Перейти к содержимому
Басты бет / Ауыл шаруашылығы / Ермек ЖАКЕЕВ: Алма мен жүгерінің мекені – Еңбекшіқазақ ауданы

Ермек ЖАКЕЕВ: Алма мен жүгерінің мекені – Еңбекшіқазақ ауданы

78 қаралым

Береке мен молшылық мезгілі күз – шаруалардың бір жыл бойғы маңдай тері ақталып, қамба астыққа толатын, дала еңбегінің нәтижесі таразыланатын шақ. Биылғы күзгі жиын-терім науқаны Еңбекшіқазақ ауданында қалай қорытындыланғанын әрі аудандағы ауыл шаруашылығы жайын жан-жақты білу үшін Еңбекшіқазақ ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ермек Жакеевпен сұхбаттасқан едік.

– Еңбекшіқазақ ауданы – өте үлкен аудан. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында алар орны ерекше. Олай дейтінім, егістік көлемі облыс бойынша – 233 мың га болса, оның 80 мың гектары Еңбекшіқазақ ауданының үлесінде, бұл жалпы облыстық көрсеткіштің 30 пайызы. Осы 80 мың га егістік жерде дәнді дақылдар, майлы дақылдар, көкөніс, мал азығы, жеміс-жидек барлығы өседі. Тек қант қызылшасы, күріш, мақта мен темекі өсірмейміз, басқасының бәрін табасыз. Ауданымызда дәнді дақылдардың ішіндегі ең негізгісі – жүгері. Алматы облысында 48-50 мың га жерге жүгері себілсе, оның 33 мың гектары, яғни 70 пайызы Еңбекшіқазақ ауданында өседі.

– Бір жылдары шаруалар жүгеріні өткізетін жер таппай, ала жаздай жүгірген еңбектері зая кетіп, қиналып еді. Қазір ондай мәселе жоқ па? Шаруалар жүгеріні қайда өткізеді?

– Иә, ол кезде жүгерінің нарықтық бағасы төмен болды. Ал соңғы үш жылда бұл баға біршама көтерілді. Соған сай соңғы екі-үш жылдан бері ауданда себетін жүгерінің көлемі де артып келеді. Ал жүгеріні өткізуге келер болсақ, шаруалар бұрын өнімін 200 шақырым қашықта орналасқан Панфилов ауданындағы «Жаркент крахмал-сірне» зауыты мен 160-170 шақырымда жатқан Қарасай ауданындағы «АзияАгроФуд» АҚ сынды екі-ақ мекемеге өткізетін. Кейін осы компания Балтабай ауылында «Балтабай Дән» деген атаумен филиалын ашып, онда да жүгері қабылдай бастады. Сонымен қатар биыл Масақ ауылдық округінде «QazEcoDan» деген үлкен зауыт жұмысын бастады. Олар жылына 30-40 мың тонна жүгері қабылдауға қауқарлы. Бұл шаруалар үшін өте тиімді болып отыр. Өйткені өнімді бұрынғыдай алысқа апармайды, тиісінше, тасымал шығындары әлдеқайда аз шығады. Сонымен қатар биыл Тескенсу ауылдық округінде «Qazaq Global Food JV» деген үлкен жеміс консерві зауыты ашылды. Ол – алма мен көкөністі қайта өңдейтін зауыт. Яғни шаруа қожалықтары қай дақылды, қай жеміс пен көкөністі баптап өсірсе де, ертеңгі күні оны өткізетін орын бар. Шаруалардың есіл еңбегі далаға кетпейді. Осы аталған «QazEcoDan» мен «Qazaq Global Food JV» екеуіне де басынан бастап бағдар беріп, біздің ауданымызға не керек екенін түсіндіре отырып, бүгінгі күнге дейін жетелеп әкелдік. Бұл жобалар ауданға инвестиция салып отыр, қаншама жұмыс орнын ашып отыр және ең бастысы – шаруаларымыздың өнімін қабылдап отыр.

