Қымызмұрындық – жазғытұрым ел жайлауға шыққанда аталып өтетін қымыз тойы. Ертеде қазақ бие құлындағанын зарығып күтеді екен, содан болар «Құлын ерді ме, тәңір тілеуіңді берді ме!»,- деген халқымызда аталы сөз бар. Қымыз ежелден түркі тілдес халықтардың ұлттық сусыны ретінде белгілі. Тарихи аңыздарда адамды күнәсінен тазалау үшін боз биенің сүтіне шомылдырғанын білеміз. Қымыз ру, тайпа арасындағы келісімдерде өзара ант беру кезінде ішілгендігін де аңғаруға болады. Сондықтан, қымызды береке-бірлік пен ынтымақтың сусыны десек қателеспейміз.
Арудан асқан жан бар ма,
Жылқыдан асқан мал бар ма?!
Биенің сүті сары бал,
Қымыздан асқан дәм бар ма?!,-
деп Ақтамберді бабамыз жырлағандай, бабаларымыздан келе жатқан осындай ұлттық құндылығымызды Кеген ауданының әкімдігі «Қымызмұрындық – 2024» этнофестивалін және «Жолан жүйрігі» ат бәйгесін облыс тұрғындарының есінде ұзақ сақталатындай етіп өткізді. Бұл қымызмұрындық жорылғысына төрт мыңға жуық адам қатысты.
Игі бастаманың мағынасы зор, мәні терең. Ұлттық сусынның құндылығын насихаттау ұлы мақсат. Берекелі мереке қалың жұрттың ұлттық рухын оятқандай. Ежелгі дәстүрімізді қайта жаңғырту мақсатында ұйымдастырылып отырған игі бастама жұртшылықтың ұлттық мәдениет мен салт-дәстүрге қызығушылығын арттыру және жастарды салауатты өмір салтына тәрбиелеу, сондай-ақ қазақ халқының ұлттық сусынының құндылығын насихаттауды басты назарға ұстады.
Бұдан бөлек, Кеген ауданына қарасты ауылдық округтер ақшаңқай киіз үйлер тігіп, этноауыл ұйымдастырып қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.
– Салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртып, жас ұрпаққа үлгі ретінде ұйымдастырылып отырған «Қымызмұрындық» фестивалінің орны орасан зор. Бұл дегеніміз – ерте заманғы тамырымызға қайта оралу. Қымызмұрындық – бие байлап, алғашқы қымыз ішу тойы және ынтымақтың, еңбектің, бірліктің мерекесі. Бие сауылып, оның сүті қорланып, ашытылған соң екі-үш күн бойы жиналған қымызға ақсақалдар мен көрші-қолаңдар қымызмұрындыққа шақырылған. Ұлттық сусынның дайындалу тәсілі де әртүрлі. Дәстүр бойынша халқымыз бұл мереке де «Сауар көп болсын!», «Ақ мол болсын!», «Аузымызды ақтан айырмасын!» деп тілек айтысқан, – дейді Сарыкөлдік шаруа қожалық иесі Нұрғанат Мамытахынов.
Келген қонақтар айтулы іс-шарада ауылшаруашылығы техникаларының көрмесі, қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмесін аралаумен бастады. Ауыл шаруашылық көрмесіне «Дәулет-Бекет» ЖШС-нің түйелері, «СПК Дарын-Хантөре» және «Ұларлы» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі мен «Мұрынбай» шаруа қожалығының асыл тұқымды қойлары қойылған.
Ұлттық дәстүрімізді жаңғыртқан шара барысында келушілерді ақ жаулықты әжелер шашу шашып қарсы алып, ыстық бауырсақ пен қымыздан дәм татқызды. Бұл күні жылқыны төрт түліктің төресі санаған ата-бабамыз алғаш бие байлағанын ырым көрген. Осылайша, алғаш рет күбі де пісілген сусынды жалғыз емес, жұртпен бөлісіп ішуді дәстүрге айналдырған. Бұл жөнінде ақ жаулықты Оралхан әже кеңінен тоқталып, келген қонақтарға қымызмұрындықтың басталуы, қымыздан «Ауыз тию» рәсімін жүргізді. Қымызды алдымен жасы үлкен ақсақалдар мен арнайы қонақтар бастап ауыз тиді. Ардақты ана алғашқы бие байлағандағы жөн-жоралғыларды көз алдына келтіріп, биебаудың басына ақ тамызды. Ауылдың қариясы Жетен ата биебаудың басында жиналған жұртқа ақ батасын берсе, келіні Айнара бие сауудың тәсілдерін көрсетті.
