Райымбек ауданы шығысында Қытай Халық Республикасымен, оңтүстік батысында Қырғызстанмен, солтүстігінде Ұйғыр, батысында Кеген ауданымен шекараласады. Құрамына 11 ауылдық округ, 20 елдімекен кіретін аудан экономикасының негізгі тірегі – ауыл шаруашылығы. Ауыл шаруашылығы саласын дамытумен қатар өндіріс көлемін арттыру бағытында жүзеге асырылып жатқан ілкімді істер мен толымды тірліктер жайлы аудан әкімі Дастан Құдабаев өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерін хабардар етті.
Аудан басшысының сөзіне сүйенсек, өнеркәсіп өндірісі, ауыл шаруашылығы өнімдері, бөлшек және көтерме сауда айналымы, құрылыс жұмыстары және тартылған инвестиция көлемі 100 пайыздан асып отыр. Салық түсімдерінің жоспары 1 қазанға дейін 99,1 пайызға, оның ішінде жергілікті бюджетке түсетін кірістер 110,7 пайызға орындалған. Ірі қара 68 100,6 %-ға, ұсақ мал 103,8 %-ға, жылқы 104,3 %-ға, құс 146,7 %-ға өскен. Сонымен қатар ет пен сүт өндіру 100 пайыздан асса, жұмыртқа өндірісі 200 пайызға жуықтаған. 2106,6 га жайылымдық, 579,9 га егістік жер ауданның жер қорына қайтарылған. 752 га жер телімінің құжаттары сотқа жолданған. Жер қорына өткен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайта айналымға енгізу үшін конкурс өткізіліп, 2 901,2 га жер 65 шаруа қожалыққа таратылған.
– Биыл аудан бойынша 42,1 мың га ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Ауыспалы егіс жүйесін енгізу және егіс алқаптарын әртараптандыру нәтижесінде дәнді дақылдардың көлемі 1 517 га ұлғайды. Суды көп қажет ететін дақылдардың үлесін кезең-кезеңімен қысқартып, олардың орнына су үнемдейтін әрі табыстылығы жоғары дақылдардың көлемін ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар мал азығы қорын молайту мақсатында көпжылдық шөптердің көлемін сақтау және оңтайландыру, картоп сияқты жоғары табысты дақылдардың егіс көлемін арттыру бағытында жұмыстар қолға алынды. Орташа өнімділігі бойынша гектарына картоп 220,9, жаздық бидай 22,6, жаздық арпа 20,9 центнерді құрады. Биыл өткен жылмен салыстырғанда дәнді дақылдар мен картоптың егіс көлемі ұлғайып, егін жинау науқаны жоспарлы түрде аяқталды. Аудан көлемінде 6 мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Оның 5-еуі қой бордақылауға мамандандырылған. Сыйымдылығы 2 500 басқа дейін жетеді. 500 бас ірі қара мал бордақыланады. 9 балық өсіру бассейні қазылып, оның 2-еуінде жеке кәсіпкерлер өз жұмысын жүргізуде. Сонымен қатар омарта шаруашылығы бағытында 4 кәсіпкер жұмыс істеп, бал өндірісімен айналысуда. Көктемгі дала жұмыстарына бөлінген дизель отынын 32 шаруа қожалығы 450,4 тонна, заңды тұлғалар 188 тонна алды. «Кең Дала» бағдарламасы аясында ауданның 5 тауар өндірушісіне жалпы сомасы 101 млн теңге көлемінде несие берілді. Бұл бағдарлама шаруалардың айналым қаражатын толықтыруға, өндірістік шығындарын өтеуге және егін шаруашылығының тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік беруде, – деген Дастан Сұлтанмұратұлы «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде 23 ауыл шаруашылығы кооперативін құруға, 77 жеке кәсіпкерді қаржыландыруға жоспар бекітілгенін тілге тиек етті.
Аудан әкімі 3 684 кәсіпкерлік субъектісі тіркелгенін, биыл 24 азаматқа қайтарымсыз грант беріліп, өз кәсіптерін бастауға мүмкіндік жасалып, жаңа кәсіпкерлік нысандар ашылғанын, бүгінгі күнге дейін 137 пәтер сатып алынғанын айтты. Сонымен бірге педагог кадрлар тапшылығы жоғын, жаңа оқу жылында білім беру ұйымдарына 20 жас маман жұмысқа қабылданғанын, Қызылшекара ауылындағы «Көдек Байшығанұлы атындағы орта мектеп» ғимаратына күрделі жөндеу жұмысының жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғанын жеткізді.
Баяндамашының айтуынша, аудандық аурухананың стационар, емхана және шаруашылық ғимараттары, Текес, Қайнар, Шалкөде дәрігерлік амбулаториялары және Сүмбе ауылдық ауруханасы күрделі жөндеуді қажет етеді. Құжаттары әзірленгеніп, облыстық денсаулық сақтау басқармасына хат жолданған. Алайда бүгінге дейін қаражат бөлінбеген.
Одан әрі әңгіме жібін сабақтаған Дастан Құдабаев әлеуметтік қорғау, спорт, құрылыс, туризм салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сонымен қатар халықты жұмыспен және ауыз сумен қамту, жол салу мен жөндеу, абаттандыру бағытындағы жүзеге асырылған игілікті істер жайына журналистердің назарын аударды.
Әкімнің баяндамасында аталған ауқымды жұмыс – бір күндік емес, жүйелі еңбектің нәтижесі. Ауданның инфрақұрылымы дамып, ажары айшықталып, жаңа нысандардың пайдалануға берілгенін көру – тұрғындар үшін жағымды жаңалық. Сондай-ақ аудан орталығы мен ауылдық округтерде тұрғын үй құрылысының қарқын алуы көңіл қуантады. Әсіресе баспанаға мұқтаж жандар үшін үлкен мүмкіндік болмақ. Ауданның дамуы қағаз жүзіндегі есеппен емес, көзге көрінетін нәтижемен өшенеді. Шекаралық өңірдің дамуына бағытталған бастамаларды жүзеге асыру жұмысының басты өлшемінің бірі болғандықтан, әкімге зор жауапкершілік пен табандылық қажет. Өйткені оның қабылдаған әрбір шешімі ауданның болашағы мен тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне әсер етеді. Осы орайда өзіне жүктелген жұмыстардың нәтижесін нақты іс-әрекетімен көрсетіп жүрген Райымбек ауданының әкімі Дастан Сұлтанмұратұлының жауапты қызметіне сәттілік тілейміз.
Айжарық КӨПТІЛЕУОВ

