Перейти к содержимому
Басты бет / Әлеумет / АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ СПОРТШЫСЫ АЙБАР ҚАЙЫМ ЖАСӨСПІРІМДЕР ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ АТАНДЫ

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ СПОРТШЫСЫ АЙБАР ҚАЙЫМ ЖАСӨСПІРІМДЕР ОЛИМПИАДАСЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ АТАНДЫ

103 қаралым

Алматы облысының спортшысы Айбар Қайым Сенегалдың Дакар қаласында өтіп жатқан Жасөспірімдер Олимпиадасында күміс медаль жеңіп алды. Семсерлесуден сынға түскен қазақстандық спортшы халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғады.
Финалдық кездесуде Айбар Түркия өкілімен бақ сынады. Тартысты жекпе-жек нәтижесінде қазақстандық спортшы 2-орынға тұрақтап, күміс жүлдеге қол жеткізді.
Финалға дейін Айбар бірнеше тартысты кездесу өткізді. Ширек финалда болгариялық семсерлесуші Никола Мейцовты 15:10 есебімен жеңсе, жартылай финалда Сингапур өкілі Эштон Оуды 15:13 есебімен ұтты.
Жас спортшының бұған дейін де халықаралық жарыстарда жеткен жетістіктері аз емес. 2025 жылдың қыркүйегінде Үндістанда өткен кадеттер арасындағы Азия кубогының жеңімпазы атанды. Сол жылдың қараша айында Ташкентте өткен Әлем кубогы кезеңінде алтын медаль иеленсе, желтоқсан айында Германияда өткен Әлем кубогы кезеңінде де топ жарды. Сонымен қатар оның қоржынында 2025 жылы Кувейтте және 2026 жылы Индонезияның Джакарта қаласында өткен кадеттер арасындағы Азия чемпионаттарының қола медальдары бар.
Айбар семсерлесу спортымен бес жыл бұрын Жамбыл ауданында айналыса бастаған. Қазіргі таңда ол К. Ахметов атындағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің студенті.
Жаттықтырушысы Медет Ибрагимов шәкіртін тәртіпті, алдына мақсат қоя білетін және жаттығу үдерісіне жауапкершілікпен қарайтын спортшы ретінде бағалайды. Бапкердің айтуынша, семсерлесудегі басты қасиеттердің бірі — эмоцияны басқара білу, ең жауапты сәттерде сабыр сақтап, зейінді шоғырландыру.
Жасөспірімдер Олимпиадасында жеңіп алған күміс медаль Айбардың спорттық мансабындағы маңызды жетістіктердің бірі әрі Алматы облысы үшін зор мақтаныш.

↑