Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Мемлекеттік тіл – елдіктің мызғымас тұғыры

Мемлекеттік тіл – елдіктің мызғымас тұғыры

100 қаралым

Ана тілі – халықтың жүріп өткен жолынан сыр шертетін, ғасырлар қойнауынан жеткен асыл мұра. Ол – ұлттың жадын жаңғыртып, рухын асқақтататын, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын қастерлі қазына. Тіл бар жерде – тарих бар, тіл бар жерде – тұтастық бар. Сондықтан ана тілінің абыройын асқақтату, оның қолданыс аясын кеңейту – бір күннің немесе бір мекеменің ғана міндеті емес, тұтас елдің еңсесін тіктейтін ортақ мұрат. Осы тұрғыдан келгенде, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X құрылтайында сөйлеген сөзі айрықша мәнге ие. Президент мемлекеттік тілдің бүгінгі тынысын таразылап, оның ертеңгі өрісіне жол ашатын өзекті мәселелерді ортаға салды. Қазақ тілінің білім мен ғылымдағы, өндіріс пен технологиядағы, күнделікті қоғамдық өмірдегі орнын нығайтуға қатысты нақты міндеттерді атап көрсетті. Бұл – тілдің тағдырын елдің дамуымен, ұлттық бірлікпен және заман талабымен сабақтастыра қарастырған маңызды ұстаным.

