Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / Сапалы білім – кәсіби біліктілік

Сапалы білім – кәсіби біліктілік

87 қаралым

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың   «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты биылғы Жолдауы қоғамда үлкен қызығушылық тудырды. Мемлекет басшысының алдағы жылды «Халықтық құрылыс» жылы деп жариялап, бұл бағдарламаны іске асыруға және ауқымды инфрақұрылымдық жаңғыртуға 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан 6,5 триллион теңге бөлінетіні, оның 1,5 милларды 2027 жылдың наурыз айына дейін игерілетіні  әлеуметті әсіресе қуантты.

Қазір бұл бағдарламалық құжат барлық мемлекеттік ұйымдарда, өндірістік кәсіпорындарда, оқу орындарында, жергілікті жерлерде кеңінен талқыланып жатыр. Осындай жиын жас мамандардың қатысуымен Талғар агробизнес және менеджмент колледжінде де өтті. Бұл арнаулы оқу орны негізінен ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын және аудан аграрлы өңір болғандықтан, талқыланған мәселелердің де басым бөлігі ауыл мен агроөндірістік салаға қатысты болды.

Кездесуді ашып, оны жүргізіп отырған  колледж директоры Динара Бозымбекова Жолдаудың мән-маңызы мен онда айтылған мәселелердің ауыл шаруашылығын дамыту, ауылды көркейту, бұл салада еңбек ететін білікті мамандар даярлаудың өзектілігі жөнінде кең түрде әңгімелеп, өз ойларын ортаға салды.

Мемлекет басшысының биылғы Қазақстан халқына Жолдауы қалыптасқан дәстүрлі мерзімнен анағұрлым кеш жарияланды. Сондықтан да болар, халқымыз алдағы бірнеше жылда атқарылатын міндеттерді айқындайтын бұл бағдарламалық құжатты асыға және Президент қандай міндеттер жүктер екен, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында қандай ұнамды өзгерістер болар екен – деген үлкен қызығушылықпен күтті. Жұртшылықтың жақсы өзгерістер басталады деген үміті мен сенімі де болғанын айта кету керек. Шынын айтсақ, бұл үміт ақталды деуге болады.

Қасым-Жомарт Кемелұлы қазір дүниежүзі жаңа тарихи дәуірге қадам басқанын, бұл дәуірдің барша адамзат үшін оңай болмайтынын айтты.

 «Алпауыт елдер мен халықаралық одақтар арасындағы қарама-қайшылықтардың ауқымы өсіп бара жатыр. Халықаралық қатынастағы шиеленістер мен озбырлықтың салдарынан қақтығыстар мен соғыстар белең алды. Кейбір мемлекеттердің ішкі және сыртқы саясатында әсіре ұлтшылдық күшейді. Әлем экономикасында теңсіздіктер мен қайшылықтар ушыға түсті. Кейбір мемлекеттер экономикалық дамуда артта қалып, кейбір елдер жасанды интеллект саласында теңдессіз табысқа жетуде. Халықаралық құқықтың мән-маңызы кете бастады», – деген Президент осындай тарихи кезеңде еліміздің алдында тұрған міндеттерді бірме-бір атап, түсіндіріп өтті.

Әрине, ел басшысы өткен жылдарда атқарылған жұмыстар, пайдалануға тапсырылған өндірістік және әлеуметтік нысандар мен басқа да игіліктер жөнінде мол мәліметтер келтірді. Сонымен бірге кемшіліктерді де сынады. 

«Қазақстан – әлем қауымдастығының ажырамас бөлігі. Мемлекетіміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Қазіргі заман бұлыңғыр, тұрақсыз болса да, біз бәріміз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект дәуіріне қадам бастық. Менің негізгі мақсатым – осындай түрлі қатерге толы кезеңде еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Өскелең ұрпақ бақытты, берекелі өмір сүруге тиіс. Сол үшін бәріміз бір ұлт болып, табанды еңбек етуіміз керек. Бұл – баршамызға ортақ өте маңызды жұмыс, аса жауапты азаматтық және ұлттық міндет» – деген Президент біртұтас ұлт ретінде жұмыла еңбек ету қажеттігін баса айтты.

