Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің білім беру жүйесін одан әрі дамыту және мұғалімдерді қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөліп келеді. Бұл тұрғыда үшауысымды және апатты мектептердің тапшылығын шешу үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қабылданып, ел көлемінде ауқымды жұмыс атқарылуда. «АMANAT» партиясы және одан сайланған депутаттар құрылыстың барысын жіті қадағалап, маңызды әлеуметтік нысандарды жиі аралап жүр. Осы мақсатта Парламент Мәжілісінің депутаты Максим Рожин Талғар ауданында болды.
Аймақтағы іргелі өңірлердің бірі саналатын ауданда ұлттық жоба аясында биыл Талдыбұлақ, Жаңалық, Тұздыбастау, Жалғамыс, Төңкеріс, Қызыл Ту, Айғаным ауылдарында жаңа мектептерді пайдалануға беру жоспарланған. Максим Рожин алдымен Талдыбұлақ ауылындағы 600 орынды мектептің құрылысымен танысты. Бұл білім ошағын салуды «Dial строй» ЖШС қолға алған. Егер барлық жұмыс кестеге сай атқарылатын болса, мектеп құрылысы желтоқсан айында аяқталуы тиіс. Бірақ құрылысшылар жұмысты 1 қыркүйекке дейін бітіріп, бұл ауылдағы бір мыңдай баланы жаңа оқу жылында жайлы мектеппен қамтып, қуантпақ.
Құрылыс компаниясы директорының орынбасары Бақыт Рымжановтың айтуынша, нысанда қазір 83 адам жұмыс істейді. Мұнда бетон жұмыстары аяқталған. Ауызсу, техникалық су және өрт сөндіру мақсатындағы сақтау қоймалары салынып жатыр. Инженерлік желілер бойынша келісімшарттар жасалған. Кеңсе техникаларынан басқасының бәріне жергілікті материалдар пайдаланылуда. Бірақ түйткілдер де жоқ емес, электр қуаты, ой-шұңқырды көму үшін топырақ жетіспейді. Ал аудандағы 7 топырақ карьерінен сатып алу тым қымбатқа түседі. Сондықтан ол Мәжіліс депутатынан осы мәселеге көмектесуін өтінді. Олар бұл нысанды бұрынғы мердігер мекеме тек шұңқырларды қазып тастап кеткен соң қабылдап, жұмысқа кешеуілдеп кіріскенімен, барлық күшті жұмылдырып, құрылысты мерзімінде аяқтаймыз деп отыр.
Максим Рожинның айтуынша, бүкіл еліміз бойынша үшауысымда оқуды жою үшін 280 жайлы мектеп салу жоспарланған. Ал 600 орынды осы мектеп 867 оқушының орын тапшылығын шешуі тиіс. Оның үстіне халық саны, соған сәйкес оқушы қатары да жылдан-жылға өсіп келеді. Басқаша айтқанда, бұл мектептің пайдалануға берілуі №34 мектептің үшауысымда оқудан бас тартуына толық мүмкіндік ашады. Мектеп Талдыбұлақ ауылының жаңа құрылыс аумағында орналасқан және ауыл тұрғындары үшін өте тиімді.
Еліміздің орта және жоғары білім ошақтары үшін түйткілді мәселелердің бірі – жатақхана. Осыған орай Мәжіліс депутаты Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің 112 орынды жатақханасының құрылысын көріп шықты. Бұл үшқабатты үлкен ғимарат бұрын №49 мектептің оқу корпусы болған. Облыс басшылығы енді қала орталығындағы осы нысанды студент жастар үшін жатақхана ретінде қайта жаңғырту жөнінде шешім қабылдапты.
Депутатпен кездесу барысында М.Бейсебаев атындағы агроколледж директоры Динара Бозымбекова көптеген жастар ауылдық жерлерден, облыстың өзге өңірлерінен келетінін айтып, қазіргі кезде оқу орнының 834 студенті жатақханаға мұқтаж екенін тілге тиек етті. Өз кезегінде Мәжіліс депутаты студент жастар үшін жатақхана салу және оларды орынмен қамтамасыз ету Үкіметтің басты назарындағы мәселе екенін еске салып, Президенттің бұл тапсырмасы жергілікті жерлерде міндетті түрде жүзеге асатынын жеткізді.
