Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ҚАРАСАЙ АУДАНЫНДА МҰҚАШ РАХИМЖАНОВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ТУРНИР ӨТТІ

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ҚАРАСАЙ АУДАНЫНДА МҰҚАШ РАХИМЖАНОВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН ТУРНИР ӨТТІ

54 қаралым

Ұстаз әрі жаттықтырушы Мұқаш Рахимжановтың есімін ұлықтап, жарқын жолын кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында Қарасай ауданында еркін күрестен II ашық республикалық турнир өтті. Жарысқа еліміздің әртүрлі өңірлерінен келген 2010–2012 жылы туған 300-ден астам жас балуан қатысты. Сонымен қатар бозкілем бәсекесіне Қырғыз республикасынан да спортшылар арнайы келді.

Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде әрбір спорттық жеңістің артында жас спортшыларға үлкен спортқа жол ашып, бағыт-бағдар беретін ұстаздар мен бапкерлердің ерен еңбегі жататыны атап өтілді.

Сондай жанның бірі – Мұқаш Рахимжанов. Ол Қазақстан Республикасының еркін күрестен спорт шебері, педагог әрі жаттықтырушы ретінде ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеуге және Қарасай ауданында күрес дәстүрін дамытуға арнаған. Оның шәкірттерінің көпшілігі үшін Мұқаш аға спорттағы алғашқы жолын айқындап берген тұлға болды. Бүгінде Мұқаш Рахимжановтың тәрбиесін көрген шәкірттері ұстазының жолын жалғастырып, өздері де еркін күрестен жаттықтырушы болып еңбек етуде. Олар жас буынға жинаған білімі мен тәжірибесін, қалыптасқан спорттық дәстүрлерді жеткізіп келеді.

«Мұқаш Садықұлы көптеген жылдар бойы Қарасай ауданына қарасты Райымбек ауылында педагогикалық және жаттықтырушылық қызмет атқарды. К.Әзірбаев атындағы мектепте физика, математика және дене шынықтыру пәндерінен сабақ берді. Ұстаздық қызметін жаттықтырушылық жұмыспен қатар алып жүріп, ауыл балаларының бойына спортқа деген сүйіспеншілікті сіңірді.

Мен Райымбек ауылында еркін күреспен айналыса бастаған кезде, ауылда спорт секциялары өте аз болатын. Тіпті еркін күрестен бір ғана секция жұмыс істейтін. Біздің алғашқы бапкеріміз Мұқаш аға болды. Сабақтан кейін жаттығуға асыға жүгіретінбіз. Өйткені бізді жай ғана жаттықтырушы емес, әр шәкіртінің жетістігіне шын жүректен алаңдайтын жан күтіп тұратын. Оның жүрегі кең, мейірімі мол еді. Ол бізге күрестің әдіс-тәсілдерін үйретіп қана қоймай, бойымызға адамгершілік қасиеттерді сіңіріп, өмірде де, спортта да табанды болуға тәрбиеледі», – деп еске алды марқұмның шәкірті, халықаралық дәрежедегі төреші, жарыстың бас төрешісі Қуаныш Ботабаев.

Екі күнге созылған жарыс барысында жас балуандар 45, 48, 51, 55, 60, 65, 71, 80, 92 және 110 келі салмақ дәрежелері бойынша өзара мықтыны анықтады.

Мұндай турнирлер өңірдің спорттық резервін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар республикалық деңгейдегі жарыстарға қатысу жас балуандарға күрестің түрлі мектептерімен танысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Әрбір белдесу спортшылардан жоғары дене дайындығын ғана емес, техникалық шеберлік пен тактикалық ойлауды да талап етті.

Жарыстың жарқын сәттерінің бірі – 51 келі салмақ дәрежесінде алтын медаль иеленген Алматы қаласының өкілі Нұрдәулет Бекбергеннің жеңісі болды.

«Бұл жарыста жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Белдесулер оңай болған жоқ. Мен өнер көрсеткен салмақ дәрежесінде қатысушылар саны әрдайым көп, әр қарсылас жеңіске жету үшін бар күшін салды. Сондықтан бұл алтын медаль мен үшін ерекше бағалы. Осындай турнирлер өз мүмкіндігіңді сынап, тәжірибе жинақтауға және шыңдала түсуге үлкен мүмкіндік береді, – деді Нұрдәулет.

Мұқаш Рахимжановты еске алуға арналған II республикалық турнирдің қорытындысы бойынша Алматы қаласының спортшылары бес салмақ дәрежесінде чемпион атанды. Атап айтқанда, 51 келіде – Нұрдәулет Бекберген, 60 келіде – Бекжан Канаев, 71 келіде – Нұрасыл Қазбай, 80 келіде – Шахмурат Абдықаим, 92 келіде – Мұратбек Аманалды топ жарды. Алматы облысының атынан сынға түскен балуандар арасынан 48 келіде Қарасай ауданының өкілі Эддин Шамоев, 110 келіде Қарасай ауданының өкілі Ердәулет Керімқұл чемпион атанды. Сондай-ақ Қырғыз республикасының спортшылары үш салмақ дәрежесінде жеңіс тұғырынан көрінді: олар  –  45 келіде Улукмырза Уланбеков, 55 келіде – Хамза Байызбеков, 65 келіде – Мирлан Нурмаматов.

«Алатау – Ақпарат»

↑