«Qazaq Global Food JV»-дан бөлек, бізде бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан Есік консерв зауыты, «ГолдПродукт», «Винзавод «ISSYK», «Дионис» зауыттары екінші-үшінші сорт алмасын, яғни жерге түскен, соғылған алманы қабылдайды. Демек, ауданымызда шаруалар өнімдерін өткізетін орындар бар. Осыдан 5-6 жыл бұрын шаруаларымыз жүгерісін өткізе алмай, жоғарыда айтқан екі мекеменің соңында жүгіріп жүруші еді. Ал қазір олар шаруаларға «Өніміңді бізге өткіз» деп жалынады. Бүгінде Жамбыл облысында  жүгері қабылдайтын тағы бір зауыт ашылды. Шаруаларымыз ол жаққа да биыл біраз өнімін өткізді.

– Жүгеріден бөлек, Еңбекшіқазақ ауданы алма өсіруден алдыңғы орында.

– Иә, Алматы облысы бойынша 6 мың гектардай алма бағы болса, оның 4 мыңдайы осы ауданда. Мұнда жыл сайын жиналатын алманың көлемі 50 мың тоннаға жетіп отыр. Бұл – бір жылда бүкіл Қазақстанда жиналатын алманың төрттен бір бөлігі. Елімізде жылына 210 мыңдай тонна алма өсіріледі. Жалпы, республика бойынша алма бақтары Жетісу, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында болса, Алматы облысының ішінде Еңбекшіқазақ ауданы алғашқы орында. Жалпы, ауданымыздың географиялық орналасуы, климаты алма өсіруге өте қолайлы. Есік өңірінде –  Бәйдібек би, Қаракемер, Түрген, Көктөбе, Бөлек, Рахат ауылдық округтерінде алма бақтары көп. Ал Шелек өңірінде Асы, Қорам, Қаратұрық, Тескенсу, Қазақстан ауылдық округтерінде жаңа интенсивті технологиямен отырғызылған бақтар бар. Ауданда барлығы 4000 гектардай алма бақтары болса, оның 2400 гектары – интенсивті технологиямен отырғызылған. Қарапайым баққа алма көшетін отырғызған соң өнім алу үшін 6-8 жыл күту керек. Ал интенсивті технологиямен отырғызылған бақ үшінші жылы-ақ толық өнім береді. Сондай-ақ қарапайым бақта 1 га жерге 800 түп, ал интенсивті технологиялы баққа сол жер теліміне 3500 түп ағаш отырғызады, тиісінше өнім де әлдеқайда көп болады.

– Өнімнің көлемі артып жатқаны қуантады, ал ауданда оны сақтайтын қоймалар бар ма?

– Ауданда  жеміс сақтайтын үлкен 23 қойма бар. Олардың барлығы дерлік заманауи технологиямен жабдықталған, яғни газды ортаны реттеу арқылы сақтау технологиясы орнатылған. Бұл әдіс бойынша алма 100 пайыз герметикалық, ауа өткізбейтін арнайы камераларға орналастырылады. Алдымен камераның ішіндегі оттегіні сорып алады да, орнына көмірқышқыл газын жібереді. Оттегінің мөлшерін азайту арқылы жемістердің пісіп-жетілу үдерісін баяулатып, бактериялар мен басқа да микроағзалардың дамуына қолайсыз орта қалыптасады. Нәтижесінде алманы балғын күйінде ұзақ сақтауға болады.

– Тіршілік нәрі – су. Суармалы судың жағдайы қандай?

