Перейти к содержимому
Басты бет / Барлық жаңалықтар / ШАРУАЛАРҒА – ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН ЛИЗИНГ ПЕН ЗАМАНАУИ ТЕХНИКА

ШАРУАЛАРҒА – ЖЕҢІЛДЕТІЛГЕН ЛИЗИНГ ПЕН ЗАМАНАУИ ТЕХНИКА

63 қаралым

Іле ауданындағы Almaly Agrocenter алаңында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған ашық есік күні өтті. Егін жинау науқанының аяқталуына орай ұйымдастырылған іс-шарада шаруаларға заманауи ауыл шаруашылығы техникалары таныстырылып, жеңілдетілген лизинг пен мемлекеттік субсидия алу мүмкіндіктері түсіндірілді.

Жиынға Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы қатысып, ауыл шаруашылығы саласын дамытуда техникалық паркті жаңартудың маңыздылығына тоқталды.

«Заманауи техника еңбек өнімділігін арттырып, шығындарды азайтуға және дала жұмыстарын уақытылы жүргізуге мүмкіндік береді. Мемлекет шаруаларға жеңілдетілген лизинг пен субсидиялар арқылы қолдау көрсетуді жалғастырады», – деді ол.

Көрме алаңында топырақ өңдеу жабдықтарынан бастап, астық жинайтын комбайндарға дейінгі техникалар ұсынылды. Атап айтқанда, жылдық мөлшерлемесі 5–6 пайыз болатын жеңілдетілген лизинг бағдарламалары мен отандық техниканың құнының 30 пайызына дейінгі субсидия алу жолдары таныстырылды.

Іс-шараға «Агротехменеджмент», CT Agro және «КосАгроКоммерц» компаниялары қатысты. «Агротехменеджмент» өкілі Талғат Шахуов Көкшетауда құрастырылатын YTO тракторларын, LiuGong арнайы техникасы мен Farmet топырақ өңдеу жабдықтарын таныстырды. Ал CT Agro компаниясы Claas, Horsch, Lemken және Geringhoff брендтерінің өнімдерін ұсынды.

Сонымен қатар «КосАгроКоммерц» мамандары өсімдіктерді қорғау құралдары, тыңайтқыштар мен тұқым түрлерін таныстырып, топырақ пен суды зерттеу зертханасының мүмкіндіктері туралы айтты. Мамандардың пікірінше, топырақ құрамын алдын ала талдау тыңайтқыштарды тиімді пайдалануға және артық шығынның алдын алуға көмектеседі.

Көрмеге қатысқан «ДакеКом» шаруа қожалығының жетекшісі Дәурен Әбдіришев мұндай шаралардың шаруалар үшін тиімді екенін атап өтті. Оның айтуынша, бір алаңда техниканы таңдап, жеңілдетілген қаржыландыру рәсімдеу мүмкіндігі уақытты үнемдеп, шаруашылықты дамытуға жол ашады.

Ашық есік күні техника өндірушілерді, қаржы ұйымдарын, қызмет көрсетуші компаниялар мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді бір арнаға тоғыстырды. Мұндай кездесулер шаруалардың жаңа технологиялармен танысуына, мемлекеттік қолдау мүмкіндіктерін тиімді пайдалануына және өндірістік әлеуетін арттыруына мүмкіндік береді.

Іле ауданы әкімінің баспасөз қызметі

↑