Қымызмұрындық рәсіміне ауданның ауылдық округтері, мекемелері жақсы дайындықпен келіпті. Қаз-қатар тігілген бірнеше киіз үйлердің іші де, сырты да ұлт жауһарларына толы. Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін 12 округтегі аналар кеңесі көздің жауын алар көрмелерін алға тартты. Келі-келсаппен дән түйген, тас диірменмен талқан тартқан, бірлесіп емен-жарқын әңгімелерін айта жүн түткен, киіз басып, сырмақ, алаша, басқұр, ши тоқып, құрақ құраған ақ әжелер ауылдың жарасымды тірлігін көз алдыға келтірді. Ат әбзелдері, қолөнер туындылары да ұшырасты. Шеберлер қымызды ашытып, әзірлейтін ағаштан жасалған күбінің бірнеше түрін жасап, көпшілік назарына ұсынды.
Толқын Қалдыбайқызы, Жалаулы ауылының тұрғыны:
- Жалаулы ауылында өзіміздің жайлауымыз бар, он екі бие байлап, сауып отырмыз. Арнайы қымызмұрындық болып жатқаннан кейін, тойға 150 литр қымыз дайындап келдім. Газды сусындар ішкенше, қымыз ішкен дұрыс. Қымыз-өзіміздің ұлттық сусын, оның құнары көп, көптеген дәрумендер бар.
Осы күні жиналған дүйім ел «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы облыстық филиалы ұйымдастырған «Баталы ел көгерер» атты облыстық ардагерлер байқауын тамашалады. Ата-баба дәстүрі ұрпаққа аманат. «Ата жолы-ақ бата»,- деген дана халқымыз. Барлығы 10 батагөй байқауда бағын сынады. Байқау шартына сәйкес, қатысушылар үш түрлі бата берді. Қазылар алқасы олардың берген батасының мазмұнына баса мән бергенін айтады. Бата беру жарысында Талғар қаласының тұрғыны Ауған Қыпшақов бас жүлдені жеңіп алды. Жеңімпазға 50 мың теңге қаржылай сыйлық пен арнайы диплом табыс етілді. Бата-тілек сөздерді қарияларымыздың барынша жете меңгеруін, бата мен тілекті шатастырмауды мақсат еткен шараға келген ақсақалдардың ешқайсысы жүлдесіз қайтқан жоқ. Ынталандыру мақсатында әрқайсысына бес мың теңгеден қаржылай сыйлық пен «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы облыстық филиалының төрағасы Ерболат Тұрымбетовтың Алғыс хаттары табыс етілді.
Мұнан соң, жиналған көпшіліктің назары орталық сахнаға ауды. Қонақтар жайғасқан соң, театрландырылған көрініс қойылды. 50 адамдық көш-керуен салтанатпен жүріп өтті. Керуенді ақбоз атқа мінген Қазақстанның Халық әртісі Рамазан Стамғазиев жыр-шашу айтып, бастап жүрді.
Алғашқы құттықтау сөз алған Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ерғалиұлы:
– Барша жұрттың басын қосып, ынтымақ пен бірлікке үндейтін қымызмұрындықтың дәстүрлі түрде Кеген ауданында өтуі заңды құбылыс. Қымыз мерекесі берекелі бірліктің, тату тірліктің, молшылық пен қонақжайлылықтың керемет көрінісі. Бұл маңызды фольклорлық-этнографиялық мереке. Бүгінгі бағдарлама аясында бие бау, қымызмұрындық сынды дәстүрлер көрсетіліп, кеңінен дәріптеледі. Биені сауу, қымызды сақтау, оны қонақтарға тарту – тұнып тұрған философия. Осы дәстүріміздің әрбір кезеңінен халқымыздың бай дүниетанымын, даналығын анық көреміз. Биелерді жастарына қарай жіктеу, сауылған қымызды түр-түріне бөлу, қымызға арналған ыдыстарды дайындап, сақтаудың ерекшеліктерін ескеру, ол терең зерделеу мен байыптылықты талап ететін өнер. Сондай-ақ, Жолан Омаровты еске алуға арналған «Жолан жүйрігі» бәйгесінің, Батагөйлер байқауының, күрес жарысының, ауыл шаруашылық және қолөнер шеберлері көрмелерінің ұйымдастырылуы фестиваль көркін аша түсті. Мейірім мен ізгілікті, бірлік пен татулықты дәріптейтін бұл іс-шара әрқайсыңызға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мол шабыт берсін! Еліміздің егемендігі еңселі, болашағы баянды болсын! Мейрам, құтты болсын, ағайын! – дей келе, облыстың әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Саты ауылдық округінің Ақсақалдар алқасының төрағасы Есболат Рысбаевты, Кеген ауданының «Мәдениет, тілдерді дамыту және дене шынықтыру бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Қанат Бектенов пен «Алпамыс» шаруа қожалығының төрағасы Алпамыс Дәукеновты Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиевтің Құрмет грамотасымен марапаттады.
Бұдан соң Жолан Омаровтың әкесі Ыбырайақын Омаров сөз сөйлеп, ұйымдастырылып жатқан ауқымды іс-шара үшін облыс, аудан басшылығы атына, Кеген мен Райымбек аудандарының ел-жұртына алғыс білдіріп, көпшілікке жүрекжарды тілегін жеткізді.
