Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Президент ұлықтаған ардагер ескерусіз қала ма?

Президент ұлықтаған ардагер ескерусіз қала ма?

148 қаралым

Жеңістің 80 жылдығы аталып өткен кезде ел Президенті Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 500 ардагердің есімін ұлықтауға пәрмен беріп еді. Сол тізімде жалағаштық Жартыбай Қожашевтың да аты-жөні бар. Бірақ, өкінішке қарай ардагер есімін ұлықтап, көшеге беру ісі кешеуілдеп тұр. Ашығын айтсақ, біз бұл мәселені жауапты мекемелерден 2018 жылдан бері сұрап келеміз. Алайда әзірге бұл ұсыныс әлі шешімін тапқан жоқ.

Жартыбай Қожашевтың есімі көпке әйгілі. Бұл тұлғаны Кеген өңірінде білмейтін жан жоқ десем, артық айта қоймаспын. Қайсар мінезді, бір сөзді азаматты кім қай жағынан таныса да, биік тұғырдан көретіні даусыз. Атамызды тереңінен танитындар әлі күнге қадір тұтып, бағалайтыны да шындық. Олай болса, әңгімені соза бермей, өз қолымен жазған өмірбаянынан бастасақ.
«Мен, Қожашев Жартыбай, 1923 жылы тамыз айында Кеген ауданының Меркі ауылдық округіне қарасты Қараша жайлауында дүниеге келген екенмін, – дейді ардагер өз қолымен жазылған өмірбаянында. – Шыққан тегім көшпенді өмірдің жөн-жосығына сай, ағайын-туған арасында руаралық, ата, тек- аралық шараларға қатысы болған ортақ дәулетті адамдар болғанға ұқсайды. 1916 жылы Қарқара көтерілісінен кейінгі Ақ патша жендеттерінің, одан кейін орыстардың империялық түпкі мақсатын көздеген аумалы да ауыспалы саясаттарының құрбаны болған ел адамдары сияқты әкем, әкемнің бауырлары және нағашы жұрты да тағдыр тәлкегін көріп, өмір өкініштерін бастан кешкен адамдар. Олардың көшпенді тұрмысқа бейімделген орташа дәулеті «Кіші Октябрь» ұжымдастыру сияқты асыра сілтеу орын алған кезде бастарына сор болып, әке-шешем сұр киімді, сұсты адамдардың кәріне ілігіп, жасы егде тартқан әкем 1931-33-жылдары «ОГПУ» абақтысының ар жағын көріп келіп, 1936 жылы дүниеден қайтты. Әкемнің басынан өткен осы зорлық-зобалаңның ащы запыраны менің де өмірімнің ұзын бойын уландырмай қойған жоқ. Әкенің ауыр тағдыры балаға да жүк болған заман-ай! Ұлы Отан соғысы басталған жылдары әскер қатарына жасым келіп тұрып шақырылмадым. Кейіннен «сенімсіздер» деп есептелінген адамдар майданға енгенде ғана мен әскер қатарына шақырылдым. 1945-51-жылдары Коммунистік партия қатарында болып, 1951 жылы жазықсыздан 5 жылға бас еркімнен айырылып, партиядан шығарылдым. КПСС қатарына 1961 жылы қайтадан қабылданып, Қазақстан Жоғарғы кеңес төралқасының №4-35-93 қаулысымен Алматы облыстық соты коллегиясының 1951 жылы 27 қазан айында РСФСР Қылмыстық кодексі бойынша жүргізген сот шаралары негізсіз болып табылып, мен ақталдым».
Былай қарасақ, ертегі сияқты. Бірақ не үшін сотталды?! Тағы да сол қайсарлығы үшін кінәлі шығар? Десе де, бұл жерде әділдік қылаң берді. Сот коллегиясы қайтадан ақтап алды. Алайда Жартыбайдың бар өмірі тауқымет тартысында зардап шегумен өтті десек, қателесе қоймаймыз. Қайсар жан сонда да мойынсұнбайды.
