізбеу – қарапайым талаптар сияқты көрінеді. Бірақ осы талаптардың әрқайсысының артында адам өмірі тұр.
Қазақстанда жол қауіпсіздігін арттыру үшін автоматты бақылау, дрондар, мобильді кешендер және орташа жылдамдықты бақылау жүйелері қолданылып келеді. ІІМ 2026 жылы орташа жылдамдықты бақылау жүйесін жаңа жол учаскелеріне кеңейтетінін хабарлады.
Цифрлық бақылау тәртіпті күшейте алады. Бірақ камера жүргізушінің орнына жауапкершілік ала алмайды.
Жолдағы қауіпсіздік – тек жүргізушінің мәселесі емес. Жаяу жүргінші де жол ережесін сақтауы керек, ата-ана балаға жолдағы қауіпсіздік мәдениетін үйретуі қажет, ал жол инфрақұрылымы адамдардың қауіпсіз қозғалысына мүмкіндік беруі тиіс.
Жолдағы бір қате бірнеше адамның өмірін өзгертуі мүмкін. Сондықтан мұнда «маған ештеңе болмайды» деген сенімнің өзі қауіпті.
Тоғжан ЖОЛДЫҒАЛИ
