Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Лю Хуэй, Қытай музыканты, композитор: Домбыра – әлемдік құндылық

Лю Хуэй, Қытай музыканты, композитор: Домбыра – әлемдік құндылық

97 қаралым

Домбыра – қазақ халқының ұлттық болмысы мен мәдениетін айшықтайтын қасиетті музыкалық аспап. Сан ғасырлық тарихы бар бұл аспап ұлттың рухани қазынасын, тарихи жадын және дәстүрлі күй өнерін бүгінгі күнге дейін жеткізген баға жетпес мұра саналады. Соңғы жылдары ұлт аспабы әлемдік деңгейде ұлықтала бастады. Қасиетті домбыраны жанына серік еткен шетелдіктердің де  қатары  артып келеді. Солардың бірі – Қытай музыканты Лю Хуэй. Ол –  пипа және домбыра аспаптарында ойнайтын кәсіби орындаушы әрі композитор. Көрші елдің астанасынан  Алматыға арнайы келген өнер иесімен жүздесіп, қара  домбырамызды қадір тұтқан жанмен шығармашылығы және  ұлттық музыка  жайлы сұхбаттасқан едік.

 –  Лю Хуэй ханым, сәлеметсіз бе, сұхбат беруге келіскеніңіз үшін көп рақмет! Өзіңіз  күйін күмбірлете шертетін қазақ еліне тұңғыш  табан тіреп тұрсыз ба?

– Биыл  маусым айында  қазақ  еліне алғаш  қадам басып,  Астанада өткен   халықаралық E-LIGHT 2026 жастар форумына қатыстым. Онда  «Домбыра Саурденмен кездескенде» атты музыкалық қойылымда  қазақстандық  әріптестермен бірге өнер көрсеттім. Ал осы жолы Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының құрамындағы «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблі мен  «Адырна» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің 40  жылдық мерейтойына арналған салтанатты шараға Бейжіңнен арнайы келдім. Мен құрметті қонақ ретінде қос  өнер ұжымын құттықтадым. Әсіресе  күй тартқан сәтімде мұндағы жұрттың  айрықша алғысына бөлендім. Сол бір әсерден әлі айыға алмай жүрмын. Содан бері бірқатар өнер ұжымымен жүздесіп, кәсіби музыканттармен таныстым.

– Қазірге  дейін   қандай өнер ордаларының  қара шаңғырағына  қадам бастыңыз?

– Ең әуелі  Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының құрамында бірнеше халықтық, фольклорлық-этнографиялық  ұжымдарға бардым.  Ондағы «Сазген» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің өнеріне айрықша тәнті болдым. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына жолым түсті. Иә, бұл – мен бала кезден аса бір ынтамен шертетін «Адай» күйін өмірге әкелген ұлы  композитордың  атындағы жоғары оқу орны. Шынымен де, классикалық еуропалық дәстүр мен даланың тірі мұрасы тоғысатын академиялық орта екен. Ондағы  жас шәкірттердің күй шертісіне қайран қалдым. Ал  мені Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайындағы  домбыра, қобыз, сыбызғы және тағы басқа халық аспаптарының жан-жақты коллекциясы таң қалдырды. Мұндай мұражай тіпті біздің астанамыз Бейжің  қаласында да жоқ. Бұл – нағыз  халық өнерінің қазынасы. Қазақтың дәулескер күйшілері ұстаған домбыраларға қол созсам, шанағынан сұлу саз төгілердей. Мен үшін домбыра қашанда әлемге ортақ құндылық саналады.

 –        Домбыра туралы әсеріңізді айтып жатырсыз. Оның қоңыр үнін алғаш тыңдаған сәтіңіз есіңізде ме?

– Алты жасымда қытайдың  байырғы  музыка аспабы – пипаны үйрене бастадым. Ол аспаптың тарихы тереңде жатыр. Бұл  туралы жырлар мен  толғаулар  қытайдың классикалық поэзиясында көптеп кездеседі. Мүмкін ол туындылармен сіз де таныс шығарсыз. 12 жасымда консерваторияға оқуға түстім. Кейін екінші аспап ретінде домбыраны таңдадым. 13 жасымнан бастап ұстазым  Иманәлі Төлеубейұлынан домбыра үйрендім. Міне, содан бері  27 жыл бойы  домбыраны жаныма серік етіп келемін.  Екі аспап өте ұқсас. Мүмкін тарихи түбі бір шығар. Себебі пипа да, домбыра да Жібек жолы өркениетіне тиесілі. Пипа Қытайдың батыс өңірінен шыққан деседі. Екеуімен де төгілте күй шертемін.  Домбырамен Құрманғазының «Адай», «Сарыарқа» күйлерін, «Абай» әндерін орындаймын. Қазір домбыра аспабын үйретіп, шәкірт тәрбиелеп жүрмін. Биыл Бейжіңде Лянмахэ өзенінің жағалауында Ұлттық домбыра күніне орай Қазақстан мәдениет орталығы ұйымдастырған «Dombyra Party» мәдени акциясына қатыстым. Ашық аспан астында Құрманғазының, Абайдың, Әбдімомын Желдібаевтың шығармалары, сондай-ақ халық күйлері орындадық.  Мен қазақ күйлерін  пипа аспабында да орындаймын. Айталық,  2025 жылы Қытай орталық телеарнасы (CCTV) Шығыс пен Батыс өркениеттерінің өзара үйлестіруге  арналған бағдарлама аясында мен шерткен «Адай» күйін  көрсетті.

