Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Ауыл шаруашылығының әлеуеті – терең өңдеу мен тұрақты өндірісте

Ауыл шаруашылығының әлеуеті – терең өңдеу мен тұрақты өндірісте

78 қаралым

Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту, заманауи технологияларды енгізу және мал шаруашылығын өркендету жөніндегі тапсырмалары еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам деп санаймын.

Қазақстан үшін ауыл шаруашылығы – экономиканың ғана емес, ауылдық жерлердің әлеуметтік тұрақтылығы мен халықтың әл-ауқатын айқындайтын стратегиялық сала. Сондықтан егін мен мал шаруашылығында өндірілген өнімді шикізат күйінде сатумен шектелмей, оны ел ішінде өңдеп, дайын тауарға айналдырудың маңызы зор. Бұл отандық өндірістің дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және ауыл тұрғындарының тұрақты табыс табуына мүмкіндік береді.

Президент келтірген Қызылорда, Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының тәжірибесі аграрлық саланы дамытудың тиімді жолдарын көрсетеді. Әсіресе, тауарлы-сүт фермалары мен ет кластерлерін қалыптастыру өндіріс көлемін арттырып қана қоймай, өнімді сақтау, өңдеу және өткізу жүйесін жетілдіруге жол ашады.

Бұл бағыттағы жұмыстар шалғайдағы ауылдарға да нақты пайдасын тигізуі керек. Мәселен, Райымбек ауданының табиғи-климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, картоп, ет және сүт өнімдерін өңдеу, сақтау қоймаларын дамыту, жергілікті кәсіпкерлерді қолдау мәселелеріне басымдық берген жөн. Шаруалардың өнімін делдалсыз өткізуіне, заманауи техника мен қолжетімді қаржыға ие болуына жағдай жасау да маңызды.

Сонымен бірге су ресурстарын тиімді пайдалану, өндірісті технологиялық тұрғыдан жаңғырту және ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыру назардан тыс қалмауы тиіс. Мемлекеттік қолдау нақты нәтижеге бағытталып, іске асырылған жобалар ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға қызмет етуі қажет.

Меніңше, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың басты мақсаты – өнім өндіру көлемін ұлғайту ғана емес, сол өнімнен ел ішінде барынша мол экономикалық пайда алу. Өйткені ауыл шаруашылығы өркендесе, ауыл экономикасы нығаяды, еңбек адамының мәртебесі артады, ал өңірлердің даму мүмкіндігі кеңейеді.

Мағауия ОҚАНҰЛЫ,

Нарынқол ауылының тұрғыны, зейнеткер

Райымбек ауданы

↑