Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / «Кітап оқитын ұлт» марафоны аясында дөңгелек үстел өтті

«Кітап оқитын ұлт» марафоны аясында дөңгелек үстел өтті

62 қаралым

Алатау қаласында «Кітап оқитын ұлт» кітап оқу марафоны аясында «Кітап оқу мәдениеті – оқу мен дамудың қадірін өшірмейді» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Тағылымды шараны Алатау қаласы Мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Бибігүл Кенжеханқызы Шайкенова Мәдениет үйі мен кітапхана ұжымдарымен бірлесіп өткізді.
Кездесудің негізгі мақсаты – қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, көркем әдебиетке деген қызығушылықты арттыру, оқырмандық құндылықтарды дәріптеу және рухани бай ұрпақ тәрбиелеудің маңыздылығын насихаттау.
Дөңгелек үстел барысында «Кітап оқитын ұлт» марафонының қоғам өміріндегі орны мен маңызы кеңінен сөз болды. Қатысушылар кітап оқудың адамның ой-өрісін кеңейтіп, сөздік қорын молайтатынын, дүниетанымын қалыптастырып, рухани дамуына жол ашатынын атап өтті.
Шара барысында әр қызметкер марафон аясында оқыған кітаптарының мазмұнымен бөлісіп, шығармалардан алған әсерлері мен түйген ойларын ортаға салды. Атап айтқанда, қазақ әдебиетінің көрнекті туындылары – Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа», Мұхтар Әуезовтің «Көксерек», «Абай жолы», Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» шығармалары және басқа да тағылымды кітаптар төңірегінде пікір алмасты. Қатысушылар кейіпкерлердің болмысын, шығармалардың тәрбиелік мәнін талқылап, кітаптан алған рухани әсерлерімен бөлісті.
Өз кезегінде Бибігүл Кенжеханқызы да «Кітап оқитын ұлт» марафонының маңыздылығына тоқталып, өзінің жүрекжарды пікірін білдірді.
«Бұл марафон мен үшін де ерекше әсерге толы. Кітап оқу арқылы балалық шағыма саяхат жасап, бұрын оқыған шығармаларымды қайта еске түсірдім. Әсіресе, Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» шығармасы балалық шақтың балғын сәттерін, сол кезеңдегі арман-мақсаттар мен бала мінезін көз алдыма әкелді.

Кітап – адам өмірінің ажырамас бөлігі. Ол бізге тек білім беріп қана қоймай, ойлануға, ізденуге, өмірді терең түсінуге үйретеді. Біз біліміміз бен ізденісіміздің арқасында үлкен белестерді бағындыра аламыз. Халқымызда «Білімді мыңды жығар, білімсіз бірді жығар» деген дана сөз бар. Сондықтан кітап оқу – әр адамның өмірлік дағдысына айналуы тиіс», – деп атап өтті Бибігүл Кенжеханқызы.
Сонымен қатар, ол кітап оқуды тек жеке адамның дамуы емес, тұтас ұлттың рухани кемелденуіне ықпал ететін маңызды құндылық ретінде бағалау қажеттігін жеткізді.
Шара соңында қатысушылар кітап оқуды насихаттау бағытындағы жұмыстарды жандандыру, оқырмандармен мазмұнды кездесулер ұйымдастыру және өскелең ұрпақтың кітапқа деген қызығушылығын арттыру жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды.
Кітап – сарқылмас қазына, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын рухани мұра. Ал кітап оқитын қоғам – ойлы, саналы, білімді қоғам. Ендеше, «Кітап оқитын ұлт» марафоны әрбір азаматты кітаппен достасуға шақырып, елдің рухани дамуына жол ашатын игілікті бастама болары сөзсіз.

Толқын ОДАШҚЫЗЫ
Алатау қаласы

↑