Перейти к содержимому

Жылу беріле бастады

84 қаралым

Ауа температурасының төмендеуіне байла­ныс­ты облыстың кейбір өңірінде жылу беру басталды. Ал жалпы облыс бойынша жылу 15 қазанға дейін кезең-кезеңімен қосылады. Ол үшін өңірде жалпы қуаты 452 Гкал болатын 18 орталықтандырылған және 84 блокты-модульді қазандық жылу таратуға толығымен дайын.

Биыл облыста жылыту маусымына дайындық жүргізуге және оны өткізуге 13,6 млрд теңге қарастырылған. Оның ішінде жергілікті бюджет есебінен 8,2 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы сұйық және қатты отын сатып алуға, жылумен және электрмен қамту нысандарын жөндеуге бағытталды. Сондай-ақ энергия беруші кәсіпорындар есебінен 2,8 млрд теңге, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде жылу желілерін реконструкциялауға 2 млрд теңге, Алатау қаласының «Жетіген» шағынауданындағы қазандықты жөндеуге Үкімет резервінен 661 млн теңге бөлінді.
Қазіргі таңда Алатау қаласындағы «ДОС» қазандығын реконструкциялау аяқталды және 10 қазанға дейін іске қосылады. Одан бөлек Қарасай ауданының «Алтын ауыл» және «Қарлығаш» шағынаудандарындағы 2 блокты-модульді қазандық жөнделді.
Өңірдегі жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 188 шақырым. Бүгінде оның 6,7 шақырымы жаңартылып жатыр. Бұл желілердің тозуын 40%-дан 38,5%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Қонаев қаласында ұлттық жоба шеңберінде жалпы ұзындығы 2,3 шақырым, құны 2 млрд теңге болатын жылу желісін реконструкциялау бойынша екі жоба тәмамдалды.
Облыстағы 152 қосалқы станса мен 1 552,9 шақырым электр желісін жөндеу аяқталуға жақын. Ал «Алатау жарық компаниясы» АҚ биыл 1 179,3 км электр желісін жөндеуді көздеп, жоспарды толығымен орындады.
«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде электрмен қамту бойынша жалпы құны 58,9 млрд теңге болатын алты жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде желілердің тозу деңгейі 66%-дан 62%-ға дейін төмендейді.
Өңірдегі әлеуметтік нысандарды жылумен қамтамасыз ету үшін қажет 12,6 мың тонна сұйық отын және 4,5 мың тонна қатты отын мекемелерге жеткізілді.
Бүгінде облыста 2 156 көппәтерлі тұрғын үйдің 1 469-ы (71%) орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Өңір халқының көмірге қажеттілігі – 666 мың тонна. Елдімекендерге кезең-кезеңімен газ тартудың нәтижесінде көмірді тұтыну жыл сайын орта есеппен 6-7%-ға төмендеуде.

Гүлзат БАЙҚОНЫС

↑