Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Азамат абыройы – елге сіңген еңбегінде!

Азамат абыройы – елге сіңген еңбегінде!

19 қаралым

Әр қоғамның дамуы оның белсенді азаматтарына байланысты. Ел үшін еңбек ету, жұртқа көмектесу, айналасына жақсылық жасау үлкен жүректілік пен жауапкершілікті, адамгершілікті талап етеді. Кейбір адамдар өз еңбегін, елге жасаған жақсылықтарын жария етпейді. Бірақ олардың жасаған игі істері қоғам өмірінде үлкен өзгеріс әкеледі. Ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген осындай азаматтың бірі Ержан Байболатов дер едік.

Қазіргі қоғамда мейірім­ділік, бір-біріне деген қайырымдылық азайып бара жатқандай көрінеді. Кеше ғана қызметке отырған жастардың ертесінде танымай, бастарын кекжитіп, мұрындарын шүйіріп шыға келетін әдет­теріне қарап, таң қаламыз. Маған, өз басыма адамның қызметі, атақ-беделі емес, олардың қарапайымдылығы, адамгершілігі, адамды адам ретінде, дос-жолдас ретінде қабылдайтыны ұнайды. Мен білетін Ержан Мекенбайұлы – сондай жан. Білікті, білімді, кез келген адаммен сөйлесіп, тіл табысып кететіні жақсы ортадан шыққанын көрсетіп тұрады. Адамгершілігі мол, парасатты, сөзі мен ісі үйлескен, жауапкершілігі жоғары азамат. Халықтың мұң-мұқтажын түсініп, ел мүддесін жоғары қоятын тұлға. Әділдікті ту еткен, ұстанымы берік азамат. Қарапайымдылық пен кішіпейілділікті қатты қадірлейтін мен үшін де, ел үшін де осы жігіттің сыйы бөлек. Үстіндегі аппақ көйлегіндей жүрегі де тап-таза жігіт. Халықпен етене араласып, әрбір азаматтың пікіріне құрметпен қарайды. Жоқ-жітікті тыңдай біледі, көмек қолын да аямайды. Елдің дамуына үлес қосуды азаматтық парызы санайды. Қайда қызмет істесе де, биліктен гөрі халық мүддесін бірінші кезекке қояды. Негізгі ұстанымы – ел сенімін ақтау, халықтың үнін есту, олардың мүмкіндігінше мүддесін қорғау және нақты мақсатқа бағытталған жұмыс жүргізу, ел игілігі жолында адал қызмет ету. Оның азаматтық болмысы, елге деген жанашырлығы, іскерлігі, адамгершілігі мені қатты таңқалдырып келеді.
Газ – қала тіршілігінің маңызды күретамыры. Әр шаңырақтың жылуы, әр отбасының жайлылығы осы саланың үздіксіз жұмысына байланысты. Осындай жауапкершілігі мол салада басшылық қызмет атқарып жүрген Ержан Мекенбайұлының кәсіби қызметі мен қоғамдық өмірге араласуы айтуға тұрарлық. Оның қарапайымдылығы, іскерлігі, ел мәселесіне бейжай қарамауы – нағыз ел сенім артқан азаматқа тән қасиет.
Адамның азаматтық болмысы оның атқарған қызметімен ғана емес, айналасына жасаған жақсылығымен, елге деген жанашырлығымен, халық алдындағы жауапкершілігімен өлшенеді. Қай ортада жүрсе де, қарапайым қалпынан айнымай, іскерлігімен танылып, көпшілікпен тіл табыса білетін жандар болады. Ержан Мекенбайұлы – осындай азаматтық қасиеттерімен сипатталатын тұлғалардың бірі.
Ержан Мекенбайұлы 2008 жылы Оңтүстік Қазақстан экономика және статистика колледжін «Экономист. Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша тәмамдады. 2012 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің «Экономика» бағытын «Бухгалтерлік есеп» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесімен аяқтады. Жиырма жыл құрылыс саласында басшылық қызметтер атқарды. 2024 жылдан бастап «Қапшағай өңірлік газ желілері» ЖШС бас директорының орынбасары қызметін атқарып келеді.
Қонаев қаласында газ саласына жетекшілік ету – үлкен жауапкершілік жүктейтін қызмет. Басшылық қызметтегі басты тәжірибесі ұжымды бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарардай ортақ мақсатқа жұмылдырып, әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге бағыттап келеді. Өйткені газ – қала тіршілігінің күретамыры, әр шаңырақтың жылуы мен жайлылығының кепілі. Бұл салада басшылық жасау тек ұйымдастырушылық қабілетті ғана емес, табандылықты, талапшылдықты, ел алдындағы жауапкершілікті де қажет етеді.

Шаңырақтың шырағы

Газсыз күн жоқ, шаңырақтың шырағы,
Отбасында от бірінші тұрады.
Ешқашанда ошағымыз өшпесін,
Қаламыздың таусылмасын бұлағы.

Әрбір үйге шуақ болып кіреді,
Әр шаңыраққа не керегін біледі.
Оты да осы, жылуы да газбенен,
Адамдармен бірге өмір сүреді.

Көше бойы ұзын сары «тұрбалар»,
Сол «тұрбамен» жылжып аққан жылғалар.
Сарқылмасын,
Лаулап тұрса отымыз,
Сәбилердің пәк жанары нұрланар!

Әр пәтерге жылу болып кіреді,
Қиналмай ел оңай өмір сүреді.
Көмір, тезек, күл-қоқысын қоқсытпай,
Жылу сыйлап үйіңізде жүреді.
Газсыз өмір өмір емес бүгінде,
Газ дегенің – адамдардың жүрегі!

Ержан Мекенбайұлының бойындағы іскерлік пен қарапайымдылықтың қатар жүруі, адамдармен ортақ тіл табыса білуі, ел ішіндегі мәселелерге бейжай қарамауы – оның азаматтық қырын танытатын қасиеттер. Қонаев қалалық мәслихат депутаттығына ұсынылуы да оның қызметі мен қоғамдық жауапкершілігіне байланысты болып отыр. Депутаттық қызмет – атақ немесе мәртебе ғана емес, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, қала өміріндегі өзекті мәселелерді талқылауға қатысатын үлкен қоғамдық міндет.
Қонаев қаласының өркендеуі, тұрғындардың тұрмыс сапасы, инфрақұрылымның дамуы, халыққа қолайлы орта қалыптастыру – шаһар өміріндегі маңызды тақырыптар. Осындай мәселелерді ашық талқылау, тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлеріне құлақ асу – жергілікті өкілді орган жұмысының мәні. Азаматтың қадірі – лауазымында емес, елге деген ықыласында. Ал елдің сенімі нақты іспен, ашық қарым-қатынаспен және жауапкершілікпен қалыптасады. Оның кәсіби қызметі мен қоғамдық жолы алдағы уақытта да Қонаев қаласының тыныс-тіршілігі аясында бағамдалатын болады. Ержан Мекенбайұлының ел игілігі жолындағы еңбегі жана берсін!
Газдың сары құбырларын көрсем, өткен өмірім, бала кездерім, арқасына қап салып арқалап, отын әкелетін анам, жалпы сол кездегі ауыл әйелдері көз алдыма келе қалады. Газ жағып, шалқып отырған біздің кезімізге неге олар жете алмады екен деп ойлайсың. «Шаңырақтың шырағы» деген өлеңімді де сол үшін жазған шығармын?!

Алтыншаш ЖАҚИЯНОВА,
жазушы,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты
Қонаев қаласы

↑