Перейти к содержимому

Есік жазуы – әлем назарында!

25 қаралым

Қазақстан археология­сының алға басуына өзіндік үлесін қосып, жыл сайын ұйымдастырылатын әрі бүгінде маңызды ғылыми алаңға айналған «Есік оқуларының» орны ерекше.

Аталған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция биыл жетінші мәрте ұйымдастырылып, «Алтын адам мұрасын зерттеу және сақтаудың өзекті мәселелері: археология, археогенетика, музейлендіру және тарихи-мәдени интерпретация» тақырыбын жан-жақты қарастырды. Конференцияны «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті және Қытай Халық Республикасының Шэньси провинциясы археологиялық зерттеу институты бірлесіп өткізді. Басқосуға Қазақстаннан бөлек, Қытай, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркия, Италия және басқа да елдердің зерттеушілері мен ғалымдары жиналып, саладағы жаңалықтарды ортаға салды. Конференция барысында Еуразия кеңістігіндегі археологиялық зерттеулердің жетістіктері, Есік жазуының тарихы мен көне жазба мәдениетіміз, сондай-ақ Алтын адамның шетелдерде зерттелуі мен тарихи мұраны халықаралық деңгейде таныту мәселелері талқыланды.


Іс-шара «Қазақстан – Қытай: архео­логиялық мұраны сақтау жолын­дағы ынтымақтастық» атты көрменің ашылуымен басталды. 2025-2026 жылдары «Есік» музей-қорығы мен Шэньси провинциясы археологиялық зерттеу институтының ынтымақтастығы нәтижесінде қайта қалпына келтірілген жәдігерлер экспозицияға қойылып, жиналған көпшілікке таныстырылды.
Конференцияның алғысөзінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақовтың құттықтау лебізін «Есік» музей-қорығының директоры Әзімхан Қойлыбаев қатысушыларға жеткізді.
Құттықтауында Қанат Жұмабайұлы Алтын адам феноменін, Есік жазуын және көшпенділер мәдениетін кешенді зерделеудің маңызына тоқталып, екі ел мамандарының бірлескен еңбегінің нәтижелеріне жоғары баға берген. Бұдан кейін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Мақсат Жақау университеттің басқарма төрағасы – ректоры Болат Тілептің құттық­тауын оқыды.


Конференцияның пленарлық отыры­сына Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Италия ғалымдарымен қатар, отандық зерттеушілер де баяндама жасап, Есік жазуының шығу тегі мен ғылыми маңызы, ежелгі түркі жазба ескерткіштері және сақ дәуірінің археологиялық құндылықтары жөніндегі зерттеулерін ортаға салды.
Әзербайжандық ғалым Фирудин Джалилов Есік жазуының тіліне тоқталса, зерттеуші Дин Янь Қытай жазба деректеріндегі Үйсіндер туралы мәлімет­терге қатысты зерттеулерін таныс­тырды. Түркістандық ғалым Бекжан Орынбай Есік жазуының тарихи және картографиялық маңызы жөніндегі ғылыми пайымдарын ұсынды. Белгілі реставратор Қырым Алтынбеков «Алтын адам» бейнесін қайта жаңғырту жұмыс­тарының ерекшеліктері мен оның қазіргі қоғамдағы мәдени ықпалы туралы баяндады. Ал А.Мектептегінің қорытынды баяндамасында Сақ қорғандарының тоналу себептері мен Есік жазуының оқылу мәселелері қарастырылды.
Конференция қорытындысына сай қатысушылар арнайы қарар қабылдады. Қабылданған ұсынымдарды іске асыру археология ғылымын дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, мәдени мұраны зерттеу мен сақтаудың заманауи әдістерін енгізуге ықпал ететініне сенім білдірілді.

Бет қатталып жатқанда: Қазақстан ұсынған қос бірдей мұрамыз – Есік қорғанынан табылған күміс тостағандағы түркі руна жазуы және Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің баспа басылымдары жинағы ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасының Азия-Тынық мұхиты өңірлік тізіліміне енгізілгені туралы жағымды жаңалық келіп жетті. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Ұлттық мұрамыздың әлемдік деңгейде мойындалуы – тарихи жетістік!

Құралай Мұратқызы

↑