Перейти к содержимому

Денсаулық сақтау ісі дамиды

100 қаралым

         Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында еліміз дамуының басым бағыттарын белгілеп берді. Президент денсаулық сақтауға қатысты да бірқатар тапсырма берді. Медицина саласын дамыту мақсатында айқындалған міндеттердің маңызы өте үлкен.

         Жолдауда айтылған сала мамандарының жалақысын өсіру мен әлеуметтік қолдау шаралары біздің Жамбыл ауданында зор қолдауға ие болды. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек және учаскелік қызмет мамандарының жалақысы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40%-ға дейін көтеріледі. Мұндай шешім медицина мамандарын ауылдық жерде тұрақты түрде ұстап қалуға, кадр тапшылығын азайтуға үлкен септігін тигізеді. Президент өз сөзінде алғашқы медициналық-санитариялық көмек пен аурудың алдын алуға тоқталды. Алғашқы көмек жүйесін жаңғырту, жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттігін кеңейту және ауруды асқындырмай, ерте диагностикалау мен профилактикалық тексерулерді күшейтуге басымдық берілді.

         Шыныменен, халықтың денсаулығын сақтау тек ауырғанда емдеуден емес, скрининг пен алдын алу шараларынан басталуы тиіс. Жолдауда сондай-ақ инфрақұрылым мен жаңа нысандар бойынша нақты тапсырмалар берілді. Алғашқы кезеңде еліміздің өңірлерінде 70-ке жуық жаңа денсаулық сақтау нысаны, оның ішінде перинаталдық орталықтар мен көпбейінді балалар ауруханалары салынады. Бұл шаралар шалғайдағы ауыл тұрғындарының сапалы медицинаға қол жеткізуін одан ары жақсартады.

         Жамбыл ауданында денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытында өткен жылдан бері біраз жұмыс жасалды. Қазір ауданда 62 медициналық нысан тұрғындарға қызмет көрсетеді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында дәрігерлік амбулатория, фельдшерлің қосын сияқты 16 медициналық нысанның құрылысы жүргізіліп, оның 15-і пайдалануға берілді. Сонымен қатар Ұзынағаш ауылындағы аудандық емханаға күрделі жөндеу жүргізілді. Енді денсаулық сақтау саласын дамыту ісі жаңа қарқынмен жалғаспақ. Нәтижесінде шалғай ауылдардағы медициналық инфрақұрылым жақсарып, алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігі арта түседі. Мұның өзі тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Асқар ҚАЛИЕВ,

Жамбыл аудандық Орталық ауруханасының директоры

↑