Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) төрағасы Нұрлан Әбдіров Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын кезектен тыс сайлаудың қорытындысын жариялаған отырыста дауыс беру күні болған «заңға қайшы әрекеттер» туралы айтты.
«Дауыс беру күні сайлау заңнамасын сақтау аясында учаскелік сайлау комиссиялары тиісті құқықтық жауапкершілік шараларын қолданды. Заң бұзғаны үшін сайлау комиссияларының 19 мүшесі учаскелік комиссиялардың шешімімен дереу комиссия жұмысынан шеттетілді. Осындай ақпараттық материалдардың әлеуметтік желілерде таралуына және сайлау комиссияларына осындай өтініштердің түсуіне байланысты біз Бас прокуратураға 19 наурыз – сайлау күні тексеру және құқықтық баға беру туралы сұрадық», – деді ОСК төрағасы.
Әбдіровтің айтуынша, Бас прокуратура ұсынған ақпаратқа сай, сайлау күні 42 адам құқық бұзушылық жасап, әкімшілік жауапқа тартылған.
«Бас прокуратураның ресми ақпараты бойынша дауыс беру күні 42 адам құқық бұзып, олардың барлығы жауапқа тартылды. Олардың ішінде 7 учаскелік комиссия мүшесіне Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 108-бабы, ал 18 учаскелік комиссия мүшесіне 110-бап бойынша айыппұл салынды. Алайда бұл азаматтардың ерік білдіру нәтижесіне әсер етпеді және сайлау округіндегі немесе тиісті әкімшілік аумақтық бірліктегі сайлау нәтижесін сенімді түрде анықтауға мүмкіндік берді. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін отбасылық дауыс беру дәстүрі, яғни отбасы мүшелері мен басқа да жақындары үшін дауыс беру, дауыс беруге арналған кабинаға бір мезгілде бірнеше адам кіру әдеті және тағы басқа кемшіліктер әлі де жойылған жоқ», – деді Нұрлан Әбдіров.