Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған

Оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған

95 қаралым

Кітап – адамзаттың рухани қазынасы, білім мен тәрбиенің қайнар көзі. Адам баласының дүниетанымын кеңейтіп, ой-өрісін дамытатын, парасаттылық пен ізгілікке жетелейтін құндылықтардың бірі – кітап оқу. Сондықтан «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафонының қолға алынуын қоғам үшін аса маңызды әрі уақыт талабынан туындаған игілікті бастама деп есептеймін.

Қазіргі ақпараттық технологиялар қарқынды дамыған заманда адамдардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру – өзекті мәселелердің бірі. Әлеуметтік желілер мен түрлі ақпарат көздері күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Дегенмен олардың ешқайсысы кітаптың адам санасына, рухани әлеміне беретін терең әсерін алмастыра алмайды. Кітап оқу – жай ғана ақпарат алу емес, ол адамның ойлануына, сараптауына, өзіндік пікір қалыптастыруына мүмкіндік беретін ерекше үдеріс.

Осы тұрғыдан алғанда, «Кітап оқитын ұлт» марафонының басты мақсаты – қоғамда оқу мәдениетін қалыптастыру, кітапқа деген құрметті арттыру және ұрпақ тәрбиесінде әдебиеттің рөлін күшейту деп білемін. Бұл бастама адамдарды ортақ игі мақсатқа жұмылдырып қана қоймай, кітап оқу дәстүрін отбасынан бастап, бүкіл қоғамның өмір салтына айналдыруға жол ашады.

Аталған республикалық жобаға Алматы облысына қарасты Іле ауданының тұрғындары да белсенді қатысуда. Аудандағы кітапсүйер қауым бір мақсат төңірегінде топтасып отыр.
Меніңше, марафонның ең басты ерекшелігі – кітап оқуды жеке адамның қызығушылығынан қоғамдық қозғалыс деңгейіне көтеруі. Әсіресе жастар мен жасөспірімдердің жобаға қатысуы ерекше қуантады. Себебі бүгінгі жас – ертеңгі елдің тірегі. Кітаппен сусындаған ұрпақтың ойы озық, танымы терең, мақсаты айқын болары сөзсіз. Көркем әдебиетті оқу арқылы жас буын адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіріп, ұлттық тарихымызды, салт-дәстүріміз бен мәдениетімізді тереңірек тани түседі.

Сонымен қатар кітап оқуды отбасылық дәстүрге айналдырудың маңызы зор. Ата-ананың кітап оқуға деген қызығушылығы балаға үлгі болады. Үйде кітап оқитын орта қалыптасса, өскелең ұрпақтың да кітапқа деген сүйіспеншілігі артады. Сондықтан бұл бастама тек білім беру ұйымдары мен кітапханалардың ғана емес, әрбір отбасының ортақ ісіне айналуы қажет.

Кітап оқу – адамның рухани кемелденуіне бастайтын жол. Ол ұлттық сананы жаңғыртып, тарихи жадымызды сақтауға, елдік құндылықтарымызды дәріптеуге ықпал етеді. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы білімді, бәсекеге қабілетті, парасатты ұрпақтың қолында десек, сол ұрпақты қалыптастыруда кітаптың алар орны ерекше.

Сондықтан «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонын белгілі бір мерзімде өтетін науқан ретінде ғана емес, ұзақ мерзімді рухани қозғалыс ретінде қабылдауымыз керек. Марафон аяқталғаннан кейін де кітап оқу дағдымызды жалғастырып, оқыған дүниемізді өзгелермен бөлісіп, кейінгі ұрпаққа үлгі көрсете білуіміз қажет.

Өйткені кітап оқитын адам – ойланатын адам, ал ойланатын қоғамның болашағы әрдайым жарқын. Кітапқа құштар ұлттың рухы биік, танымы терең, келешегі кемел болмақ!

Кітап оқиық, ойымызды дамытайық, рухани бай ұлт болайық!

Бақытжан КӨКЕНҰЛЫ, Іле ауданының мәдениет, тілдерді дамыту,

дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы

↑