Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Қонаевта Startup Orda бағдарламасының 12 стартабы жобаларын қорғады

Қонаевта Startup Orda бағдарламасының 12 стартабы жобаларын қорғады

53 қаралым

Alatau Hub-та Startup Orda инкубациялық бағдарламасының Demo Day-і өтті. Startup Orda — Astana Hub-тың Қазақстан өңірлеріндегі стартаптарды дамытуға арналған ұлттық бағдарламасы.

Үш ай бойы қатысушылар гипотезаларын тексеріп, өнімдерін жетілдіріп, масштабтау жолдарын іздеді. Бағдарлама барысында 12 воркшоп, 3 топтық талдау, 6 трекшн-сессия өтті, әр команда 2 жеке кеңес алды. Бағдарламаға 62 қатысушы іріктелді, Demo Day-де 12 команда өз жобасын таныстырды.

Командалар жобаларын қазылар алқасы мен қонақтар алдында қорғады: әр команда 3 минут питчинг жасап, 2 минут сұрақтарға жауап берді. Қазылар алқасының құрамында Димаш Мақсатұлы Шапатай — Алматы облысы цифрлық технологиялар басқармасының цифрландыру және телекоммуникациялар бөлімінің басшысы, Аңсар Серікбаев — Astana Hub IT-өнімдер кеңсесінің Product Manager-і, Артем Когай — Sergek Group бас инженері болды.

Бағдарламаның үздік жобасы болып Printo (негізін қалаушы — Азамат Сәлімғареев) танылды. Printo кәдімгі принтерді өзіне-өзі қызмет көрсету нүктесіне айналдырады: пайдаланушы QR-кодты сканерлеп, файлды телефоннан жүктеп, төлем жасайды, құжат операторсыз басылып шығады. Бүгінде жобаның 4 қалада 32 нүктесі бар, ал бағдарлама кезінде күнделікті тапсырыс саны екі еседен астам өсті. printo командасы Астанадағы жаңажылдық Pizza Pitch-ке жолдама алды, онда 6 млн теңге жүлде қоры ойнатылады.

«Startup Orda өңірдегі жастардың идеясын нақты бизнеске айналдыруға болатынын тағы да дәлелдеді. Үш айда командалар үлкен жол жүріп өтті, ал бүгінгі питчтер олардың нарыққа шығуға дайын екенін көрсетті», — деді Alatau Hub директоры Асхат Жанбосынов.

Бағдарламаның барлық қатысушылары сертификаттармен марапатталды. Demo Day-де жобаларын таныстырған командалардың ішінде Aisy, Logarythm Academy, NovaRescue, printo, QazahFive, Unio, KenesHub, NeuroDent AI, Reread, Joba, NOX, Pankey де орын тепті. Айта кетейік, іс-шара Алматы облысы әкімдігі мен Алматы облысының цифрлық технологиялар басқармасының қолдауымен өтті.

«Алатау – Ақпарат»

↑