Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Алматы облысының спортшысы Олимпиада чемпионы атанды

Алматы облысының спортшысы Олимпиада чемпионы атанды

83 қаралым

Алматы облысының спортшысы Әнел Ташбай 2026 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы атанып, Сенегалдың Дакар қаласында өткен тас жолдағы велоспорт жарысында алтын медаль жеңіп алды.

8,5 шақырым қашықтықта өткен жекелей уақытқа жарысу сайысында қазақстандық велошабандоз 11 минут 32,57 секунд нәтижесін көрсетті. Әнел барлық қарсыласынан озып, ең жақын бәсекелесі – словакиялық Каролина Гайдуковадан бес секундтан астам уақытқа алда келді. Қола жүлдені Ресей спортшысы Ангелина Новолодская иеленді.

Бұл алтын медальдің артында – жылдар бойғы табанды еңбек, күнделікті жаттығу мен биік спорттық белестерді бағындыруға деген ұмтылыс жатыр. Әнел спорттағы жолын шамамен 12 жасында Талғар қаласындағы Андрей Кивилёв атындағы велоспорттан мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде бастаған. Бұған дейін волейбол, дзюдо және би үйірмелерінде өзін сынап көргенімен, оның нағыз сүйікті спорты велосипед жарысы болды.

2023 жылы жас велошабандоз республикалық деңгейде алғаш рет танылып, 13–14 жас аралығындағы қыздар арасында маунтинбайктан Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды.

2025 жылы Әнел Бахрейннің Манама қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында зор жетістікке жетіп, жекелей уақытқа жарысу және командалық жарыста екі алтын медаль жеңіп алды.

2026 жыл да спортшы үшін табысты болды. Сауд Арабиясында өткен тас жолдағы велоспорттан Азия чемпионатында жасөспірімдер арасында екі дүркін құрлық чемпионы атанып, сондай-ақ Қазақстан құрамасы сапында аралас эстафетада алтын медаль иеленді. Ал наурыз айында тректегі велоспорттан Азия чемпионатында тағы да алтын жүлделерді қанжығасына байлады.

Дакарда өткен жасөспірімдер Олимпиадасында Әнел топтық тас жол жарысында да жақсы нәтиже көрсетіп, жетінші орынға тұрақтады. Алайда басты жеңіс әлі алда еді – жекелей уақытқа жарысу сайысындағы Олимпиада алтыны!

Әнел Ташбайдың жеңісі Сенегалда өтіп жатқан жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан құрамасы қоржынына түскен екінші алтын медаль болды. Бұл – отандық велоспорттың жоғары әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеген жарқын жетістік.

Бүгінде Әнел Ташбайдың есімі халықаралық спорт аренасында кеңінен танылып келеді. Оның Олимпиададағы жеңісі – бүкіл Алматы облысы үшін зор мақтаныш. Талғардан шыққан жас спортшы табандылық, тынымсыз еңбек пен өз күшіне деген сенім адамды ең биік белестерге жетелейтінін дәлелдеді.

«Алатау – Ақпарат»

↑