Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Балқаштағы балуандар бәсекесі

Балқаштағы балуандар бәсекесі

42 қаралым

Балқаш аудандық дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінде 2011-2012 жылдары туған жасөспірімдер арасында Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, ұлағатты ұстаз Алтынбай Бейсебековті еске алуға арналған қазақ күресінен республикалық турнир өтті. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан дода биыл да жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Жарысқа Алматы, Абай, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда және Түркістан облыстарынан, сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалаларынан спортшылар қатысты. Жеңіс тұғырынан көрінуді мақсат еткен балуандар он салмақ дәрежесі бойынша бақ сынап, өзара мықтыны анықтады.

Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Азат Құтпанбетов осындай тағылымды турнирдің жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқанының маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар ол ел басына күн туған қиын кезеңде Отан қорғап, кейінгі ғұмырын білім беру саласына арнаған Алтынбай Бейсебековтің өмір жолы мен өнегелі еңбегіне тоқталып, ұлағатты ұстаздың ұрпақ тәрбиелеу ісіне қосқан үлесін ерекше атап өтті.

Келесі кезекте сөз алған облыстық бұқаралық спорт клубының басшысы Қайыржан Бейсембетов турнирге демеушілік танытқан азаматтарға ризашылығын білдірді. Әсіресе, спортты дамытуға, жас балуандардың шеберлігін шыңдауға тұрақты түрде қолдау көрсетіп келе жатқан меценат Мұратбек Бейсебековтің еңбегін ерекшелеп айтты.

Ардагер-ұстаздың ұлы Әскербек Алтынбайұлы әкесінің  өнегелі өмір жолын кейінгі ұрпаққа насихаттауға бағытталған игі бастаманың жалғасын тауып келе жатқанына ризашылығын жеткізді. Сонымен қатар жас спортшыларға ақ тілегін арнап, әрқайсысына жеңіс тұғырынан көрінуді тіледі. Ал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сқабаев жас балуандарға ақ батасын берді.

Салтанатты ашылу рәсімінен кейін балуандар бозкілемге шығып, өзара мықтыны анықтауға кірісті. Әрбір белдесуде жеңіске деген жігер мен намыс қатар өріліп, жас спортшылардың дайындығы мен шеберлігі айқын аңғарылды.

Тартысты өткен жарыс қорытындысы бойынша Алматы облысының намысын қорғаған Ерсұлтан Нұрбайұлы, Алдияр Егінбай, Самир Айсаров, Дарын Есімханұлы және Айбар Мейрамбай өз салмақ дәрежесінде қарсыластарынан басым түсіп, жеңімпаз атанды. Аудан намысын қорғаған жас балуандар да осалдық танытқан жоқ. Әсіресе, Ақдала ауылының тумасы, Б.Бейсебаев атындағы мектеп гимназиясының мақтанышы Темірлан Темірғалиұлы 75 келі салмақ дәрежесінде ақтық сынға дейін жетіп, күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал М.Сеңгірбаев атындағы орта мектебінің балуаны Тимур Ливитский осы салмақ дәрежесінде жүлделі ІІІ орынды иеленді. Жерлестеріміздің осындай республикалық деңгейдегі жарыста жүлдегерлер қатарынан көрінуі – аудан спорты үшін зор жетістік. Турнирдің жабылу салтанатында құрметті қонақтар жеңімпаздар мен жүлдегерлерді арнайы құттықтап, оларға ұйымдастырушылар тарапынан әзірленген бағалы сыйлықтарды табыстады. Сондай-ақ спортшылар медаль және грамоталармен марапатталды.

Ұлағатты ұстаздың есімін ұлықтап, оның жарқын бейнесін жас ұрпақтың жадында жаңғыртатын осындай игі бастамалар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Ал бозкілемде белдесіп, жеңіске деген жігерін танытқан жас балуандардың бүгінгі талпынысы – ертеңгі үлкен спорттағы жетістіктердің бастауы.

Бақтығали ДӘУІТБАЙ 

Балқаш ауданы

↑