Перейти к содержимому

Теңге – тұрақтылық негізі

80 қаралым

Қазақстанда 15 қарашада ұлттық валюта – Теңге күні атап өтіледі. Қолданысқа енгізілген кезеңнен бастап ұлттық валюта мемлекеттік тәуелсіздіктің маңызды символы ғана емес, сонымен қатар елдің қаржы жүйесінің негізіне айналды. Бүгінде  ел экономикасының  алдында  баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, цифрлық қаржы құралдарын дамыту және алаяқтыққа қарсы әрекет ету сынды  маңызды  міндеттер тұр. Қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Қазақстан Ұлттық банкі Алматы облыстық филиалының директоры Әсет Мұстафинмен сұхбаттасқан едік. Әңгімеміз ұлттық экономикалық үдерістер жайында өрбіді.

– Әсет Жапарұлы,  еліміздегі  қазіргі макроэкономикалық жағдаят өңірімізге қалай әсер етеді? Ұлттық банктің жергілікті жерлердегі басты бағыттары  туралы да айта кетсеңіз.
– Ұлттық банктің басты стратегиялық міндеті өзгеріссіз қалады. Бұл – баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, яғни инфляцияны тежеу. Біз үшін маңыздысы – бағаның өсуі халықтың табысынан аспауы қажет.
Өңір туралы айтар болсақ, мұнда теңгерімді динамиканы байқаймыз. Экономика сыртқы және ішкі факторларға бейімделуде. Біздің филиал ретіндегі міндетіміз – макрокөрсеткіштерді кабинеттен бақылап қана қоймай, жағдайды көзбен көріп, шынайы бағамдау. Өңірлік нарыққа зер салып, азық-түлік қауіпсіздігі, жергілікті есеп пен төлемдер инфрақұрылымы қаншалықты тұрақты жұмыс істеп жатқанына баса назар аудару. Біз ақша-кредит саясатының серпіні әрбір ауданға жетуі үшін бұл жұмысты орталық аппаратпен және жергілікті атқарушы органдармен тығыз үйлестіреміз.
– Қаржы жүйесінің дамуындағы жаңа бағыттардың бірі цифрлық теңге екені анық. Бұл формадағы ақша үйреншікті қолма-қол ақшамен салыстырғанда қолдану бойынша қандай да бір шектеулерге ие ме?
– Жоқ. Сандық теңге қарапайым қолма-қол ақшамен салыстырғанда қолдану бойынша ешқандай шектеулерге ие емес, себебі ол ұлттық валютаның толыққанды нысаны  саналады. Бір сандық теңге басқа нысандардағы бір теңгеге тең. Онымен төлем жасауға, аударуға, сондай-ақ қолма-қол немесе қолма-қол емес ақшаға айырбастауға болады. Қолма-қол, қолма-қол емес немесе сандық нысанды таңдау тұтынушының өз еркінде.
«Бағдарламаланатын» төлемдер туралы айтар болсақ, олар белгілі бір мақсатта жүзеге асырылады. Бұл азаматтардың операцияларына қатысты емес, заңды тұлғалардың жекелеген төлем түрлеріне байланысты жүргізіледі. Мысалы, бюджеттік қаражатты пайдаланған кезде мемлекет төлемші ретінде олардың мақсатты тағайындауын белгілейді.
Азаматтардың сандық теңгедегі жеке қаражаттары ешқандай шектеулерге жатпайды. Сонымен қоса  олардың жұмсалу шарттары белгіленбейді.
– Жинақтарды сақтау және азаматтарды шамадан тыс қарыз жүктемесінен қорғау мәселесі бүгінде ерекше өзекті. Ұлттық банк теңгелік жинақтарды қолдау және тұтынушылық кредит беруді реттеу бойынша дәйекті жұмыс істеп келеді. Бұл шаралар біздің облыс тұрғындарына қалай әсер етеді?
– Біз теңгелік депозиттердің кірістілігі халық үшін тиімді екенін көріп отырмыз. Бұл – ақша-кредит саясатының саналы қадамы. Салым бойынша жоғары пайыз адамдарды қаражатын импорттық тауарларға жұмсауға емес,  жинақтауға ынталандырады, бұл инфляцияны тежеуге тікелей көмектеседі. Біздің өңірдің тұрғындары сенімді депозиттерді ұлттық валютада  сақтауды жиі таңдайды. Өйткені  тұрақтылық капиталды қорғауға зор мүмкіндік береді.
Тұтынушылық несиелеуге келетін болсақ, мұнда азаматтардың шамадан тыс борыштық жүктемесін болдырмауға  басымдық беріледі. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлесіп, қарыз алушылардың төлем қабілеттілігін бағалау талаптарын үнемі жетілдіріп отырады. Кредит адамдардың маңызды өмірлік міндеттерін шешуге қызмет етуі тиіс. Алайда отбасыларда шамадан тыс қаржылық жүктеме болмауы керек. Осы ретте біз өңірдің қаржы жүйесінің тұрақты және орнықты жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін бақылап отырамыз.
– Банктік технологиялар дамыға­ны­мен, алаяқтық операция­лар әлі де аз емес. Ұлттық банктің Антифрод орталығы екі жылдан бері осы бағытта жұмыс істеп келеді. Бұл қаржы алаяқтарымен күресуде  қаншалықты тиімді?
– Бұл істе айтарлықтай нәтиже бар. Екі жыл ішінде Антифрод орталығы 200-ден астам қатысушыны біріктіріп, нақты уақыттағы деректер алмасу арқылы 124 млрд теңгеден астам қаражаттың ұрлануына жол бермеді.
Біз банктердің жауапкершілігін қатаңдаттық.Егер аударым «қара тізімдегі» алаяққа жасалса, ұйым клиентке залалды өтеуге міндетті. Бұғатталған қаражатты қайтару енді сотсыз жүзеге асады.
Реакция жылдамдығы бірнеше күннен лезде бұғаттауға дейін өсті. Байланыс операторлары мен криптопровайдерлер де жүйеге қосылды.
Алаяқтар жаңа алдау схемаларын үнемі ойлап тапқанымен, біз қаражаттың ұрлануын алдын ала анықтап, қауіптерді болдырмау үшін жасанды интеллект енгізіп жатырмыз.
– Сұхбатымыздың соңында Ұлттық валюта күнінде облыс тұрғындарына  қандай кеңес айтқыңыз келеді? Қазіргі жағдайда жеке қаржыны басқаруда қандай мәселеге ерекше назар аудару қажет?
– Әрбір азаматтың қаржылық тұрақтылы­ғының маңызды шарты жеке қаржыға жауапты қатынастың болуы. Осыған байланысты жинақ құрауда, отбасылық бюджетті ұтымды жоспарлауда және несиелерді рәсімдеу кезінде өз қаржылық мүмкіндіктеріңізді бағалауға зейін қою керек деп ойлаймын. Халықтың экономикалық сауаттылығын көтеру және шығыстарды жоспарлай білу қаржылық игіліктің маңызды факторлары  саналады. Өз тарапымыздан біздің филиал өңірдің қаржы жүйесінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету бойынша істі жалғастырып, халыққа қажетті консультациялық қолдау көрсетуге дайын екенін айтқымыз келеді.
Еліміз үшін маңызды мереке қарсаңында облыс тұрғындарын және қаржы саласы мамандарын Ұлттық валюта күнімен құттықтаймын! Алматы облысындағы Ұлттық банк филиалының атынан баршаңызға қаржылық тұрақтылық, өркендеу және ертеңгі күнге сенімділік тілейміз!
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Ерзат АСЫЛ

↑