«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында қарасайлықтар ағаш отырғызу акциясын өткізді. Сенбілікке Қарасай ауданының әкімі Жасұлан Естенов, мемлекеттік органдар мен еңбек ұжымдарының өкілдері, сондай-ақ жастар арасынан шыққан еріктілер қатысты.
Шара барысында Қаскелең қаласының орталық көшелерінің бірі – Абылай хан көшесіне ерекше назар аударылды. Көше бойына барлығы 150 түп ағаш көшеті отырғызылды. Оның ішінде 100 түп қарағай мен 50 түп қайың бар. Сонымен қатар, аталған көше қоқыстан тазартылды.
Бізге берген сұхбатында аудан әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек көктем мен күз ағаш отырғызуға қолайлы мезгіл болғандықтан осы мүмкіндікті тиімді пайдалану маңызды екенін айтты.
– Бүгін ауа райы тамаша! Осы күнді игі іске арнап, аудан орталығын көгалдандыруға тағы бір шағын үлес қоса алғанымызға қуаныштымыз. Сонымен қатар, ауданның барлық ауылдық округінде де сенбіліктер өтіп жатыр. Ағаш отырғызу ісі әлі де жалғаса береді, – деді Бексұлтан Ақылбекұлы.
Қуат Қайранбаев
Қарасай ауданы