«Соғыс жылдарында Өзбекстанның Наманган қаласындағы жаяу әскер училищесінде оқып, Орск-Курск-Белгоград шайқастарында 60-атқыштар полкында взвод командирінің көмекшісі міндетін атқардым, – деп жазған кейіпкеріміз ары қарай соғыста ауыр контузия алғанын, содан соң майданнан оралғанын айтады. – 1943-48-жылдар аралығында аудандық комсомол және партия жұмыстарында болдым. Ал 1948-51-жылдары Кеген ауданындағы ірілендірген шаруашылықтың бірі М.Горький атындағы Жылысай, Октябрь колхоздарының бастығы қызметтерін атқардым. 1951-1952 жылдары Алматы ауылшаруашылық институтында оқып келіп, 1957-1960 жылдары Кеген ауданындағы Тоғызбұлақ колхозында жоспарлаушы агроном болып жұмыс істедім. 1960-1972 жылдар аралығында Кеген ауданындағы ірі шаруашылықтардың бірі – Тоғызбұлақ колхозында төрағалық қызмет атқарып, мұнда істелген көптеген іс-шараның жүзеге асуына жетекшілік жасауыма тура келді. Осы жылдары шаруашылық өндірістік жоғары көрсеткішке жеткені үшін және социалистік міндеттемелерін орындағаны үшін Қазақ Советтік Социалистік Республикасы мен Қазақстан Коммунистік партиясының 50 жылдығы құрметіне, Қазақстан КП Орталық комитеті, Қазақ ССР Жоғарғы советінің президиумы, Қазақ ССР Министрлер советі Тоғызбұлақ колхозы ұжымын Құрмет грамотасымен марапаттады. Ұжымның көптеген адамы мемлекеттік наградаларға ие болып, әл-ауқаттары жақсарды. Тоғызбұлақ колхозы миллионерлер қатарына қосылды. 1964 жылы Жалағаш, Тоғызбұлақ ауылдарына тағы бір ауыл бірікті. Осы жылдың қаңтарында колхоздың жалпы жиналысында төраға Жартыбай Қожашевтың ұсынысымен шаруашылықтың үшінші ірі қара, жылқы шаруасымен айналысатын жаңа бөлімшесі ашылды».
Осылайша, Жартыбай өз жобасымен Жайдақбұлақ ауылының қадасын қақты. Дала академигі атанған Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері Жолсейіт Молдасанов өз заманында былай деп ой тастапты: «Жайдақбұлақ ауылының іргетасын қалаған, өркендеткен де Жәкең еді. Жәкеңнің есімі ел аузында қалу үшін айтарым, Жайдақбұлақ ауылы «Жартыбай ауылы» деп аталса деймін. «Ер есімі – ел есінде» дегендей, Жәкеңдей азамат ел есінде қалу керек деп ойлаймын». Дәл осы пікірді Жартыбай Қожашевтың замандас інісі, академик Кеңес Нұрпейісов те толық қолдаған.
Өмірбаян жалғасында ары қарай: «1969 жылдың өзінде шаруашылық жылдық табысын 1 миллион 400 мың сом таза пайдамен аяқтап, аудандағы 11 колхоз ішіндегі алдыңғы қатарға шықты. Қой мен ешкі саны 48 мыңға, ірі қара 1 мыңнан асып, жылқы 1 мыңға жуықтады. Омарта саны 250-ге жетті. Жыл сайын 1 мың центнердей ет, 70 мың центнерден артық астық мемлекетке тапсырылды», – деп жазылған. Бұдан артық дәлелдің керегі не? Кейіпкеріміз өзі айтып, жазып тұр. Қазір бұл көрсеткіштер біреулер үшін ертегі, сенбейді де! Бірақ таза шындық осы еді. Бұл дегеніміз – үлкен жауапкершілікті жан жүрегімен сезіну. Өзінен де, өзгеден де талап ету!
«Бұдан кейінгі жылдары Талғар ауданындағы Қазақ мал-дәрігерлік ғылыми-зерттеу институтының Жалқамыс тәжірибе шаруашылығының директоры болдым. 1982-1984 жылдары Кеген ауданындағы Жалаңаш сауда бірлестігінің директоры және ауылдық кеңестің төрағалық қызметін атқардым. «Ленин», «Отан соғысы», «Құрмет белгісі» ордендерімен және 20-ға жуық медальмен марапатталдым. Қазір Қазақстан Республикасы Министрлер кабинеті жанындағы Қазақстан Республикасына ерекше сіңірген еңбегі үшін зейнетақы тағайындау жөніндегі комиссия шешімімен 1984 жылдың 1 сәуірінен бастап зейнеткермін», – дейді Жартыбай Қожашев 2003 жылы 22 қазанда өз қолымен жазылған өмірбаянында.