– Құрметті, жолдас, біртуғаным! Екі елдің ынтымағын біріктірудегі салтанаттты іс-шара өз жемісін берсін!- деген Қырғызстанның Ыстықкөл облысы, Түп ауданының әкімі Қаныбек Әбиев аудан әкімі Нұрбақыт Теңізбаевқа арнайы сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті.
ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, Кеген аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Сабыр Досымбеков сөз алып, іс-шараның маңыздылығына тоқталып, ізгі тілектерін жеткізді.
«Халқымның бағы – өз бағым» деген Жолан Омаровтың келмеске кеткен жолы ұзарып бара жатса да, ер есімі әрқашан ел есінде. Таулы өңірдің дамуына зор үлес қосқан, қазақтың біртуар азаматы Жолан Ыбырайақынұлы бүгінде тірі болса, 45 жасқа толар еді. Кеген аудандық «Әулие абыз – Әлмерек баба» мешітінің найб имамы Нұрбол Артықов Жолан Ыбырайақынұлының рухына арнайы құран бағыштаса, белгілі кәсіпкер Стақан Белғожаев көпшілікке ақ батасын берді.
Жиналғандардың назарына өнер жұлдыздары мен Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының концерттік бағдарламасы ұсынылып, көпшілікке мерекелік көңіл-күй тарту етілді. Қарқара жайлауында ҚР Мәдениет қайраткері, дәстүрлі әнші Рамазан Стамғазиев, Ұлту Қабаева, Ұлжан Айнақұлова, Өмірқұл Айниязов, Сәкен Майғазиев, Мұқасан Шахзадаев, Төреғали Төрәлі, Жігері Ауыпбаев, Қажымұрат Шешенқұлұлы сынды танымал әншілер өнер көрсетті. Сондай-ақ, «Адырна» фольклорлы-этнографиялық ансамблі, «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблі және дәстүрлі әншілер Қарқара жайлауын думанға бөледі.
Қымызмұрындық аясында, қыз қуу, теңге ілу, жамбы ату, аламан бәйге және қазақ күресі мен қошқар көтеруден сайыстар өтті. Қазақ күресінен өткен түйе палуандар арасындағы тартысты белдесуде Алматы өңірінен бөлек Жетісу, Жамбыл облыстарынан және Шымкент қалаларынан барлығы 20 спортшы қатысты. Белдесуде өзіндік айла-тәсілдерімен қатар білек күшін сынға салған кегендік Нұрсұлтан Алғазы жүлделі ІІІ орын мен 100 000 теңгені қанжығысына байлады. Бұл додада Жетісулық Жансерік Жұмабай ІІ орынға тұрақтап, 200 000 теңгені иеленсе, Түркістан облысының намысын қорғаған Марат Байкамуров І орынды иеленіп, 300 000 теңгені еншіледі.
Түс ауа дүйім жұрт «Топжарған» Ұлттық өнер орталығының қызықты шоуын қамтитын бағдарламасын тамашалап, көптен күткен шашасынан шаң ұштырып, желмен жарысқан аламан бәйгені қызықтады. Мыңжылқы атшабарында құнан бәйге 11 шақырымға, топ бәйге 20 шақырымға және Аламан бәйге 35 шақырымға шауып, бақтарын сынады. Бас жүлдеге үш автокөлік тігілсе, кейінгі орындарға 2 500 000 теңгеден 300 000 теңгеге дейін қаржылай сыйлықтар қарастырылды. Бәйгеге жарап тұрған тұлпарлар тұяғының дүбірі дүйім жұрттың делебесін қоздырды. «Ат шаппайды, бап шабады» дегендей, жүйріктерін бәйгеге қосқандар тақым қысып, жанкүйер жандардың арқасы қозды.
Сонымен, Аламан бәйгеде бірінші орын Жетісу облысының Ескелді ауданы Жалғыз ағаш ауылынан келген «Жұмыртұяқ» атты сәйгүлікке бұйырды. Ат иесі: «Ақылбай» шаруа қожалығы, бапкері Марғұлан, шабандозы Хамза Амангелді. (Алтын медаль, кубок, бірінші дәрежелі грамота, HAVAL автокөлігі және Жолан Омаров атындағы «Алатау арғымағы» атты арнайы жабу). Бас жүлде HAVAL автокөлігінің кілтін Жоланның әкесі Ыбырайақын ақсақал табыстады.
Осылайша, салтымыз сақталып, халқымыз мақтанып жүретін «Қымызмұрындық» мерекесі жоғарғы деңгейде өтті. Қарқара жайлауына жиналған қауым ұлттық сусыннан дәм татып, әсем табиғаттың сұлулығынан ләззат алып, ерекше әсерге бөленіп қайтты.
Дәурен Әбутәліпов,
Кеген ауданы