Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Алматы облысы орталығында Отан алдындағы әскери борышын өтеуге келген жас сарбаздар ант қабылдады

Алматы облысы орталығында Отан алдындағы әскери борышын өтеуге келген жас сарбаздар ант қабылдады

62 қаралым

Қонаев қаласының Орталық алаңында күзгі әскерге шақыру маусымында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 3660 әскери бөліміне Отан алдындағы әскери борышын өтеуге келген жас сарбаздардың ант қабылдау рәсімі өтті. Жауынгерлік Ту салтанатты түрде сап түзеген сарбаздардың ортасына әкелініп, Мемлекеттік Гимн орындалғаннан кейін сөз 3660 әскери бөлімінің командирі Есбол Ержақыпқа берілді.


– Қазақстан Республикасы Конституциясының 39-бабында: «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті» деп, тайға таңба басқандай көрсетілген. Әскери ант қабылдау – әрбір әскери қызметші, бөлімше мен әскери бөлім өміріндегі ерекше әрі маңызды оқиға. Құрметті жас сарбаздар! Әскери анттың мәні өте зор. Ол – әскери өмірдің негізгі әрі мызғымас заңы. Сондықтан өздеріңізге жүктелген міндеттерді, әскери жарғыларды бұлжытпай орындауға, әскери қызметтің қиыншылықтарын табандылықпен көтеруге әрдайы дайын болуларыңыз керек. Осы күннен бастап Қазақстан Республикасының сенімді қорғаушылары атанып, өз Отан алдындағы жауапкершілікті толықтай мойындарыңызға аласыздар. Мұны әрдайым есте сақтап, мақтан тұтыңыздар! Аға буынның ерлік істерін қастерлеп, батырлардың өнегесін үлгі тұтыңыздар. Олардан батылдық пен туған жерге деген сүйіспеншілікті үйреніңіздер. Сіздердің алдағы уақытта қандай қиындық болса да, аптап ыстық пен қақаған аязға қарамастан, қолдарыңызға қару алып, Қазақстан халқының тыныштығы мен амандығын қорғайтындарыңызға сенім білдіреміз. Біздің Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды, тыныштығымыз бен бейбіт тірлігімізді кірпік қақпай күзетіп тұрған, халқымызға қорған болған ұлттық әскеріміздің айбыны арта берсін! – деген әскери бөлім командирі жас сарбаздардың әскери ортаға тез бейімделуі мен кәсіби шеберліктерінің шыңдалуын, Отан алдындағы абыройлы қызметтеріне сәттілік тіледі.


Алаңда басқосқан жұртшылықтың тағатсыздана күткен сәті де келіп жетіп, біркелкі форма киіп, қолдарына қару алып, сап түзеген Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Жетісу, Сотүстік Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласынан әскер қатарына алынған 200-ден астам жас сарбаз кезегімен келіп, салтанатты түрде ант қабылданды.
Салтанатты ант қабылдау рәсімі аяқталған соң, Қонаев қаласы әкімінің орынбасары Марат Тұрсын жас сарбаздардың әскери ант қабылдау арқылы Отан алдындағы борышын ресми түрде өтеуге кіріскенін, мұның жай ғана рәсім емес, үлкен жауапкершіліктің, асқақ рухтың, ел мен жерге деген адалдықтың айғағы екенін атап өтті. Осынау тарихи сәтте Мемлекеттік Тудың астында адал қызмет етуге, туған жердің тыныштығы мен халқтың амандығын қорғауға берілген серттің ертеңгі ерліктің, табандылық пен бейбіт еліміздің қалқаны болатынын тілге тиек етті.


Келесі кезекте Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары, полковник Атабев Салихбаев сөз алып, еліміз бен оның заңды сайланған Президентіне және халқына ақтық демі қалғанша адал қызмет етуге ант берген Отан қорғаушылардың кемел келешегін қалыптастыруды парыз тұтқан шараның маңызына кеңінен тоқталды.
Одан кейін аталған қолбасшылықтың ардагерлер кеңесінің төрағасы Асатулла Құлахмедов және Ердәулет Илиясов, Владимир Скоробогатов есімді қатардағы жауынгерлердің әжелері Сәуле Нұрғабылова мен Нина Малышева
жас сарбаздардың ел қорғауға басқан қадамдарына құтты болсын айтып, оларға патриоттық рух беретін жалынды сөздерін арнады. Сонымен қатар Ернұр Ерболұлы әрдайым сертіне адал болып, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, тапсырмаларды бұлжытпай орындайтындарына барша ант қабылдаушы сарбаздар атынан уәде берді.
Ант қабылдау рәсімінен кейін әскери бөлім басшылығы ата-аналармен жүздесіп, балаларының бір жыл ішінде қандай әскери қызмет атқаратыны жөнінде хабардар етті. Сонымен бірге алдағы уақытта сарбаздардың ата-аналарымен қалай байланысқа шығатыны және баласына жолығу мақсатында әскери бөлімге келудің тәртібін түсіндірді.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

↑