Ел есінде ерен еңбегімен қалған Жартыбай Қожашев 2005 жылы 13 мамырда өмірден өтті. Бірақ соңында өшпес із қалдырды. Дуалы ауыз ақсақалдар айтқан естеліктер, ел аузындағы әңгімелер Жартыбай Қожашевтай тұлғаны асқақтата түседі. Елге еңбегі сіңген айтулы тұлғаның ең болмаса бір көшеге есімі берілмеуі бізді қынжылтады. Таудай тұлғаның тасада қалуы ауыл атқамінерлерін ойландырмайтын да сияқты. Қазір де тарихи тұлғалар қатарына есімінің енуін күтіп жүрміз. Нағыз тарихи тұлға осындай есімін ел білетін адамдардан құралу қажет қой демекпіз.
Қаламгер Мұқай Байсейітов 2003 жылдың 22 қарашасында бұрынғы Алматы облыстық «Жетісу» газетінде жарияланған мақаласында: «Өзің білесің, ел сенім артты. Оны облысты, республиканы сол жылдары басқарған, өткендегі «құбыжық» саясаттан хабары бар өрелі басшылар қуаттап, Кеген ауданындағы Тоғызбұлақ колхозына төрағалыққа тағайындалып, онда 10 жылдан аса қызмет істедім. Абыройсыз болған жоқпын», – деген естелігін келтіреді. Естеліктегі «құбыжық» саясат дегені – 1951 жылы жазықсыздан 5 жылға сотталып, партиядан шығарылған жылдар. Коммунистік партияға 10 жыл өткен соң қайта кіреді. Сол 10 жыл Жартыбай Қожашевты қанша ауыр болса да, жасыта алмады. Қайсар тұлға бәріне қарсы тұрды. Дегенмен, бұл айтуға ғана оңай. Елім деп соққан жүрегі жауапкершіліктен қашпады. «Сенімсіздер» қатарында соғысқа да өз еркімен аттанды. Соғыстан келгеннен кейінгі өмірі де тар жол, тайғақ кешумен өтті. Шыдады, төзді. Өйткені оның тамыры туған жермен тағдырлас еді. Тағдырдың тауқыметін тартты, тозбады. «Жаным – арым садағасы» деді. Ол заманның ең жоғарғы наградасы – «Ленин» орденін омырауына тақты. «Құрмет белгісі» орденін алды. Алған марапаттарының қатарында тағы «Отан соғысы» ордені мен 20 шақты медалі тұрды. Жастық шағын «Халық жауы» болып бастаған Жартыбай Қожашев – қан майданда да, бейбіт күнде де, еңбек майданында да өзін-өзі көрсете білген, дәлелдеген, әділдік пен адалдықты ту еткен үлкен тұлға! Сөз соңында айтарымыз, ол туған жері мен елін қорғауға соғысқа барды, қан төкті, жан беруге де әзір болды. Жаралы болып елге келді, жаралымын деп жатпады. Күн-түн демей, тер төкті. Замандастарының алдында жүрді. Кеген ауданының үлкен шаруашылықтарында соғыстан кейінгі ауыр жылдарда еңбек етті. Сондай азаматқа ауылдан бір көше берсе деген ойымыз күн өткен сайын сөніп барады.
Жеңіс мейрамында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлықталуы тиіс 500 ардагердің есімін айтып еді. Соның ішінде Жартыбай Қожашев та бар болатын. Жауапты өкілдердің айтуынша, ұлықталған есімдер тек бос көшелер болса ғана берілетін көрінеді. Яғни, Жалағаш ауылындағы біз сұраған көшеге емес, 30 үйі бар Жайдақбұлақ ауылындағы Шығыс көшесі ұсынылған сияқты. Онда тек 8 үй ғана бар. Көше архитектордың базасында бар болғанымен, іс жүзінде жоқ. Сонда біз сұраған Жалағаш ауылындағы көшеге есімі берілсе, не кедергі? Президент ұлықтау қажет деп тапқан ардагер есімі тағы да елеусіз қала ма? Осылай айтуға тура келіп тұр. Дегенмен, «Үмітсіз – шайтан», үмітіміз үзілмейді.

Советбек ДҮЙСЕНБАЕВ
Жалағаш ауылы,
Кеген ауданы

↑