Тіл құрылтайында Мемлекет бас­шысы ең алдымен қазақ тілінің ел өмі­рін­дегі айрықша орнын сөз етті. Оның Ата Заңдағы мәртебесімен қатар, халықты бір мақсатқа ұйыстыратын рухани күш екенін алға тартты. «Қазақ тілі Тәуелсіздігіміздің мызғымас сим­волы, Отанымыздың мемлекеттік тілі, ұлтымыздың мәңгілік жаны ретінде қабылдануы қажет» деген сөзі – осының айқын көрінісі. Расында, мемлекеттік тілдің мерейі биік болуы үшін оған деген құрмет сөз жүзінде ғана қалып қоймай, күнделікті тіршіліктен, әр саланың жұмысынан көрініс табуы керек. Тілді құрметтеу – елді құрметтеу, ал оның қадірін арттыру – Тәуелсіздіктің тұғырын бекемдеу. Президент қазақ тілінің қуаты ел экономикасының, ғылымы мен технологияның дамуымен де тығыз байланысты екенін айтты. Өркендеген мемлекеттің тілі де өрісті болатыны белгілі. Сондықтан ана тілімізді тек тұрмыстық қарым-қатынас құралы ретінде емес, күрделі ғылым мен өндірістің, заманауи білім мен кәсіби ортаның тіліне айналдыру маңызды. Бұл ретте құрылтайда келтірілген деректер көңілге сенім ұялатады. Мемлекет басшысының айтуынша, биыл мектеп табалдырығын аттаған балалардың 71 пайызы қазақ сыныптарына қабылданған. Былтыр жарық көрген алты мыңнан астам кітаптың 70 пайызы қазақ тілінде басылып шыққан. Ал биыл елімізде түсірілген 71 фильмнің 63-і ана тілімізде ұсынылған. Бұл – қазақша білім алуға, кітап оқуға, отандық туындыларды ана тілінде тамашалауға деген сұраныстың артып келе жатқанын көрсететін көңіл қуантарлық көрсеткіштер. Дегенмен мұндай жетістіктерге тоқмейілсуге болмайды, қазақ тілінің көсегесін көгерту үшін оны ғылымның, тех­никаның, медицинаның, құқық пен экономиканың да еркін тіліне айналдыру қажет. Құрылтайда осы мәселеге ай­рықша назар аударылды. Президент инженерия, медицина, құқық, экономика және ақпараттық технологиялар секілді күрделі салаларды қазақ тілінде меңгеруге мүмкіндік жасау керегін жеткізді. Ол үшін сапалы оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлеу, ғылыми еңбектерді ана тілімізде жазу, салалық терминдерді бірізді жүйеге түсіру маңызды. Ғылыммен біте қайнасқанда ғана тілдің тынысы кеңейетіні хақ.
Ұлттық құндылық ұлықталған жиында терминология мәселесі де орынды қозғалды. Мемлекет басшысы тілге жаңа сөз енгізгенде оның табиғи қалпына, халыққа түсініктілігіне және қолданыстағы қисынына мән беру қажеттігін жеткізді. «Күйсандық», «қылтима», «субұрқақ», «себезгі», «жеделсаты» секілді атауларды мысалға келтіріп, кейбір жасанды сөздердің кері әсеріне назар аудартты. Шын мәнінде, тілге жаңалық енгізу – сөзді көбейте беру емес, оның мағынасы мен қолданысын саралау. Жаңа атау жұрттың жадында жатталып, күнделікті қолданысқа сіңгенде ғана өміршеңдікке ие болады. Сондықтан бұл бағытта тіл мамандары, ғалымдар мен сала өкілдері бірлесе жұмыс істеп, ортақ байламға келгені жөн.
Бүгінгі заманның тағы бір талабы – қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі мүмкіндігін арттыру. Қазір ақпараттың басым бөлігі электронды ортада таралып, жасанды интеллект адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Мұндай кезеңде ана тіліміздің технологиядан тыс қалмауы аса ма­ңызды. Осы орайда Президент OpenAI компаниясы жүргізген зерттеуге сүйене отырып, қазақ тілі соңғы үш жылда жасанды интеллект жүйелерінде қолданыс аясы қарқынды кеңейіп келе жатқан тілдердің қатарына енгенін атап өтті. Сонымен қатар Yandex өнімдерін қазақ тілінде пайдаланушылар саны да едәуір өскен. Google компаниясының Gemini тілдік моделіне қазақ тілінің енгізілуі де осы бағыттағы елеулі жаңа­лықтардың бірі ретінде паш етілді. Мұның бәрі қазақ тілінің жаңа дәуірге бейімделіп, технологиялық мүмкіндіктерін кеңейтіп келе жатқанын аңғартады. Алайда бұл бағыттағы жұмыс әлі де жүйелі жалғасын табуы керек. Мемлекет басшысы ұлттық мұраны цифрландыру, қазақ тіліндегі сапалы ақпараттық өнімдерді көбейту, заманауи технологиялардың игілігін тиімді пайдалану қажеттігін қадап айтты. Әсіресе балаларға арналған қазақша фильмдер мен ойындарды, тілді өздігінен үйренуге көмектесетін түрлі қосымшаларды әзірлеудің маңызына тоқталды. Өйткені бүгінгі бала кітаппен ғана емес, телефон мен компьютер арқылы да білім алып, дүниені танып отыр. Ендеше, сол кеңістікте қазақша мазмұнның мол әрі сапалы болуы қажет. Осы ретте цифрлық мұра қалыптастыру мәселесінің де орны бөлек. Халқымыздың тарихы, әдебиеті, мәдениеті мен рухани қазынасы заманауи технологиялардың көмегімен жүйеленіп, келер ұрпаққа қолжетімді болуы тиіс. Қазақ тіліндегі мәтіндер мен тарихи деректердің электронды қорын көбейту – тек мұраны сақтау емес, оны жаңа заманның игілігіне жарату. Мұндай деректердің молаюы жасанды интеллект жүйелерінің де қазақ тілін тереңірек танып, сауатты қолдануына мүмкіндік бермек. Демек, бүгінгі цифрландыру жұмысы ертеңгі тіл әлеуетінің берік негізін қалайды.
