Перейти к содержимому
Басты бет / БАҚ / «САМҒАУ» МЕДИА СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЕРЕЖЕСІ

«САМҒАУ» МЕДИА СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЕРЕЖЕСІ

81 қаралым

«БЕКІТЕМІН»

Алматы облысының

ішкі саясат басқармасының басшысы

________________Т. Кенжебеков

«___»_________________2026ж.

«САМҒАУ» МЕДИА СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ЕРЕЖЕСІ
1. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

«Самғау» жүлдесі – облыстағы бұқаралық ақпарат құралдары (бұдан әрі — БАҚ) мен медиа саласының өкілдері арасында өткізіледі. Байқауды ұйымдастырушы – Алматы облысының ішкі саясат басқармасы.

«Самғау» байқауы Алматы облысының дамуын ақпараттық қолдауға бағытталған облыстық ауқымдағы іс-шара. Байқауға Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық және өзге де өзекті мәселелерін жариялап жүрген штаттағы немесе штаттан тыс авторлар, өңірлік газеттердің редакциялары, телерадиокомпаниялар, шығармашылық бірлестіктер мен ақпараттық агенттіктері қатыса алады.

2. БАЙҚАУДЫҢ МАҚСАТЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ

Медиа саласы өкілдері арасында «Самғау» жүлдесін тағайындауға бағытталған байқау өңір тұрғындарын облыстың тыныс-тіршілігімен кеңінен таныстыру мақсатында ұйымдастырылалы.

1. Байқаудың басты мақсаттары:

• Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық даму үрдістерін жан-жақты көрсету;

• Тәуелсіздік жылдарындағы өңір жетістіктерін насихаттау;

• Сапалы әрі бәсекеге қабілетті бұқаралық ақпарат құралдарын қолдау және дамыту;

• Заманауи медианың озық үлгілерін (блогинг, мобильді журналистика және басқалар) кеңінен дәріптеу;

• «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан», «Цифрлы Қазақстан», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», «Адал азамат», «Еңбек адамы», ҚР Президентінің Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі Жарлығы және басқа да мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобаларды кеңінен насихаттау.

2. Байқаудың негізгі міндеттері:

• Тәуелсіздік кезеңінде облыс қол жеткізген табыстарды, оның ішінде Алматы облысы бөлініп, өңір орталығы Қонаев қаласына көшірілгеннен кейінгі даму динамикасын ақпараттық және имидждік тұрғыда қолдау;

• Баспа және электронды БАҚ өкілдерінің шығармашалық әлеуетін арттыруға бағытталған рухани және материалдық ынталандыру тетіктерін қалыптастыру;

• Жергілікті журналистика саласында болашағынан үлкен үміт күттіретін жаңа есімдерді анықтау және олардың кеңінен танылуына қолдау көрсету.

3. БАЙҚАУ ҚАТЫСУШЫЛАРЫНА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР

• Өтінімдер осы ереже жарияланған күннен бастап, яғни 2026 жылдың 17 қарашасынан 16 желтоқсанына дейін қабылданады.

• Байқау өңірлік БАҚ-тарда, сайттар мен әлеуметтік желілерде 2026 жылдың 1 қаңтарынан 2026 жылдың 17 желтоқсанына дейінгі аралықта жарық көрген материалдар ғана жарамды болып есептеледі.

• Байқауда жүлделі орынға ие болған қатысушылар келесі екі жыл ішінде аталған байқауға қатыса алмайды.

• Байқауға мемлекеттік тапсырыс аясында дайындалған материалдар қабылданбайды.

3.1. Байқауға кімдер қатыса алады?

• Жеке ізденушілер – аймақтық және орталық БАҚ-та, облыстық, қалалық, аудандық мерзімді басылымдар мен телерадиокомпанияларда жұмыс істейтін журналистер (штаттағы және штаттан тыс қызметкерлер);

• Жазылушы аудиториясы кемінде 10К/50К болатын блогерлер, қоғамдастық әкімшіліктері;

• Номинант ұсынылған материалдардың заңды құқықтарына толық жауапты. Номинант туралы ақпарат өтінімді толтыру кезінде қолданылған орфография мен пунктуацияны сақтай отырып жарияланады.

