Перейти к содержимому

Алатау – өрлеу жолында

114 қаралым

Облыс әкімі Шыңғыс Әрінов Алатау қаласының тұрғын­да­рымен кездесіп, өңірдің әлеумет­тік-экономикалық дамуы жайлы есеп берді. Жиында Алатау қала­сында іске асырылып жатқан жоба­лар мен алдағы мақсат-міндет­тер сараланды. Шараға қоғам­дық ұйым өкілдері, құқық қорғау және жергілікті атқарушы орган­дардың басшылары, жергі­лікті халық қатысты.

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы­мен «Алатау қаласының арнаулы құқық­тық режимі туралы» Заң қабылданды. Соған сәйкес Alatau City Authority арнаулы басқару ұйымы құрылып, өз жұмысын бастады. Бұл ұйым қаланың стратегиялық құжаттарын бекітуге және оның жүзеге асуына жауапты. Сонымен қатар инвестициялық жобалар мен кәсіпкерліктің дамуына қолдау көрсетеді. Ал қала әкімдігі тұрғындардың күнделікті өміріне қажетті нысандардың дұрыс жұмыс істеуін қадағалап, көшелер мен жолдардың жағдайын, инженерлік желілер, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, денсаулық сақтау, білім беру нысандарының жай-күйін жақсарту бағыттарында жұмыс атқарады.
Бүгінде Алатау қаласында бірнеше ірі инвестициялық жобаның құрылысы басталды. Мәселен, инвестиция құны 800 млн АҚШ долларын құрайтын «Iconic Complex» көпфункционалды кешенінің іргетасы қаланды. Жоба аясында 272 метр болатын 56 қабатты ғимарат, қонақ үй, тұрғын үйлер, кеңсе және сауда орындары салынады. Құрылысты 2029 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Нысанды сумен және электр энергиясымен қамтамасыз ету жұмысы толық аяқталды. Сонымен қатар жеке инвестиция есебінен «K-Park» мәдени-іскерлік орталығының құрылысы қолға алынды. Ал құны 45 млрд теңгені құрайтын «Гриффин Логопарк Алматы» жобасы аясында 2 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде.
Аймақ басшысы аталған жобалар қаланың іскерлік, мәдени және логис­тикалық әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.


«Ең бастысы, жаңа өндірістер мен кәсіпорындар жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға және шағын бизнестің дамуына серпін беруі тиіс. Біздің басты мақсатымыз – Алатауды заманауи инфрақұрылымы дамыған, инвестицияға қолайлы, экономикасы қуатты және тұрғындары үшін жайлы қалаға айналдыру», – деді Шыңғыс Сайранұлы.
Қазіргі таңда қала тұрғындарына жайлы жағдай жасау мақсатында бірқатар маңызды жоба қолға алынған. Бұл туралы Алатау қаласының әкімі Әркен Өтенов айтып берді. Оның сөзінше, 9 айдың қорытындысы бойынша сауда-саттық айналымы 13,3 млрд теңгеге жеткен. Ал тартылған инвестиция құны 70 млрд теңгеден асты. Қазіргі уақытта тұрғындар саны 58,3 мыңға жуықтап, жыл басынан бері 3,2 мың адамға өсті. Осыған орай халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында биыл Жаңаарна шағынауданында фельдшерлік-акушерлік пункттің құрылысы аяқта­лып, пайдалануға берілді. Болашақта «Жетіген» шағынауданында 250 адамға арналған емхана және «Жаңадәуір» шағынауданында 50 емделушіге шақталған дәрігерлік амбулатория салу жоспарланып отыр. Бүгінде жобалық-сметалық құжаты дайын. Сондай-ақ «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Қоянқұста 900 орынды жаңа мектеп ашылды. Нәтижесінде аталған шағынаудандағы үшауысымды білім беру мәселесі шешілді. Спорт саласын дамыту мақсатында биыл «Заречный» шағынауданында 60 орынды дене шынықтыру кешенінің құрылысы басталды. Қазіргі таңда шаһардың инфрақұрылымын дамыту жол картасы іске асырылуда. Соның аясында жалпы құны 35,3 млрд теңгені құрайтын 28 жоба жүзеге асырылып жатыр. Биыл қаланың 9 шағынауданындағы жалпы ұзындығы 40 шақырым автомобиль жолын орташа жөндеуге 1,4 млрд теңге қаржы бөлінді. Аталған жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады.
Жиын барысында тұрғындар толған­дырған сұрақтарын қойып, оған тұщымды жауап алды. Сауалдардың біразы жерді рәсімдеу мәселесіне қатысты болды. Мамандардың сөзінше, қазіргі таңда қаланың Бас жоспары бекітілген жоқ. Соған сәйкес жер теліміне қатысты құжаттарды рәсімдеу де кешеуілдеуде. Тағы бір тұрғын «Алматы – Өскемен» тасжолына жерасты немесе жерүсті өткелін салып беруді өтінді. Қазіргі таңда аталған жол Алатаудың негізгі көшесіне айналып келеді. Жауапты қызметкерлер Бас жоспарды бекітерде бұл өтініштерді енгізуге күш сала­тындарын жеткізді. Тұрғындар сондай-ақ мәдени, спорт­тық және медициналық нысандар жетіспейтінін айтып, балаларға арналған үйірмелер ашылса деген өтініштерін жеткізді. Шыңғыс Әрінов тұрғындардың сауалы ескерусіз қалмайтынын, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, қаланы дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылатынын хабарлады. Сондай-ақ аймақ басшысы азаматтарды жеке мәселелері бойынша да қабылдап, оны шешу үшін басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Гүлзат БАЙҚОНЫС

Алатау қаласы

↑