Жиында қазақ тілінің өрісін өз еліміздің шеңберімен шектеп қоймай, халықаралық деңгейде таныту мәселесі де терең қозғалды.
Президент Oxford Qazaq Dictionary жобасын жалғастыруды қолдап, қазақ тілін әлемнің өзге тілдерімен байланыстыратын сапалы екітілді және көптілді сөздіктер әзірлеу қажеттігін ұсынды. Атап айтқанда, қазақ-француз, қазақ-испан, қазақ-қытай, қазақ-араб, қазақ-неміс, қазақ-итальян, қазақ-жапон, қазақ-корей және қазақ-парсы сөздіктерін жасау, сондай-ақ қазақ-орыс сөздігін заман талабына сай жаңарту мәселесі назарға алынды. Бұл бастамалар қазақ тілінің халықаралық білім мен ғылым кеңістігіне жол ашып, шетел жұртшылығының ана тілімізге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған. Тілдің халықаралық беделі оның әлемге қаншалықты танылғанымен, қаншалықты сұранысқа ие болғанымен де өлшенеді. Осы орайда Мемлекет басшысы қазақ мәдениетін, өнері мен спортын шетелге танытып жүрген азаматтардың еңбегіне мән берді. Себебі ұлттық құндылықты әлемге танытудың жолы көп. Бірі өнерімен, бірі спорттағы жетістігімен, енді бірі ғылымы мен шығармашылығы арқылы ел мерейін үстем етеді. Осындай жетістіктер арқылы қазақтың кім екенін, оның бай мәдениеті мен тілі бар екенін әлем тани түседі. Президент ана тіліміздің келешегіне күмәнмен қарап, орынсыз пессимизмге бой алдырмауға да шақырды. Қазақ елі барда қазақ тілі де тұғырынан түспейтініне сенім білдірді. Бұл – тарихтың талай өткелінен өткен тіліміздің өміршеңдігіне деген берік сенімнің көрінісі.
Құрылтайда мемлекеттік тілдің дамуын өзге тілдерге қарсы қоюға болмайтыны да ерекше атап өтілді. Қазақстан – түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында өмір сүріп жатқан ортақ Отан. Сондықтан қазақ тілінің мәртебесін көтеру ел ішіндегі татулық пен келісімге нұқсан келтірмей, керісінше, жұртты бір арнаға тоғыстыруы керек. Президент қазақ тілін меңгеріп, оны құрметтеп жүрген өзге этнос өкілдерінің еңбегіне де тоқталды. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде ана тілімізді дәріптеп, оның қолданысын кеңейтуге үлес қосып жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді. Мұның өзі мемлекеттік тілдің баршаға ортақ құндылық ретінде орнығуы керектігін тағы бір аңғартады.
Тіл тағдыры туралы сөз болғанда, оның тазалығы туралы да айтпай кету мүмкін емес. Өйткені тілдің қадірі тек қанша адамның сөйлейтінімен емес, қаншалықты сауатты әрі көркем сөйлейтінімен де өлшенеді. Құрылтайда сөз қолданысының жауапкершілігі, тіл тазалығы мен сауаттылық мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Әсресе, ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілердегі сөз саптау мәдениетіне мән беру қажеттігі аңғарылады. Бір ауыз сөздің өзі адамның танымын көрсетіп, қоғамның тілдік талғамына әсер етеді. Сондықтан сөзді орынсыз қолданбай, ойды анық жеткізу, ана тіліміздің табиғи әуезі мен мағынасын сақтау – баршамызға ортақ жауапкершілік. Бұл ретте журналистер мен қаламгерлердің, ұстаздар мен қоғам алдында жүрген азаматтардың міндеті айрықша. Өйткені сөздің салмағын сезіну, тілдің көркемдік қуатын көрсету, сауатты жазу мен сөйлеу мәдениетін қалыптастыру күнделікті еңбектен басталады. Әсіресе, бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған әрбір материалдың тіліне, қолданылған сөздің дәлдігіне мән берген жөн. Тілдің шырайын кетірмей, шұрайын арттыру – қалам ұстаған қауымның басты парызы. Мемлекет басшысының Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X құрылтайында айтқан ойлары мен көтерген бастамалары бір ғана саланың аясымен шектелмеді. Онда білім мен ғылым, экономика мен өндіріс, цифрлық технология, халықаралық байланыс, ұлттық бірлік пен мәдениет мәселелері өзара сабақтастықта қарастырылды. Мұның бәрі мемлекеттік тілдің дамуы қоғам өмірінің барлық бағытымен тығыз байланысты екенін көрсетеді. Тілдің мерейін өсіру үшін мектептегі білім сапасынан бастап, ғылыми зерттеулерге, өндірістегі қолданыстан бастап, ақпараттық кеңістіктегі мазмұнға дейін жүйелі жұмыс қажет. Құрылтайда көтерілген мәселелер – бүгіннің ғана емес, келер күннің де еншісіндегі маңызды міндеттер. Ана тіліміздің абыройын асқақтату үшін оның мүмкіндігін кеңейтіп, заман талабына сай дамуына жол ашуымыз керек. Тілдің тамыры тереңде, тағдыры халықпен бірге. Ғасырлардан жеткен асыл мұраны көздің қарашығындай сақтап қана қоймай, оны жаңа дәуірдің биігіне көтеру – бүгінгі ұрпақтың еншісіндегі аманат. Президент айқындаған бағыттар осы жолдағы жүйелі жұмыстың бағдарын көрсетіп отыр. Ендеше, қазақ тілінің мерейі үстем болып, мәртебесі биіктей беруі елдігіміздің еңсесін көтеретін ортақ жетістік болмақ.

Құралбек СӘБИТОВ

↑