– Биыл жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі былтырғыдан 15-20 пайызға артты. Оның негізгі себебінің бірі – табиғаттың сыйы – су мол болды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру бірнеше факторға байланысты. Айталық, себетін тұқым сапалы болуы керек, топырақтың құнарлығын арттыратын минералды тыңайтқыш қажет дегендей. Одан басқа да факторлар бар, бірақ ең маңыздысы – суармалы су. Өнім алу үшін суаратын су болмаса, жерге алтын дән егілсе де, одан қайран жоқ. Ауданда ауыл шаруашылығы тауарларын өндіретін 10 мыңға жуық өндіруші бар. Осынау шаруа қожалықтарын төрт мекеме суармалы сумен қамтиды. Біріншісі – 1983 жылы іске қосылған, бүгінде аудандағы егістік көлемінің 85 пайызына су беріп отырған Үлкен Алматы каналы. Оның су көзі – Бартоғай су қоймасы. Қойма қыста су жинақтау режимінде болады. Көктемге дейін онда 300 млн текше метр су жиналады. Екінші мекеме – Түрген ауылдық округінде орналасқан «Қараш» ЖШС. Ол маңайындағы Бәйдібек би, Ақши, Қаракемер, Түрген, Көктөбе сынды бес округке суармалы су жібереді. Үшінші мекеме – Есік қаласының жоғары жағындағы «ГидроСервис» ЖШС. Ол Көктөбе, Рахат, Бөлек ауылдық округтері, Есік қаласы мен қаланың және Бөлек ауылдық округінің төменгі жағындағы саяжайларды сумен қамтып отыр. Төртінші мекеме – Талғар ауданында орналасқан Талғар өндірістік учаскесі. Бәйтерек, Ават, Жаңашар ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтары суды сол жерден алады.

Ауданда жері тастақ, яғни суды көп ішетін Масақ, Сөгеті, Малыбай, Бартоғай, Шелек, Асы сынды 6 ауылдық округ бар. Ол жақта егістікке жеткенше судың жартысынан көбі жерге сіңіп, жоқ болады. Сондықтан 2022 жылы 675 км суармалы су жүйесін тартуға жобалық-сметалық құжат жасалды. Жұмыс 2 кезеңмен жүргізілмек. 2027 жылдың басында бірінші кезең, 375 шақырымға бетоннан су арнасын тарту жұмыстары қолға алынады.

Сондай-ақ соңғы 2-3 жылдың ішінде су үнемдеу технологиясы жақсы қарқын алды. Себебі үкімет тарапынан су үнемдеу технологиясын енгізуге 80 пайызға дейін субсидия төлейтін болды. Биылдың өзінде 6400 га жерге су үнемдеу технологиясы енгізіліп, аудандағы бұл көрсеткіш 21 мың гектарға жетті. Ауданда жалпы егістік жер көлемі – 80 мың га болса, оның 26 пайызы осы әдіспен суарылып жатыр. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғаса бермек.

– Бұл – мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаудың бір түрі. Шаруалар тағы қандай қолдауға ие бола алады?

– Жалпы, үкімет тарапынан ауыл шаруашылығына көптеген қолдау көрсетіліп келеді. Мысалы, көктемгі дала жұмыстарына көп көмегін тигізетін «Кең дала» бағдарламасы шеңберінде шаруаларға 5 пайызбен несие беріледі. Биыл көктемгі дала жұмыстарына осы бағдарламамен біздің шаруа қожалықтарымыз 2 млрд. теңге шамасында қаражат алды. Бұдан бөлек, үйде отырып-ақ, gosagra.kz порталымен  субсидияға өтінім беруге болады. Тұқым, минералды тыңайтқыш алсаңыз, үкімет 50 пайызға дейін, ал Қазақстанда жинақталған ауыл шаруашылығы техникасы бағасының 30 пайыз қаражатын қайтарып береді. Сондай-ақ техниканы лизингке де алуға болады.

– Аудандағы шаруашылықтардың техникамен қамтылу деңгейі қандай?

– Ауыл шаруашылығы техникасы паркінің жаңаруы жағынан облыста ең жоғарғы көрсеткіш Еңбекшіқазақ ауданында. Ескірген техника үлесі 28-30 пайыздан аспайды. Биылғы 9 айда шаруаларымыз жалпы құны 1 млрд 800 мың теңгеге 110 жаңа техника сатып алды. Оның ішінде лизингке алынғаны да, жеке қаражатына алынғаны да бар.

– Жақында Президент Жолдауында ауыл шаруашылығына жасанды интеллект пен заманауи технологияларды енгізу мәселесіне де басымдық берді. Бұл жұмыс ауданда қалай іске асып жатыр?