Сондықтан, біз жастарға сапалы білім беріп, ертең түрлі салаларда, әртүрлі кәсіпорындарда еңбек етіп, өз болашағын қалыптастыруды, елі үшін еселі еңбек етуді армандайтын түлектеріміздің кәсіби біліктілігі мықты, адамгершілік қасиеттерінің жоғары болуы үшін бар күшімізді салуымыз керек. Олардың білім мен өндірсті ұштастырып, мол тәжірибе жинауына мейлінше жағдай жаратуымыз керек, – деді кезінде институттан кем саналмаған, 1930 жылдан бері Талғар қаласында халық шаруашылығы үшін мыңдаған маман даярлаған тарихы терең орта арнайы оқу орнының директоры Динара Боларбекқызы.

Ал жас мамандар жетекшісі Айгүл Алпысбаева болашақта жұмысшы мамандықтарының иесі атанатын біздің түлектеріміз өз ісін тыңғылықты атқаратын, «Заң мен тәртіп» қағидаттарын бұлжытпай басшылыққа алып, жұмыс орнының, жалпы айналасының таза болуына баса мән беретін және оны басқалардан да талап ететін ұқыпты, жауапкершілігі жоғары тұлға болып қалыптасуы керек. Бұл тұрғыда Президентіміз:

«Еліміздің саяси жүйесі анағұрлым озық әрі ашық бола түсті. Азаматтарымыздың сана-сезімі, болмысы өзгеріп жатыр. Соның арқасында халқымыздың мемлекеттік институттарға, заңға және әділдік пен тәртіпке деген сенімі нығаюда. Бірақ алдымызда ауқымды жұмыс бар. Қоғамды жаңғырту үшін әлі де көп шаруа атқаруымыз керек.

Қазір ел экономикасында реформалар жүргізіліп жатыр. Инфрақұрылымға және жаңа өндіріс орындарын ашуға қомақты инвестиция салынып жатыр. Мұның бәрі халықтың әл-ауқатын және еліміздің әлеуетін арттыру үшін жасалып жатқаны айдан анық. Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе, жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр. Басқаша болуы мүмкін емес. Себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек. Әйтпесе артта қалудың салдары өте ауыр болады» – деп, Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек деген міндет қойды. Бұл – жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғырту үшін өте-мөте қажет.

Сондықтан, әлемдік көштен қалмай, еліміз тұрақты да қарқынды дамуы үшін жастар, әсіресе жас мамандар өздеріне осындай мақсат қойып, соған жетуге ұмтылулары тиіс, – деді.    

Президент Жолдауын талқылау ашық әрі еркін өтті. Жиын барысында сөзге шыққан оқытушылар  бұл маңызды құжатта көтерілген негізгі бағыттар мен міндеттерге тоқталып, білім беру саласын дамыту, кәсіби білім сапасын арттыру, жастардың әлеуетін қолдау және елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты басымдықтарды қызу талқылады. Кездесу барысында жас мамандар өз пікірлерімен бөлісіп, Жолдауда белгіленген міндеттердің маңыздылығын атап өтті. Олар әсіресе ауыл және мал шаруашылығы, азық-түлік өндіру мен өңдеу өнеркәсібін, туризмді дамыту жөніндегі міндеттер жөнінде өз ойларын қысылмай-қымтырылмай айтты.

Жиын өте мазмұнды өтті. Мұндай кездесулер педагогтердің азаматтық ұстанымын нығайтып, кәсіби жауапкершілігін арттыруға, жастардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығын да күшейтуге зор ықпал ететіні сөзсіз!

Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ

Талғар ауданы

↑