4. БАЙҚАУ АТАЛЫМДАРЫ

Байқау негізгі және арнайы сыйлық бойынша өткізіледі.

Негізгі аталымдар:

1. Үздік мерзімді басылым журналисі

2. Үздік тележурналист

3. Үздік оператор

4. Үздік фототілші

5. Үздік дизайнер

6. Үздік мобилограф

7. Үздік жас журналист

8. Үздік блогер

9. Үздік медиаменеджер

10. Үздік мерзімді басылым

11. Үздік желілік басылым

12. Үздік коммуникация қызметкері

13. Үздік сөз сақшысы

14. Үздік техникалық маман

Арнайы сыйлықтар:

1. «Заң мен тәртіп» қағидаты тақырыбында жарияланған үздік материал (ТВ сюжет, мақала, бейнероликтер және т.б.);

2. «Таза Қазақстан» тақырыбына арналған үздік материал (ТВ сюжет, мақала, бейнероликтер және т.б.)

3. «Адал Азамат» тақырыбына арналған үздік материал (ТВ сюжет, мақала, бейнероликтер және т.б.)

5. КОНКУРС МАТЕРИАЛДАРЫН БАҒАЛАУ ӨЛШЕМДЕРІ

1. Байқау бір кезеңде өткізіледі.

2. Тіркелген баспасөз және электрондық БАҚ-та 2026 жылдың 1 қаңтары мен 2026 жылдың 17 желтоқсан аралығында эфирге шыққан немесе БАҚ бетіне жарияланған бір автордың 3 (телеарна үшін 2 сюжет, 1 арнайы репортаж, басылымдар үшін 3 ақпараттық-сараптамалық және талдау мақаласы, блогерлер үшін 3 пост, 3 бейнеүзінді) материалы ұсынылуы тиіс.

3. Берілген материалдардың біліктілік талаптарына сәйкестігін бағалау үшін ұйымдастырушылар әділқазылар алқасын құрып, бекітеді. Қазылар алқасы тиісті біліктілік талаптарына сәйкес материалдарды сараптамалық бағалау әдісімен саралайды.

6. БАҚ МАТЕРИАЛДАРЫН БАҒАЛАУ ӨЛШЕМДЕРІ (1-ден 5 баллға дейін):

• Ұсынылған номинацияға сәйкестігі;

• Мәселенің әлеуметтік маңызын азаматтық тұрғыдан көрсету шеберлігі;

•Материалды ұсынудағы жаңалық және ерекшелік, кәсібилік пен публицистикалық шеберлік;

• Жарияланым сапасы (тұжырымдар, цифрлар, фактілер) қаралады;

• Фото суреттердегі арнайы эффектілер 30%-дан аспауы керек, авторлық құқық бұзылмауы қажет;

• Ақпаратты жедел, нақты әрі сауатты ұсыну қабілеті;

• Жарияланған материалдардың тілдік сауаттылығы мен редакциялық сапасы.

7. БЕЙНЕМАТЕРИАЛДАРҒА ҚОЙЫЛАТЫН ЖАЛПЫ ТЕХНИКАЛЫҚ ТАЛАПТАР:

• Файлдың көлемі: 25 ГБ-қа дейін;

• Форматы: mp4;

• Видеокодек: H264 (MainConcept);

• Битрейт: 3 600 – 10 000 kbps аралығында;

• Ажыратымдылығы: 1280х720 немесе 1920х1080;

• Кадр жиілігі (framerate): 25 кадр/сек;

• Кілттік кадр (keyframe): әр 25 – кадр сайын.

• Материалдар MP4 форматында, full HD сапада болуы тиіс;

• Бейнематериалдардың ұзақтығы хронометражға шектеу жоқ;

• Фотоматериалдардың ажыратымдылығы кемінде 2398х3602 пиксель болуы керек.

8. БАЙҚАУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ

1. Байқауды үйлестіру ұйымдастырушыға жүктеледі.

2. Ұйымдастырушы байқауды өткізу кезінде деректер базасын әзірлеп, оның ішіне, байқауға қатысушылардың жіберген жұмыстарын, байқауға қатысушылардың тізімін, байқау жеңімпаздарынының тізімін енгізеді.

3. Ұйымдастырушы жұмыс барысында осы ережені басшылыққа алады.

9. БАЙҚАУДЫҢ ҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫ

1. Конкурстық жұмыстарды бағалау үшін ұйымдастырушы қазылар алқасын құрады.

2. Қазылар алқасы ізденушілер ұсынған материалдарды қарайды, саралайды және сараптамалық бағалау жасайды.

3. Қазылар алқасының құрамына конкурстың ұйымдастырушысынан бөлек, қоғамдық журналистік ұйым өкілдері, республикалық және аймақтық БАҚ басшылары, ғылым және қоғам қайраткерлері, байқаудың демеушілері (әріптестері) кіреді.

4. Қазылар алқасы байқау ұйымдастырушысы тарапынан бекітіледі.

5. Қазылар алқасының мүшелері байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне қатысуы тиіс.

6. Қажет болған жағдайда қазылар алқасы әр номинация бойынша қосымша талаптар қоюы мүмкін.

10. БАЙҚАУ ҚОРЫТЫНДЫСЫН ЖАРИЯЛАУ

1. Қазылар алқасы конкурстың қорытындысы бойынша жеңімпаздарды анықтайды. Марапатқа лайық материалдар болмаған жағдайда, қазылар алқасы жүлделі орын бермеу жөнінде байқау ұйымдастырушыларына ұсыныс жасауға құқылы.

2. Ресми қорытындыларды шығару және жеңімпаздарды бағалы сыйлықтармен марапаттау 2026 жылдың 25-30 желтоқсаны аралығында өтеді.

3. Ресми марапаттау салтанатына жүлделі орын алған журналистер, журналистік ұжымдар, қазылар алқасының мүшелері, ұйымдастырушылар мен демеушілер, мемлекеттік органдардың, іскер, академиялық және журналистік топтардың өкілдері қатысады.

4. Қазылар алқасымен анықталған байқаудың жеңімпаздары дипломдармен, мүсіншімен және ақшалай сыйақымен марапатталады.

11. БАЙҚАУҒА МАТЕРИАЛДАРДЫ ҰСЫНУ ШАРТТАРЫ

1. Байқауға қатысу үшін белгіленген мерзімнен бұрын немесе кейін жарияланған материалдар, сондай-ақ бұған дейін жарық көрген материалдардың көшірмелері (қайта басылымдары) қабылданбайды. Ұсынылған материалдар коммерциялық сипатта болмауы қажет.

2. Байқау материалдары (портфолио) қағаз түрінде (Алматы облысының әкімдігі, Индустриальная көшесі, 16/4, 102-кабинет) және электронды мекенжай бойынша қабылданады: bedelbayevassylbek01@gmail.com

3. Байқау жұмыстары қазақ және орыс, қажет болған жағдайда ағылшын тілдерінде қабылданады.

4. Ұсынылатын құжаттар:

• Байқау өтінімі (1 қосымша);

• Жеке куәлік көшірмесі;

• Өмірбаяны;

• Білімін растайтын диплом немесе сертификат;

• Жұмыс орнынан анықтама;

• Жетістіктері (Алғыс хат, грамоталар, мемлекеттік наградалар);

• Аталым бойынша жұмыс материалдары (2 қосымша).

5. Байқауға ұсынылған материалдар рецензияланбайды және кері қайтарылмайды. Бұл материалдар толығымен немесе ішінара бұқаралық ақпарат құралдарында, облыс әкімдігінің ресми сайтында және басқа да ресурстарда жариялануы мүмкін.

Қосымша сұрақтар бойынша телефон: +7 707 724 2727 (Алматы облысының ішкі саясат басқармасы).

↑