Талғар ауданының тұрғыны Серікжан Сембайұлы суға батып бара жатқан баланы құтқарды. Адам жаны сүйінетін ізгілік пен батылдық танытқан бейбіт күннің батырына жұрт жамырай алғыс айтып жатыр.
Куәгерлердің сөзінше, балақай Үлкен Алматы каналының бойында ойнап жүріп, кенет аяғы тайып, суға құлаған. Оның өміріне қауіп төнгенін көрген Серікжан бірден көмекке ұмтылады. Суға секіріп түсіп, ағып бара жатқан баланы аман-есен жағаға шығарады. Оның ер жігітке лайық батыл қадамына ел-жұрт риза болды. 28 жастағы Серікжан – Кеңдала ауылының тұрғыны. Ауыл шаруашылығымен айналысады.
Бейбіт күннің батырын Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков арнайы қабылдап, өңір жұртының атынан алғыс білдіріп, сый-сияпат көрсетті.
– Баға жетпес адамгершілік қасиеттеріңіз үшін алғыс айтамын. Сізге зор денсаулық, қажымас қайрат және мол бақыт тілеймін! – деді аудан әкімі. Бейбіт күннің батырына соңғы үлгідегі iPad смартфоны табыс етілді.
Ерзат Асыл,
Талғар ауданы