Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Райымбек ауданы тұрғындары 100 пайыз ауыз сумен қамтылған

Райымбек ауданы тұрғындары 100 пайыз ауыз сумен қамтылған

52 қаралым

Алматы облысының Райымбек ауданында тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 100 пайызға жетті. Бүгінде елдімекендердегі су жүйелерін жаңарту және шекара бөлімшелерін сумен қамту бағытында бірқатар жоба іске асуда. Бұл туралы аудан әкімі Дастан Құдабаев Алматы облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Биыл Көмірші, Текес, Қақпақ және Шәлкөде ауылдарындағы ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Төрт нысан да толық аяқталып, жұмыстар 100 пайызға орындалды. Жобалардың жалпы келісімшарт құны 170,3 млн теңге.
«Шекара бөлімшелерін тұрақты сумен қамтамасыз ету үшін үш бағытта құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Меркұлов шекара бөлімшесіне су алу ұңғымасы мен су құбырын салу жұмыстары 90 пайызға аяқталған. 2026 жылы бөлінген 93,9 млн теңге толық игерілді»,-деді аудан басшысы Дастан Құдабаев.
Бүгінде Өртенсай шекара бөлімшесінде су алу ұңғымасы мен су құбырын салу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта 24,4 млн теңге игерілген. Құрылыс-монтаж жұмыстарын бастауға қажетті құжаттарды рәсімдеуге байланысты түзету жұмыстары атқарылуда. Жобаны іске асыру үшін қосымша 197,9 млн теңге қарастырылған.
Аймақ басшысының сөзіне сүйенсек, аталған жобалар елді мекендердегі су жүйелерінің сапасын жақсартуға, сондай-ақ шекара бөлімшелерін тұрақты ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған.

«Алатау – Ақпарат»

↑