– Заманауи технологиялар қазір барлық салада, оның ішінде ауыл шаруашылығында да кеңінен қолданылып келеді. Бұрын егіс алқаптарындағы жұмыстың барлығы адамның қолымен жасалса, қазір оның басым бөлігін озық технология атқарады. Мысалы, «Айдарбаев» шаруа қожалығы өндірістік кешенінде қызанақтың дәнін себу, көшетті отырғызу, суару жүйесі, өнімді жинауға дейін – барлық жұмысты заманауи комбайндар жасайды. Оператор тек қандай қызанақты жинау керектігін, түсін, көлемін жүйеге енгізеді. Қалған жұмысты техника тәмамдайды. Жалпы, қазіргі комбайндардың барлығы заманауи, шабылған егіс алқабының шаршы метріне дейін көрсетіп, оның орташа өнімділігі, алынған жүгерінің тоннасы – бәрін көрсетіп береді.

– Ауданда мал шаруашылығына қысқаша тоқталып өтсеңіз.

– Ауданда 13 сүт-тауарлы ферма бар. Оның ішіндегі біреуінде – «Адал» АҚ-да сүт өнімдерін өндіреді. Мұнда тек сауын сиырларының өзі – 1000 бас. Осыған қарамастан, ол аудандағы өзге сүт фермаларынан сүт қабылдайды. Еңбекшіқазақ ауданында жылына 78-80 мың тонна сүт және 32-33 мың тонна ет өндіріледі. Соңғы жылдары ауданда мал бордақылау алаңдары көптеп ашылып жатыр. Олардың ішіде тоғызының көлемі өте үлкен. Мысалы, ең ірісі – «АгроБалтабай» ШҚ-да 6500 бұқа бордақылайды. «QazEcoDan» инвест жобасы туралы айттым. Ол 3 кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде қазір жүгері қабылдап жатыр. Келешекте жүгерімен қатар, майбұршақ пен жоңышқаны да қабылдап, олардан түйіршіктелген мал азығын жасауды қолға алмақшы. Осынау мал азығын шаруаларға арзан бағамен сатып, ауданда мал бордақылау ісінің қарқын алуына септігін тигізбек. Оның себебі инвестор үшінші кезеңде ет өнімдерін шығаратын зауыт ашпақшы. Бұл өте ауқымды, әрі ауыл шаруашылығы саласын жан-жақты қамтитын жоба болып отыр.

– Соңғы жылдары ауданда балық шаруашылығы да қарқын алып келеді.

– Алматы облысында балық өнімін ең көп беретін – Еңбекшіқазақ ауданы, Балқаш екінші орында. Қазіргі таңда ауданда ресми тіркелген 13 балық шаруашылығы бар. Олардың жобалық қуаты – 7 мың тонна. Кейбірі жұмысын жаңа бастап жатыр. Қазіргі өнім жылына 2,6-3 мың тонна болып отыр. Алдыңғы жылы Түрген өзенінің бассейнінде аудандағы ең үлкен балық шаруашылығы ашылды. Оның жобалық қуаты – жылына 3 мың тонна, бірақ әзірге толық қуатқа шыққан жоқ. Сондай-ақ Бартоғай су қоймасында ауқымды балық шаруашылығы бар.

Сөзімді түйіндер болсам, мемлекеттің қолдауы мен даму бағытының арқасында соңғы 3 жылда ауданда жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 100 млрд теңгеден 200 млрд теңгеге дейін өсті. Биыл бұл көрсеткішті 200-205 млрд теңге шамасына жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Ауыл шаруашылығының дамуы – азық-түлік қауіпсіздігінің түп негізі, әрі халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына оң әсерін тигізетін көрсеткіш. Сондықтан бұл саланың тек алға жылжуына әрдайым күш-жігерімізді салуымыз керек.

Сұхбаттасқан – Құралай МҰРАТҚЫЗЫ

Еңбекшіқазақ ауданы

↑