Перейти к содержимому
Басты бет / Әлеумет / «Тоннасы 24 мың теңге»: Алматы облысының халқы қыста қанша тонна көмір жағады?

«Тоннасы 24 мың теңге»: Алматы облысының халқы қыста қанша тонна көмір жағады?

223 қаралым

Тұрғындарды көмірмен қамтамасыз ету үшін Алматы облысына 379 мың тонна қатты отын жеткізілді. Биыл қыста халық 666 мың тонна көмір жағады деп жоспарланған. Қазір қоймаларға қажетті отынның 57 пайызы жеткізілді. Қалғаны жылу маусымы аяқталғанша кезең-кезеңімен тасымалданады.

Облыс аумағында көмір сататын 35 пункт жұмыс істейді. Онда негізінен «Шұбаркөл» мен «Қаражыра» және «Ойқарағай» кен орнының қоңыр көмірі сатылуда. Бір тонна қатты отынның бағасы 24 000-27 000 теңге аралығында. Ол қойманың орналасқан жеріне және теміржол тұйығынан қашықтығына байланысты өзгереді. Сондықтан әр елді мекенде көмір құны әртүрлі болуы мүмкін.

Теміржол тұйықтары жоқ елді мекендерге көмір автокөлікпен тасымалданады. Ал шалғай орналасқан Райымбек және Кеген аудандарын қатты отынмен қамтамасыз ету үшін жергілікті «Ойқарағай» кен орнының көмірі пайдаланылады.
Алматы облысының энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Нұрлан Өмірхановтың айтуынша, көмір жеткізу бекітілген кестеге сәйкес жүргізіліп, қоймалардағы қор үнемі толықтырылып отырады. Сондай-ақ, басқарма көмір бағасын екі апта сайын тексеріп, тұрақты бақылауда ұстайды.

«Көмір тапшылығы, жеткізілімнің кешігуі немесе бағаның негізсіз өсуі бойынша тұрғындардан шағым түссе, оларды аудан және қала әкімдіктерімен, көмір жеткізушілермен бірлесіп қараймыз. Ал көмір бағасын қолдан көтеру немесе нарықтағы бәсекелестікке кедергі келтіру деректері анықталса, тиісті материалдар Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментіне жолданады. Сондықтан тұрғындар шағымданған кезде сатушының атауын, көмір сатылатын орынның мекенжайын, сатып алған күнін және бағасын көрсетіп, төлем түбіртегін қоса ұсынуы қажет. Бұл мәселені жан-жақты қарауға көмектеседі», – деді Нұрлан Өмірханов.

«Алатау – Ақпарат»

↑