 –  Бейжіңдегі  Қазақстан мәдениет орталығы ұйымдастырған шараларға жиі қатысасыз ба?

 – Иә,  2025 жылдың қыркүйегінде Бейжіңде Қазақстан Республикасының алғашқы мәдени орталығы ашылды. Соның ашылу салтанатына қатыстым. Бүгінде аталған орталық ұйымдастырған шараларға жиі барамын. Біз Ұлттық домбыра күнінен өзге, Абай күнін атап өттік. Наурыз мерекесінде де өнер көрсеткенім бар. Қазақстан Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапармен келген кезде де  шәкірттермен бірге күй тарттық. Бізді зор ықыласпен қабылдады. Әсіресе төрт жастағы  кішкентай шәкіртіме айрықша тәтті болды. Соңында  Қасым-Жомарт Кемелұлы және сол кездегі  Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Аида  Балаевамен естелік суретке түстік.

– Абай күнін айтып қалдыңыз. Жаңа концертте орындалған Абай әндерін  бар ынтаңызбен тыңдап отырғаныңызды байқадым. Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы да жаныңызға жақын сияқты…

 – Бейжің  қаласында  тұратын  қазақ  жазушысы  Әкбар Мәжитұлы Абай шығармаларын қытай тіліне аударған. Мен сол аударма арқылы Абай мұраларымен таныстым.  Әсіресе Абай әндері маған айрықша ұнайды. «Көзімінің қарасы», «Желсіз  түнде жарық ай» әндерін пипа мен домбырада қатар  тартамын.  Ол тек ән емес, әсерлі күй десеңіз болады. Адамды шексіз бір әлемге жетелейді. Байырғы қытай  музыкасында, оның ішінде ай туралы  пипа күйлері де аз емес. Онда да түнгі айдың сәулесі мен су сылдыры бейнеленеді. Атақты Конфуций бірде шәкірттерімен бірге күй тыңдап отырып: «Мына күйді шығарған адам жер бетіндегі жеті ілімді толық  меңгерген  аса  данышпан адам екен», – депті. Ал Абай әндерінен оның асқан кемеңгерлігі менмұндалап тұрады. Айтпақшы, мен Конфуцийдің  кіндік қаны тамған   Шаньдун провинциясында  өмірге келгенмін. Енді, міне, ұлы Абай өмір  сүрген  қазақ еліне қадам басып тұрмын. Бұл шынмен де  ұмытылмас сәт екені анық. Алдынғы сапарымда Алматыға көп аялдауға мүмкіндігім болмады. Ал осы жолы қаланың мәдени тірілігімен терең тыныстап жатырмын. Мүмкін болашақта осы ару қалаға арнап   бір шығарма жазатын шығармын.

– Сіз тек  шебер  музыкант қана емес, композитор екеніңізді естідім. Шығармашылық жолыңыз жайлы да аздап айта кетсеңіз…

– Қазіргі уақытта Бейжің ұлттық аспаптар оркестрінде қызмет етемін.  Бұған дейін «Шығыс қыздары», «Қытайдың күлгін фениксі» және «Улэ Гэгэ» ансамбльдерінде пипа аспабының жеке орындаушысы болдым. Қытай радио және кино оркестрімен, Орталық опера және би театрымен, Қарулы полицияның өнер ансамблімен және басқа да шығармашылық ұжымдармен бірлесе  еңбек еттім. Бұған дейін  Тайвань және Жапонияда алты музыкалық альбом жарық көрді. Сондай-ақ түрлі фильмдер, телехикаяларға музыка жаздым. Қазақстан, Сингапур, Филиппин, Малайзия, Индонезия және Таиланд сынды елдерде гастрольдік сапарда болдым. Бірқатар   шетелдік БАҚ құралына сұхбат бердім.  Олардың арасында Қазақстанның   «Хабар» арнасы да бар. Сонымен  қоса  Қытай мен Қазақстанның алғашқы бірлескен «Композитор»  фильмінде де шығармашылық ұжымен бірге жұмыс істедім. Мені қарсы алып, қамқорлық көрсеткен өнерпаздарға мың алғыс. Мен олардың бойынан  қазақ күй өнеріндегі кеңдік пен дарқандықты аңғардым. Қазақ еліне қайта келуге асығамын. Бұл елдің бай музкалық мұрасы мені соншы қызықтыра береді.

– Әсерлі әңгімеңізге көп рақмет! Сізге зор шығармашылық табыс тілеймін!

Сұхбатсқан – Ерзат АСЫЛ

↑