Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Ауыл шаруашылығының жаңа белесі – өнімді өңдеу мен өндірісті өркендету

Ауыл шаруашылығының жаңа белесі – өнімді өңдеу мен өндірісті өркендету

100 қаралым

Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамыту, заманауи өндіріс тәсілдерін енгізу және агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту жөніндегі тапсырмалары – еліміздің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бүгінде ауыл шаруашылығы тек шикізат өндірумен шектелмеуі керек. Оның басты мақсаты – дайын өнім шығару, қосылған құн қалыптастыру, ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс орындарын ашу және отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін күшейту.

Президент келтірген Қызылорда, Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының тәжірибесі – аграрлық саланы жаңа деңгейге көтерудің нақты мүмкіндіктерін көрсетеді. Әсіресе климаттық ерекшеліктерге қарамастан өндірісті жолға қою, суды үнемдейтін технологияларды пайдалану, сүт және ет кластерлерін қалыптастыру – өзге өңірлер үшін де үлгі боларлық бастамалар. Мұндай жобалар ауыл шаруашылығын ғылыммен, технологиямен және инвестициямен ұштастырудың маңызын айқындайды.

Бұл тұрғыда Райымбек ауданының да өзіндік мүмкіндіктері мол. Табиғи-климаттық ерекшелігі мен жер жағдайына сай қалыптасқан ауыл шаруашылығы аудандағы экономиканың негізгі тіректерінің бірі саналады. Әсіресе Нарынқол өңірінің картоп өсірудегі әлеуеті, мал шаруашылығының қалыптасқан дәстүрі және ауыл еңбеккерлерінің тәжірибесі – одан әрі дамытуға болатын маңызды артықшылықтар. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өндірілген өнімді тек бастапқы күйінде өткізумен шектелмей, оны өңдеу бағытындағы жобаларды қолға алу.

Мәселен, картопты сұрыптау, сақтау, қаптау, жартылай фабрикаттар мен өзге де дайын өнімдер өндіру ісін дамыту ауыл шаруашылығы өнімінің нарықтағы құнын арттырып қана қоймай, шаруалардың табысын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Сол сияқты мал шаруашылығы өнімдерін өңдеу, ет және сүт өнімдерін өндіретін шағын және орта кәсіпорындарды қолдау да аудан экономикасына серпін бере алады. Мұндай бастамалар жергілікті кәсіпкерлердің белсенділігін арттырып, жастардың туған жерінде еңбек етуіне жол ашады.

Алайда бұл жұмыстар жүйелі қолдауды, нақты жоспарды және мемлекет пен кәсіпкер арасындағы тиімді әріптестікті қажет етеді. Ауыл шаруашылығына заманауи технология енгізу, су ресурстарын ұтымды пайдалану, өнімді сақтау инфрақұрылымын жетілдіру, жеңілдетілген қаржыландыру тетіктерін кеңейту – саланың тұрақты дамуына негіз болатын бағыттар. Сонымен қатар кооперация мәдениетін қалыптастыру арқылы шағын шаруашылықтардың басын біріктіріп, ірі нарыққа шығуына мүмкіндік жасау маңызды.

Меніңше, ауылдың өркендеуі ең алдымен сол жерде өндірілетін өнімнің құны мен ауыл адамының еңбегінің бағалануынан көрінеді. Өндіріс дамыса – жұмыс орны көбейеді, кәсіпкерлік нығаяды, халықтың тұрмыс сапасы жақсарады. Сондықтан Мемлекет басшысы айқындаған агроөнеркәсіп саласын жаңғырту міндеттері әр өңірдің, соның ішінде Райымбек ауданының да ұзақ мерзімді даму бағдарымен үндесуі тиіс.

Ауыл шаруашылығын тек бүгінгі қажеттілікті қамтамасыз ететін сала емес, болашақтың қуатты өндірістік жүйесі ретінде қалыптастыруымыз қажет. Өйткені ауылдың әлеуеті – елдің әлеуеті, ал ауыл еңбеккерінің табысты еңбегі – ұлттық экономиканың берік тірегі.


Перизат ІЗТІЛЕУ,
«Хан тәңірі редакциясы» ЖШС директоры

↑