Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Алматы облысында Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығы тойланды

Алматы облысында Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығы тойланды

73 қаралым

Жамбыл аудандық Мәдениет үйінде белгілі кинорежиссер, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығына арналған шара өтті. Облыс әкімдігі ұйымдастырған «Қазақ киносының құлагері» атты мерейтойлық қорытынды кешке елге белгілі мәдениет және өнер майталмандары, зиялы қауым, облыс және аудан басшылығы, тұрғындар қатысты.

Салтанатты жиында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Арман Жүдебаев жиналған қауымға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаевтың құттықтауын оқып берді. Онда: «Биыл көрнекті кинорежиссер, қазақ кино өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан біртуар тұлға Абдолла Қарсақбаевтың туғанына 100 жыл толып отыр. Абдолла Қарсақбаев ұлттық кинематография тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырған, шығармашылығы арқылы қазақ киносының көркемдік деңгейін биікке көтерген әйгілі режиссер. Оның өмірі мен өнер жолы отандық кино саласының қалыптасуы мен дамуының жарқын көрінісі. Режиссердің «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Алпамыс мектепке барады» сынды көркем туындылары қазақ киносының алтын қорынан лайықты орын алып, көпшілік көрерменнің жүрегіне жол тапты. Бұл фильмдерді ұлттық болмысымызды, халқымыздың дүниетанымы мен рухани құндылықтарын айшықтайтын өлмес мұра деп білеміз. Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдық мерейтойының ЮНЕСКО, Түрксой халықаралық ұйымдарының деңгейінде аталып өтуі қазақ кино өнерінің көрнекті өкілінің шығармашылық мұрасына халықаралық деңгейде көрсетілген құрметтің айқын белгісі. Абдолла Қарсақбаевтың есімі мен өнегелі жолы қазақ кино өнерінің тарихында мәңгі сақталып, шығармашылық мұрасы келер ұрпаққа рухани бағдар болып қала берері сөзсіз. Бүгінгі «Қазақ киносының Құлагері» атты салтанатты кештің сәтті өтуіне тілектестік білдіре отырып, баршаңызға зор денсаулық, еңбектеріңізге толайым табыс тілеймін!» делінген.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев сөз алып, облыс басшысы Шыңғыс Әріновтың ыстық ықыласын жеткізді. Онда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ізгі құндылықтар – қоғамның иммунитеті» деген сөзі келтіріліп, жыр дүлдүлдері Сүйінбай мен Жамбыл, көрнекті композитор Нұрғиса Тілендиев сияқты ұлы тұлғалардың ізі қалған қасиетті мекенде ұлт қайраткерлерінің мерейтойлары қашанда тиісті деңгейде өтетіні, ел жүрегінен орын алған әйгілі тұлға – Абдолла Қарсақбаевтың мерейтойын халықаралық деңгейде ЮНЕСКО көлемінде атап өту белгіленгені, туған жері – Алматы облысында жыл басынан бері жүздеген шара ұйымдастырылғаны атап өтілді.

«Қазақ кино өнерін халықаралық деңгейге көтерген режиссердің шығармашылық жетістіктері кейінгі ұрпаққа қашанда өнеге. Бұл болашақ ұрпақтың ұлтжанды болып өсуіне, туған еліне деген құрметінің артуына сөзсіз көмектеседі. Іс-шаралар әлі де жалғасады. Желтоқсан айында Францияның астанасы Париж қаласында ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығына арналған мерейтойлық шара өткізілмек. Мұндай істер ұрпаққа үлгі. Ұлтқа ортақ тұлғаның артына қалдырған мұрасы мәңгі сарқылмайтын рухани қазына. Тау алыстаған сайын асқақтай түсетіні сияқты, жылдар өткен сайын Абдолла атамыздың да шығармашылығы өз құнын жоғалтпай, еліміздің киелі сахнасынан түспейтіні хақ», – делінген облыс әкімінің хатында.

— Ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан перзенттерін ұлықтауда Алатаудың етегіндегі ел-жұрт қашанда алдыңғы қатардан көрініп келеді. Мұнда ұлт тұлғаларының мерейтойлары үнемі жоғары деңгейде ұйымдастырылуымен ерекшеленеді. Бұл орайда қоғам белсенділері мен данагөй қарияларымыздың белсенділігін атап өткім келеді. Олардың ұсыныстарының барлығы да облыс басшылығы тарапынан ескеріліп отырады. Бұл орайда жамбылдықтардың ауызбірлігі үлгі аларлықтай. Абдолла Қарсақбаевтың мерейтойын жоғары деңгейде өткізуге атсалысқан барлық азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Осындай үрдіс алдағы уақытта да жарасымды жалғасатынына сенімдімін. Ұлтқа қызмет еткен асылдарымызды ұлықтау жөніндегі шаралар мерейтойлар мен белгілі бір даталармен ғана шектелмеуі керек. Ол жүйелі түрде жүргізілетін, ұрпақ санасына сіңірілетін өнеге ретінде үздіксіз сипат алуы тиіс. Қазақ өнері мен мәдениеті үшін еткен қызметтеріңіз жемісті болсын! — деді Ғани Айдарұлы.Көпшілік алдында кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Болат Қалымбетов өзінің адам болып қалыптасуында, өнерде өз орнын табуында Абдолла ағасының еңбегін атап өтті. Оны өзінің кинодағы әкесі санайтынын айтты. Режиссердің ықпалымен ол киноға он жасынан түсе бастаған. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында режиссура оқытушысы екенін, сабақта Қарсақбаевтың әрбір фильмі талданатынын жеткізіп, киносында ұлттық құндылықтар, өмір шындығы батыл айтылатынын, кәсіби шеберлігін тілге тиек етті.

Белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нағашыбек Қапалбекұлы өз сөзінде Абдолла Қарсақбаевтың биылғы мерейтойына байланысты атқарылған шараларға тоқталды. Өнер академиясында А.Қарсақбаев кабинеті ашылып, екі жинақ жарыққа шыққанын, оқу орнының кафедра меңгерушісі Ержан Жұмабек А.Қарсақбаев шығармалары жөнінде докторлық диссертация қорғағанын жеткізді. Осы орайда облыстық мәдениет басқармасы да көптеген игі іс атқарған. Кітапханалар, Ұлттық орталық музей, Қарсақбаев атындағы мектеп, тағы басқа мекемелер тағылымды кештер өткізді. Жамбыл ауданының барлық мектептері мен Мәдениет үйлері фильмдерін көрсетті.

— Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, мерейтойды биік дәрежеде мазмұнды өткізуге облысқа әкім болып келген Шыңғыс Сайранұлы ерекше ықпал етіп, үлкен көмек көрсетті. Облыстың қолдауымен арнайы делегация Түрксой ұйымы Стамбулда өткізген шараға қатысты. Қазақ деген қайсар халық барда Қарсақбаев мұрасы мәңгі жасай береді. Мерейтойлық шараларға атсалысқан барша азаматтарға алғыс білдіремін, — деді Нағашыбек Қапалбекұлы.

Шарада сөз алған Қазақстанның Халық әртісі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов: «Өнер жолы оңай емес, тайғақты жол. Өнердің биігіне шығу қиын. Оған қанаты қайратты бүркіт те, кейде жорғалап жылан да шығады. Бірақ соның ең мықтысы – қыран. Біздің Абдолла ағамыз бүркіт мінезді ерекше адам болатын. Түсірген фильмдерінің ешқайсысы бәйге-байқаудан жүлдесіз емес, бір де бір жұмысы елеусіз қалмаған. Бүгінгі шараның аты «Қазақ киносының құлагері» деп дәл қойылыпты. Ол кісі шынында да Құлагердей өз ісінің ерен жүйрігі еді. Еңбегінің кеңінен дәріптелгені үшін ең алдымен Мемлекет басшысына, одан кейін облыс, аудан әкіміне, мәдениет басқармасына, осындағы ел-жұртқа ризамын», – деді.

Тағылымды кеш барысында сахна төрінде Дәулет Жарасбаевтың «Абдолла Қарсақбаев» атты кітабының тұсаукесер рәсімі жасалып, алғашқы оқырмандар қолына тиді. Ұлт руханиятында өшпес із қалдырған әйгілі режиссердің өнегелі өмірі мен еңбегі кеңінен дәріптеліп, қазақ кино өнерін дамытуға қосқан зор үлесін өнерпаздар жан-жақты ашып көрсетті. Фильмдерінен үзінді, кәсіби әртістердің сахналық қойылымы, кинокадр мен көркемсөз оқу, музыкалық сүйемелдеу – барлығы да бір-бірімен үйлесімді орындалды. Қазақстанның Халық әртісі Дулыға Ақмолда сахнаға Абдолла Қарсақбаев кейпінде шыға келгенде көрермен шынымен аяулы бейнемен бетпе-бет жүздесіп, тілдескендей әсерге бөленді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләлдің режиссердің сан қырын айшықты әңгімелеуі, Жұбаныш Жексенұлы мен Мәдина Сәдуақасованың салған әні, «Қоңыр» тобы, «Сазген» фольклорлық-этнографиялық ансамблі, «Құлансаз» би тобы, Ішекті симфониялық камералық оркестрі, Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының әншілері, Қарғалы ауылындағы балалар және жасөспірімдер шығармашылық орталығының өнеріне көрермен құшырлана қол соқты.

Ал бұдан бірнеше күн бұрын Жамбыл ауданының солтүстік-батысындағы кең жазықта қазақ киносының көрнекті режиссерінің құрметіне 100 шақырымдық ат жарысы ұйымдастырылды. Дүбірлі додаға Маңғыстау, Жетісу, Абай, Алматы, Қостанай облыстарынан, Астана қаласынан және көршілес Қырғызстаннан барлығы 63 сәйгүлік түсті. Қопа бекетінің маңында киіз үйлер тігіліп, дала сахнасында ән мен жыр қалықтады. Салтанатты жиында Абдолла Қарсақбаевтың қазақ кино өнеріне қосқан үлесі айтылды. Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас, облыс пен Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Әскербек Абаев, белгілі атбегі Орынтай Әмірғалиев, «Ата жолы» қоғамдық қорының төрағасы Махаббат Бигелдиев, ел ағалары, атбегілер мен аудан тұрғындары бәйгені бірге тамашалады. Қаншеңгел ауылынан таңғы сағат 8-де жарыс жолына шыққан тұлпарлардың алды 3 сағаттан астам уақытта Қопа ауылындағы мәреге тұяқ тіреді.

Жүз шақырымдық қашықтыққа сәйгүліктердің ішінен жүзден жүйрігі ғана соңына дейін шапты. Нәтижесінде маңғыстаулық Нұрсағын Тұқымбайдың аты – Бесжүйрік бірінші болып келіп, бәйгеге тігілген автокөлікті жеңіп алды, шабандозы – Нұрсұлтан Омаров. Екінші болып Жетісу облысынан Аяулым Мұхамеджанның тұлпары Аққұм келді. Одан кейін мәре сызыған жетісулық Жетіжал, қырғызстандық Буран атты сәйгүліктер қиып, иелерінің мерейін үстем етті. Жамбыл ауданында Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығына орай жыл басынан бері өткізіліп жатқан түрлі іс-шаралар әлі де жалғасады.

Серік Сатыбалдиев

Жамбыл ауданы

↑