Перейти к содержимому
Басты бет / Ауыл шаруашылығы / Алматы облысының аграрлық әлеуеті арта түспек

Алматы облысының аграрлық әлеуеті арта түспек

48 қаралым

Іле ауданындағы «Almaly» агро орталығында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған ашық есік күні өтті. Онда шаруаларға заманауи техникалар мен жеңілдетілген қаржыландырудың мүмкіндіктері таныстырылып, шаруашылықты өркендетудің жаңа тетіктері талқыланды.  Егін жинау науқанының аяқталуына орай өткен шараға облыс әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері, отандық және шетелдік техника өндірушілері, қаржы ұйымдары мен шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысты.

      Диқан үшін уақыттың қадірі ерекше. Әсіресе егін науқаны кезінде техниканың бір күн тұрып қалуының өзі қыруар шығынға әкелуі мүмкін. Сондықтан шаруашылықтың жұмысы жүйелі болуы үшін қолдағы техниканы жаңартып, өндірістік мүмкіндікті арттыру маңызды. Осы мәселені назарға алған «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы мен «Almaly агро» орталығы бірлесіп өткізген шараның берері мол болды. Жиын шаруаларға қажетті ақпаратты бір жерден алуына жағдай жасауымен ерекшеленді. Мұнда олар өзіне керекті трактор мен комбайнды таңдап, мамандардан кеңес алып, жеңілдетілген лизингке өтінім беру мүмкіндігімен танысты. Тіпті осы рәсімді он минуттың ішінде орындауға болатыны айтылды. Сонымен қатар мемлекеттік субсидиялар, қаржыландыру шарттары және техникалық қызмет көрсету мәселелері де кеңінен түсіндірілді.

Іс-шарада алғашқы болып сөз алған Бақытнұр Бақытұлы ауыл шаруашылығының өңір экономикасындағы орнына тоқталып, техникалық паркті жаңартудың маңызын атап өтті.

      ­ – «ҚазАгроҚаржы» компаниясының Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша филиалы ұйымдастырған ашық есік күнінің негізгі мақсаты – шаруашылықтардың жұмысын кеңейтуге және жаңғыртуға көмектесу. Ауыл шаруашылығы – облыс экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Ал техникалық паркті жаңарту – сала алдындағы маңызды міндет. Заманауи техникалар еңбек өнімділігін арттырып, шығынды азайтады әрі далалық жұмыстарды уақытылы жүргізуге мүмкіндік береді. Мемлекет шаруаларға жеңілдетілген лизинг пен субсидиялар арқылы қолдау көрсетуді жалғастырады. Almaly агроорталығы алдағы уақытта да әрбір шаруашылықтың сенімді серіктесіне айналады деп сенемін, – деді.

       Көрме алаңына қойылған техникалардың түрі де, мүмкіндігі де әр алуан. Топырақ өңдеуге арналған жабдықтардан бастап, қуатты егін жинау комбайндарына дейін ұсынылды. Мұндағы техникаларды сатып алуға жылдық мөлшерлемесі 5-6 пайыз болатын жеңілдетілген лизинг бағдарламасы қарастырылған. Ал отандық өндірістегі ауыл шаруашылығы техникаларын алған жағдайда оның құнының 30 пайызына дейін мемлекеттік субсидия есебінен өтеледі. Бұл, әсіресе, техника паркін жаңартуды жоспарлап отырған шаруашылықтар үшін тиімді қолдау екені анық. Көрмеге қатысқан компаниялар да өз өнімдері мен қызметтерін таныстырып, шаруаларға нақты ұсыныстарын жеткізді. Солардың қатарында «Агротехменеджмент» компаниясының өкілі Талғат Шахуов көрмеге қойылған техникалардың ерекшеліктері мен шаруаларға ұсынылатын сервистік қызметтер туралы баяндады. Компания Көкшетау қаласындағы зауытта құрастырылатын YTO тракторларын ұсынады. Қуаты 40 ат күшінен 280 ат күшіне дейінгі бұл техникалар әртүрлі шаруашылықтың сұранысына сай келеді. Оларды сатып алушыларға 30 пайыздық субсидия мен «ҚазАгроҚаржы» арқылы жеңілдетілген лизинг алу мүмкіндігі қарастырылған. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін трактор сатып алған шаруаларға екі техникалық қызмет көрсету тегін ұсынылады. Компания мамандары қажет болған жағдайда шаруашылыққа өздері барып, қосалқы бөлшектерді де техника орналасқан жерге жеткізеді. «Агротехменеджмент» көрмеге құрылыс, жол және тау-кен өндірісіне арналған LiuGong арнайы техникасын, сондай-ақ бірнеше ауыл шаруашылығы құралының жұмысын алмастыра алатын Farmet топырақ өңдеу жабдықтарын да алып келген.  Ал CT Agro компаниясы әлемге танымал Claas, Horsch, Lemken және Geringhoff брендтерінің ауыл шаруашылығы техникаларын таныстырды. Аталған компания осы брендтердің ресми дилері саналады. Сонымен қатар Петропавл қаласындағы бірлескен зауытта астық жинайтын комбайндар мен тракторлар құрастырады. Бұл техникалар да мемлекеттік субсидиялау және жеңілдетілген лизинг бағдарламаларына енгізілген. Мамандар шаруаларға машиналардың мүмкіндіктерін түсіндіріп қана қоймай, оларға сервистік қызмет көрсету бағытындағы жұмыстарды да таныстырды.

       Бүгінде егіннің бітік шығуы тек сапалы тұқым мен қолайлы ауа райына байланысты емес. Жердің құнарын сақтау, өсімдікті қорғау, тыңайтқышты қажетті мөлшерде пайдалану да маңызды. Осы бағытта жұмыс істейтін «КосАгроКоммерц» компаниясы көрмеде агрохимия саласындағы өнімдері мен қызметтерін ұсынды. Атап айтқанда, өсімдіктерді қорғау құралдары, минералды тыңайтқыштар мен тұқым түрлері таныстырылды. Сондай-ақ компания мамандары топырақ пен судың құрамын зерттейтін жеке зертхананың мүмкіндіктері туралы айтты.

Олар өз сөзінде егістік алқабына тыңайтқыш енгізбес бұрын топырақтың құрамын зерттеу қажет екенін алға тартып, жердің қандай қоректік затқа мұқтаж екенін білмей, түрлі препараттар мен тыңайтқыштарды қолдану артық шығынға соқтыруы мүмкін екенін жеткізді. Бұл қаражатты үнемдеумен қатар, жердің құнарын сақтауға да септігін тигізеді.

          Ашық есік күніне қатысқан шаруалар үшін мұндай кездесудің пайдасы мол болды. Себебі олар техниканы сырттай тамашалап қана қоймай, оның мүмкіндіктерімен танысып, өз шаруашылығына қажетті шешімдерді мамандармен бірге талқылады.

Құралбек СӘБИТОВ

Іле ауданы

↑