Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Баланың саулығы – ұлт болашағының кепілі

Баланың саулығы – ұлт болашағының кепілі

122 қаралым

Мемлекет басшысының балалар денсаулығын сақтау инфрақұрылымын дамыту, заманауи перинаталды орталықтар мен көпбейінді балалар ауруханаларын салу жөніндегі бастамасы – болашақ ұрпақтың саулығына бағытталған маңызды қадам. Өйткені дені сау ұрпақ тәрбиелеу – отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.

Балабақша тәрбиешісі ретінде баланың өсіп-жетілуінде денсаулықтың орны ерекше екенін күнделікті жұмыс барысында жақсы түсінемін. Әрбір баланың дені сау, қауіпсіз ортада өсіп, сапалы медициналық көмек алуына мүмкіндік болуы қажет. Әсіресе, сәбидің дүниеге келген алғашқы кезеңінен бастап денсаулығын бақылау, ана мен балаға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру аса маңызды.

Елімізде халық санының өсуі балаларға арналған әлеуметтік және медициналық инфрақұрылымды қатар дамытуды талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа перинаталды орталықтар мен балалар ауруханаларының салынуы – уақыт талабына сай шешім. Бұл медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, ата-аналардың алаңдаушылығын азайтуға және балалар денсаулығын қорғау жүйесін нығайтуға ықпал етеді.

Сонымен қатар баланың денсаулығы тек медициналық мекемелердің жұмысымен шектелмейді. Оның дұрыс тамақтануы, дене белсенділігі, тазалық дағдыларын қалыптастыруы, психологиялық жайлылығы мен қауіпсіз ортада тәрбиеленуі де маңызды. Сондықтан отбасы, балабақша және медицина қызметкерлері арасындағы өзара байланыс әрдайым берік болуы керек.

Меніңше, балаларға жасалған жағдай – елдің ертеңіне жасалған инвестиция. Әрбір бала дені сау, бақытты балалық шақ кешіп, жан-жақты дамуына мүмкіндік алса, бұл – мемлекетіміздің ең үлкен жетістіктерінің бірі. Себебі бүгінгі бүлдіршіндер – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азаматтар.

Шынар ЖҰМАДІЛОВА,
«Қызғалдақ» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі

Райымбек ауданы

↑