Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / МӘДЕНИ БІРЛІКТІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ

МӘДЕНИ БІРЛІКТІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ

57 қаралым

Қазақстандағы тұрақтылық пен келісім қоғамдағы ынтымақ пен теңдіктен, өзара сенім мен құрметтен бастау алады. Сондықтан еліміздегі барлық этнос өкілдерінің ана тілі мен мәдениетін дамытуына толық жағдай жасалған. Қоғамдық тұрақтылық пен этносаралық қатынастарды нығайту бағытындағы ұйымдастырылған түрлі форматта шараларға этномәдени бірлестіктер белсене қатысып, өздерінің салт-дәстүрі мен мәдениетін дәріптеуде. Сондай шараның бірі – Алатау қаласы Жетіген шағынауданында өткен славян мәдениетінің «Ұлы дала славяндары» атты фестивалі.  Мақсаты – славян халқының бай мәдени мұрасын, салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын дәріптеу, этносаралық достық пен өзара түсіністікті нығайту.

Фестиваль барысында қатысушылар славян халықтарының салт-дәстүрлері, ұлттық тағамдары, тұрмыстық бұйымдары, халықтық қолөнері, ұлттық киім үлгілері мен мәдени мұрасын қамтыған мазмұнды әрі көркем безендірілген тақырыптық көрмені тамашалады. Түрік этносының өкілдері Зулейха мен оның алты жасар қызы Анисса жиналған жұртшылыққа славян халқының мәдениеті мен дәстүрлеріне қанықтырып, славян мәдениетінің бай мұрасы мен өзіндік ерекшелігін көпшілікке үлкен қызығушылықпен әрі құрметпен таныстырды. Ибрагимовтар отбасының бұл шараға белсене атсалысуы – салт-дәстүрге деген шынайы сүйіспеншіліктің шекарасы жоқтығының айғағы әрі этносаралық достықтың, өзара құрмет пен мәдени бірліктің жарқын үлгісі.

Фестивальде Алатау қаласы әкімінің орынбасары Гүлбану Несіпбаева «Бірлік болмай, тірлік болмас» демекші, бұл – тату тірліктен асқан байлық жоқ екенін, осы орайда Алатау қаласын мекендеген этнос өкілдері жаңа шаһардың дамуы жолында бір отбасындай еңбек етіп, тату-тәтті  ғұмыр  кешіп жатқанын атап өтті. Бірлікті  сақтау арқылы ел болашағын баянды ететінімізді, қастерлі Отанымызда түрлі мәдениеттердің үйлесім тапқаны біртұтас ұлт болып ұйысуымыздың басты қағидаты екеніне баршаның назарын аударды.

Келесі кезекте облыстық қоғамдық келісім  мекемесінің Алатау қаласы бойынша жетекші сарапшысы Ғабит Сембиев этностар арасындағы достықты нығайтып, еліміздегі қоғамдық келісім мен бірлікті сақтауға ықпал ететін шараның маңызына тоқталды.

– Бүгінгі фестиваль – өзіндік ерекшелігі мен қоғамдағы орны бар үлкен шара. Қазақстан мәдениеттерінің алуан түрлілігі шынайы бірліктің, құрмет пен өзара түсіністіктің қалай туатынының символы. Мәдениеттің халықты біріктіруге септігі тиеді. Этномәдени бірлестіктер  түрлі форматта  іс-шаралар өткізіп,  өздерінің ғана емес, мемлекеттік тіл мен қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрін де этнос өкілдеріне үйретіп, насихаттауда.  Мәдени іс-шаралар этностар арасындағы достықты нығайтып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және еліміздегі қоғамдық келісім мен бірлікті сақтауға ықпал етеді. Осындай игі істерді этномәдени бірлестіктермен жұдырықтай жұмылып, тізе қоса отырып атқарып келеміз, – деді жетекші сарапшы.

Ғабит Сембиев Қазақстан халқының мәдени дәстүрлерін дәріптеуге үлес қосқан және фестивалді ұйымдастыруға атсалысқан бірқатар азаматтарға қоғамдық келісім мекемесі басшысының Алғыс хатын табыс етті.

Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

↑