Перейти к содержимому

Үміт отын жаққан

151 қаралым

Әр баланың бойында ашылмаған бір әлем, танылмаған бір қабілет, қолдауды қажет ететін бір үміт бар. Сол әлемнің есігін ашып, баланың өз мүмкіндігін тануына көмектесу – үлкен жүрек пен кәсіби біліктілікті талап ететін жауапты міндет. Әсіресе ерекше қажеттілігі бар балалар үшін дер кезінде көрсетілген қолдау олардың болашағына бастар маңызды баспалдақ болмақ.

Бала бойындағы кішкентай жетістіктің өзі – үлкен жеңістің бастауы. Осындай ізгі мақсатты ту еткен мекемелердің бірі – Райымбек ауданындағы «№13 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті» КММ. Мұнда әр баланың даму ерекшелігіне қарай жұмыс жүргізіліп, сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға, танымдық қабілетін жетілдіруге, қоршаған ортамен қарым-қатынас жасауына және қоғамға бейімделуіне қолдау көрсетіледі.
Аудан орталығы Нарынқолда орналасқан мекеме 2021 жылы ашылған. Негізгі мақсаты – арнайы білім беру ұйымдарына баратын балалар­ды қоспағанда, 18 жасқа дейінгі психо­физика­лық дамуында бұзылысы бар балалар мен жасөспірімдерге кешенді психологиялық-педагогикалық көмек көрсету, оларды жан-жақты қолдап, қоғамға бейімдеу. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтін педагогтерге әдістемелік кеңес беру.
Аталған мекемеде 2021 жылдың желтоқсан айынан биылғы жылдың қазан айына дейін 240 балаға түзету-дамыту жұмыстары жүргізілген. Мұнда көбіне сөйлеу тілі тежелген балалар келеді. Осындағы білікті мамандардың арқасында қатарынан қалмай сөйлеп кеткен жеткіншектер жетерлік. №13 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинетінің қызметкерлері тек тіл дамуының тежелуі ғана емес, сонымен қатар тірек-қимыл аппараты және мінез-құлық бұзылысы, аутизм сынды мәселелері бар балалармен де жұмыс істейді.
Фариза Рабатова жетекшілік ететін ұжым­да әдіскер Жанна Әденова, логопед Баян Шалғынбаева мен Гүлден Бүкеева, музыкалық жетекші Маржан Қорабаева, дефектолог Эльмира Сәбитова, дене шынықтыру мұғалімі Нұрбек Сәрсембаев, медбике Айдана Сатыбалды, есепші Сабина Серікқызы, іс-қағаз жүргізуші Дәрия Абирова, шаруашылық меңгерушісі Мұрат Жұмаділов, сондай-ақ, Берікбол Шоқан, Серікбол Сапа, Нұрбек Егізбаев, Әсем Молдыбекова, Гүлдан Сапа сынды қызметкерлер еңбек етеді. «Қазіргі таңда бізге педагог-психолог маманы қажет. Сонымен қатар логопед және дефектологқа сұраныс жоғары», – дейді мекеме басшысы Фариза Серікқызы.
Бүгінде 45 балаға кешенді психологиялық-педагогикалық көмек көрсетіп отырған мекеме Райымбек аудандық спорт мектебі жатақханасының бірінші қабатында орналасқан. Дегенмен әлеуметтік маңызы мекеменің кең әрі жеке ғимаратының болуы артық етпес еді. Себебі мамандарға деген сұранысқа байланысты қосымша кабинет қажет болатыны белгілі.
Қорыта айтқанда, «№13 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті» мекемесінің бес жылға жуық уақыт ішінде атқарған жұмысы – бала тағдырына бейжай қарамайтын мамандардың табан­дылығы мен жанашырлығының айқын көрінісі.

Ақерке БИЖАН

Райымбек ауданы

↑