«Дәулет Серпін» ЖШС-ның құрылыс жұмыстарына жауапты мамандар жоспарлы жұмыстар мен орын алып жатқан кемшіліктер жайында егжей-тегжейлі баяндап берді. Олардың айтуынша, нысанды жаңғырту биыл 13 наурызда басталған және 13 қазанда аяқталуы тиіс болған. Қазірге дейін шатыр қайта жасалып, ескі сылақтар сырылып, құрылыс қоқыстары шығарылған, элетромонтаждау жұмысы жүргізілген. Жұмыстың кеш басталуына осы ғимаратта қала басшылығының рұқсатымен уақытша қоныстанған көпбалалы отбасының шықпай қоюы себеп болған. Тек «Дәулет Серпін» ЖСШ басшысы өз қаражатына жеке үй алып беріп, оларды көшірген соң ғана жұмыс басталған. Оның үстіне бұл ғимаратта учаскелік полиция пункті де орналасқан. Осы орайда Талғар қаласының әкімі Бақыт Күрішбеков Мәжіліс депутатынан оларды да басқа жерге орналастыру бойынша көмек сұрады.
Әрине, қоғам өмірі тек мектеп, орта және жоғары білім, жатақханамен шектелмейді. Халықтың табысын арттыратын, тұрмысын жақсартатын сала – экономика. Жұмыс орындары, өндіріс ошақтары көбейіп, сұранысқа ие, бәсекеге қабілетті өнімдер өндіру молайған сайын тұрғындардың табысы артып, елдің жағдайы жақсара түседі. Бұл тұрғыда Мәжіліс депутатының ПВХ-профильдер, пластикалық құбырлар мен фиттингтер шығаратын «Keruen Plus» ЖШС-ын барып көруі де ерекше маңызға ие. Бұл – аудан экономикасына кәдімгідей үлес қосып отырған заманауи кәсіпорын. 2015 жылы іске қосылған жоғарытехнологиялы, жылына 1800 тонна су және жылумен қамтамасыз етуге арналған ППР құбырларын, 1000 тонна жылы едендер шығару қуаттылығына ие бұл зауыт – аудандағы ең ірі өндіріс ошақтарының бірі. Мұнда бүгінге дейін 5,7 миллиард теңге инвестиция тартылған. Зауыттың басты ерекшелігі – жұмыс толықтай автоматтандырылған. Ол – ПВХ өнімдерінде қорғасынды қолданбайтын Қазақстандағы бірінші зауыт. Өндірістік желілер еуропалық ең соңғы технологиялар бойынша жасалған. «Keruen Plus»-тің техникалық және технологиялық тұрғыда осындай деңгейде жабдықталуы оны Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азияда ұқсас өнім өндірушілер арасында жетекші орынға шығарып отыр. Зауыт өнімдері қазірдің өзінде Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия және Моңғолияға экспортталады.
Кәсіпорын директоры Мұстафа Эроғлы зауыт цехын аралатып көрсетті. Мұнда 200-ден аса адам еңбек етеді. Олар үшін барлық жағдай жасалған, асханада үш мезгіл ыстық тамақ беріледі, демалыс бөлмелері бар. Зауыт 8 жылдан бері үлкен жетістіктерге жетіп келеді. Әрине, түйткілдер де жоқ емес, оның ең бастысы – қарапайым жұмысшылар жетіспейді. Жастар 240-250 мың теңге жалақыны місе тұтпайды.
Мәжіліс депутаты Максим Рожин жалпы ауданда атқарылып жатқан жұмыстар көңілден шығатынын жеткізді. Десе де, мектептердің құрылысы кешеуілдемей, уақытылы аяқталу қажеттігін баса айтты.
Құтмағамбет ҚОНЫСБАЙ
Талғар ауданы