Перейти к содержимому
Басты бет / Әлеумет / Үш ауысымды мектептер, саяжай және футбол: Алматы облысының әкімі Іле ауданы халқының өзекті сұрақтарына жауап берді

Үш ауысымды мектептер, саяжай және футбол: Алматы облысының әкімі Іле ауданы халқының өзекті сұрақтарына жауап берді

121 қаралым

Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов Іле ауданының халқымен кездесті. Жиында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы баяндалып, тұрғындарға есеп берілді. Сондай-ақ өзекті мәселелер көтеріліп, жергілікті тұрғындар көкейінде жүрген сұрақтарына жауап алды. Аймақ басшысы азаматтарды жеке мәселелері бойынша да қабылдап, олардың өтініш-талаптарына құлақ түрді,– деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Бүгінде облыс бюджетінің 50 пайызға жуығын Іле ауданы беріп отыр. Биылғы тоғыз айда аудандық бюджеттің жалпы кірісі 512 млрд теңгеге жетті. Жыл басынан 17 ірі және орта жоба іске қосылып, инвестиция көлемі 210 млрд теңгені құрады. Нәтижесінде 1200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды. Одан бөлек, жыл соңына дейін жалпы құны 12 млрд теңге болатын үш ірі жоба іске қосылып, 300-ден астам тұрғын жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

Инвестиция кәсіпорындарға ғана емес, әлеуметтік салаларға да тартылуда. Атап айтқанда, Өтеген батырда жаңа спорт кешені ашылса, Байсерке ауылында картинг орталығының құрылысы жүргізілуде. Аймақ басшысының сөзінше, облысқа тартылған жалпы инвестицияның 25,7%-ы Іле ауданына тиесілі, соның нәтижесінде аудандар арасында көш бастап тұр.

Жиында облыс әкімі қауіпсіздік инфрақұрылымын дамыту, тұрғындарға жайлы жағдай жасау және саяжай мәселесіне кеңінен тоқталды. Мысалы, өткен аптада ғана Іле ауданының Нұрғиса Тілендиев ауылында «Әмбебап ауыл бекеті» пайдалануға берілді. Бұл нысанның ерекшелігі – жедел жәрдем, полиция және өрт сөндіру қызметтерінің бір нүктеде шоғырлануы.

Тұрғындардың жайлы өмірі үшін Өтеген батыр ауылындағы Титов көшесіне абаттандыру жұмысы жүргізілді. Жоба аясында 2,6 шақырым жаяу жүргіншілер жолы мен 4 мың шаршы метрге жуық аллеяға жарықтандыру, көгалдандыру, суару жүйелері орнатылды, сондай-ақ балалар және спорт алаңдары, демалыс аймақтары жасақталды. Ал Ащыбұлақ ауылдық округіндегі «Жомарт» саяжайында құны 1,7 млрд теңгені құрайтын сумен жабдықтау желісінің құрылысы мен қайта жаңғыртуы толық аяқталды. Нәтижесінде 6 мыңға жуық тұрғын орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілді. Оған қоса, биыл ауданның 17 ауылында жалпы ұзындығы 78 шақырым автомобиль жолын орташа жөндеуге 3,2 млрд теңге бөлініп, жөндеу жұмысы толығымен аяқталды. Осылайша, барлығы 107 көше жөндеуден өтті.

Соңғы жылдары саяжайды жыл он екі ай паналайтын тұрғындардың саны артып келеді. Осыған байланысты Көкқайнар, Жәпек батыр, Асқар Тоқпанов және Жайнақ ауылдарының Бас жоспарлары бекітіліп, олардың шекарасына 61 саяжай енгізілді. Қалған 49 саяжай кезең-кезеңімен елді мекендер аумағына кіретін болады.

«Алдағы уақытта да ауданның әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамыту, халықты әлеуметтік қолдау және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады», – деді Шыңғыс Сайранұлы.

Іле ауданындағы өзекті мәселелердің бірі – үш ауысымды мектептер. Мұны шешу үшін биыл «Келешек мектептері» жобасы аясында Нұрғиса Тілендиев ауылында 900 орынды жаңа мектеп қолданысқа берілді. Сондай-ақ Өтеген батыр, Байсерке және Жайнақ ауылдарында жеке инвестор қаражаты есебінен мектеп құрылысын бастау жоспарлануда.

Мәдениет саласы бойынша Боралдай кентіндегі 280 орынды жаңа мәдениет үйін жыл соңына дейін қолданысқа беру жоспарлануда. Одан бөлек Асқар Тоқпанов ауылында 280 орынды мәдениет үйінің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданды.

Медициналық қызмет сапасын жақсарту мақсатында келесі жылдың басында Өтеген батыр ауылында құны 10 млрд теңге болатын 125 орынды перзентхана бой көтереді.

Жиын барысында тұрғындар түйткілді мәселелерді көтеріп, жауапты мамандардың түсіндірмесін тыңдады. Олар жол, жарық, ауызсу, газ мәселесі, әлеуметтік нысандардың жеткіліксіздігі, заңсыз құрылыс, автобус пен аялдамалардың жай-күйі, көпір салу бойынша сауалдарын жолдады. Тұрғындардың бірі Байсеркеден Өтеген батыр ауылына өтетін теміржол өткелінде кептеліс көп екенін, соған байланысты көпір салып беруді сұрады. Аймақ басшысының сөзінше, көпірдің құрылысы келесі жылы басталады.

Тағы бір тұрғын Өтеген батыр ауылындағы стадионға жөндеу жүргізіліп, Алматы облысының футбол командасы құрылса деген өтінішін айтты. «Қазіргі таңда аталған стадион Алматы облыстық спорт басқармасының теңгерімінде. Оны аудан қарамағына өткізіп, жөндеу жұмысын бастауды жоспарлап отырмыз. Ал Алматы облысының футбол командасы Талғардағы «Атлетико де Мадрид» академиясының базасында жасақталады. Кейін олар Қазақстан лигаларында өңірдің намысын қорғайтын болады», – деді Шыңғыс Сайранұлы.

«Жастар саяжайы Жайнақ ауылының құрамына қашан кіреді?» деген де сауал қойылды. Іле ауданы әкімінің сөзінше, қазіргі таңда жоба мемлекеттік сараптамаға жолданған. Жыл соңына дейін оң қорытындысы шықса, келесі жылы елді мекенге қосылады.

Жергілікті халық сондай-ақ Қараой ауылында дәрігерлік амбулатория, Ащыбұлақ ауылдық округінде спорт кешенін салып беруді өтінді. Бүгінде екі нысанның да жобалық-сметалық құжаты дайын, қаржы бөлуге өтінім жолданған.

Ақсай ауылында мектеп мәселесі көптен бері шешімін таппай келеді. Елді мекендегі білім ошағының іргетасы 1958 жылы қаланған. Биыл үшінші жыл қатарынан үш ауысымда оқып жатыр. Бастауыш сынып оқушылары Мәдениет үйіне барып білім алуға мәжбүр.

«Балаларымыз жаңа, заман талабына сай мектепке қашан ауысады?» – деген сұрақ қойды тұрғындардың бірі.

«Өкінішке қарай, Іле ауданы елімізде үш ауысымды оқыту бойынша алдыңғы орында тұр. Бұл түйткілді шешу үшін бар күшімізді саламыз. Ақсай ауылында жаңа мектептің құрылысы көктемге қарай басталады деп жоспарлап отырмыз», – деді облыс әкімі.

«Алатау – Ақпарат»

↑