Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 28 қазанда Қазақстан халқына «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын жариялағаны белгілі. Онда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың тұрмыс сапасын арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту және әлеуметтік саясатты жетілдіру бағытындағы бірқатар маңызды міндет айқындалған. Сонымен қатар, денсаулық сақтау мен білім беру саласына қатысты қадау-қадау ойлар айтылып, алдағы міндеттер анықталған.
– Күні кеше Қаскелең қаласында орналасқан Қазақ-Британ Халықаралық (ғылым және инновация) мектебіннің ұжымы Жолдауды талқылап, соған байланысты алда атқарар іс-жоспарларын сараптады.
Біз Президент Жолдауын ұжым болып тыңдап, үлкен әсер алдық, – дейді білім шаңырағының директоры Айгүл Тәңірбергенова. – Биылғы Жолдауда ел дамуының бірнеше жылын қамтитын ауқымды жобалар ойластырылған екен. Осы елдің азаматы ретінде бізді экономикадағы ірі бастамалар, әлеуметтік саладағы оңды өзгерістер, әлеуметтік жүйедегі аз қамтылған отбасыларына берілетін жеңілдіктер желпіндіріп тастады. Келесі жылды «Жалпыхалықтық құрылыс жылы» деп жариялауы да баспанасыз жүрген жандардың болашаққа деген сенімін нығайтқаны анық. Соның қатарында инклюзивті білім беруді дамыту, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасау, білім беру инфрақұрылымын жетілдіру және мұғалімдердің жұмыс жүктемесін азайту мәселелері ұстаздар қауымын тағы бір қуантып тастады. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Ұстаздың негізгі миссиясы – балаға сапалы білім беру, яғни сауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу», – деп атап өтіп, педагогтердің негізгі жұмысына кедергі келтіретін артық есептілік пен қағазбастылықты жою қажеттігін тапсырған болатын.
Расымен, мұғалімдердің міндетіне оқушыға сапалы білім берумен бірге, оларды тәрбиелеу, бос уақыттарын тиімді өткізу, басқа да толып жатқан міндеттер кіреді. Соңында өз балаларымызға қарау, үй тіршілігін жасауға уақытымыз қалмай жататын. Осыны түсінген Мемлекет басшысы жұмысымызды жеңілдететін шараларды белгілеп берді, – дейді Айгүл Қанатқызы сөзін қорытындылап.
Жолдауды талқылау барысында сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған инфрақұрылымды дамыту, маман тапшылығын азайту және балалардың диагнозын ерте жастан анықтау жұмыстарының маңыздылығы айтылды. Ұстаздар қауымы өздерін толғандырған мәселелерді талқылап, өзара ой бөлісті.
Қуат ҚАЙРАНБАЙ
Қарасай ауданы

