Бүкіл әлем көз тіккен дүбірлі дода – Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына да санаулы уақыт қалды. Алты құрлықтың түкпір-түкпірінен келген спортшылар 4 жылда бір өтетін үлкен турнирдің жүлделерін сарапқа салмақ. Еліміз бойынша 80 спортшымыз Олимпиадаға 92 жолдама жеңіп алды. Айтулы аламанда облысымыздан Демеу Жадыраев, Эдуард Ещенко, Әсем Орынбай, Мария Дмитриенко және Никита Чирюкин сынды саңлақтар ел намысын қорғайды.
Ең алдымен грек-рим күресінен әлем және Азия чемпионатының күміс жүлдегері Демеу Жадыраевқа тоқталсақ, ол биыл Бішкекте өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атанып, Париж Олимпиадасына жолдама алды. «Жанкүйердің қолдауы маған үлкен күш берді. Шешуші белдесуде ұтылып жатсам да, алға қарай ұмтылдым. Енді жақсылап дайындалып, Токиода кеткен есені қайтаруға тырысамыз», – деген еді жолдаманы жұлып алған сәттен кейін Демеу Жадыраев.
Бұған дейін жерлесіміз Токио Олимпиадасында ширек финалда сүрінген еді. Мүмкін сол сәтте бабы келмеген шығар. Ал осы жолы отандастарымыз Демеу Жадыраевты Азиядағы жеңісті жолын Париж төрінде де жалғастырады деп үміттеніп отыр. Оның да өз қисыны бар. Өйткені ол 2017 жылы Парижде өткен әлем чемпионатында күміс жүлдеге ие болған. Сондықтан грек-рим күресінің шебері кезекті әлемдік додада жеңіс тұғырынан көрінуі әбден мүмкін.
Демеудің Олимпиададағы қарсыластары осал емес. Салмағында соңғы екі әлем чемпионатында ешкімге дес бермеген қырғыз балуаны Ахжол Махмұдов бар. Сондай-ақ әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері, әзербайжан балуаны Санан Сулеймановты ерекше айтуға болады. Қазір Демеу UWW түзген рейтингте 7-сатыға тұрақтады. Демек ол өз салмағындағы 10 үздік балуанның қатарында деген сөз. Демеу Жадыраев журналистерге берген сұхбатында Олимпиадаға дайындық барысы туралы айтқан еді.
«Қазір жаттығу залында бапкерлердің айтқанын бұлжытпай орындап жүрміз. Бірінші кезектегі мәселе осы. Бұдан өзге алаңдайтын еш нәрсе жоқ. Біздің кәсіби спорттағы биігіміз – Олимпиада. Осы уақытқа дейін біраз қарсыластарыммен күш сынасып көрдім. Оларды жақсы білемін. Қайсысы болса да мен үшін оңай емес, – дейді балуан.
Облысымыздан Париж төрінде жалауын желбірететін Олимпиадада бақ сынайтындардың дені – мергендер. Айталық, стенд атудан Ұлттық құрама мүшелері Эдуард Ещенко, Әсем Орынбай мен Мария Дмитриенко ел намысын қорғайды. Аталған жолдамаға дейін Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко Азия чемпионы, әлем кубогының күміс жүлдегері атанған еді. Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарында саңлақ спортшылар аз емес. Солардың бірі – Азия ойындары мен әлем бірінішілігінде топ жарған Әсем Орынбай. Ол әскери қызмет пен кәсіби спорттың тәртібі ұқсас екенін айтады. «Әскери қызмет менің өміріме өте жағымды әсер етті. Спорт сияқты, ол ерік-жігерді қалыптастыруға, жауапкершілік сезімін дамытуға, мақсатқа жету жолында табандылыққа көмектеседі. Спортқа әскери қызметке дейін келдім. Кішкентай кезімде әкем мені атыс алаңына алып барды. Содан бастап бұл спорт түріне ғашық болдым және өз таңдауыма өкінбеймін. Спорт маған тамаша сезім сыйлап қана қоймай, мінезімді де қалыптастыруға септігін тигізді. Ол өмірімнің бір бөлшегіне айналды. Қазір Қазақстанның Қарулы Күштерінде қызмет етемін. Мен үшін спорттық аренада ел намысын қорғау маңызды» – деді Әсем Орынбай бұған дейін отандық БАҚ-қа берген сұхбатының бірінде. Өткен жылы әлемдік рейтингте үздік 12 спортшы ғана қатысқан Доха төріндегі әлем кубогында жерлесіміз Олимпиада чемпионы Кимберли Роуд сынды мықты қарсыластың алдын орап, топ жарды. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Әсем Орынбай халықаралық нысана көздеу федерациясының әлемдік рейтингісінде 7-орында тұр.
Биыл көктемде Дохада (Катар) өтіп жатқан іріктеу турнирінде жерлесіміз Мария Дмитриенко «трап» бағдарламасы бойынша сәтті өнер көрсетті. Осылайша спортшымыз алғашқылардың бірі болып Қазақстан қоржынына Олимпиада лицензиясын салды.
– Лицензиялық жарыста барымызды салып, көбірек жолдама алуға тырыстық. Ендігі мақсат – Олимпиада жүлдесін алу. Біз бұл арманға біраздан бері ұмтылып келеміз. Міне, енді алдағы ойындарда медальға қол созуға мүмкіндік бар. Ұлттық құрамадағы спортшылар кәсіпқой тұрғыда жетілді, тәжірибелері толысты. Бізге көмектесетін мамандардың да біліктілігі жоғары. Енді Париж Олимпиадасына тыңғылықты дайындалып, ел үмітін ақтаймыз деп ойлаймын, – дейді Мария Дмитриенко.
Лицензия алудан бұрын ол Мысыр астанасы Каирде өтіп жатқан мергендер арасындағы әлем кубогында топ жарды. Стенд атуда «трап» бағдарламасы бойынша шеберлігін сынаған Мария Дмитриенко алтыннан алқа тақты. 35 жастағы мерген Токио Олимпиадасының чемпионы және екі дүркін әлем чемпионы Фатима Галвезден басым түсті. Бас-аяғы 40 ұпай жинаған отандасымыз Токио Олимпиадасының 2 мәрте жүлдегері Алессандра Периллиді де артқа тастады. Осыған дейін Дмитриенко Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиадада өнер көрсетіп, 8-орын алған еді. Биыл бабы мен бағы қатар шапса, алтыннан алқа тағады деген сенімдеміз.
Үмітімізді үкілеп отырған мергендеріміздің бірі – Никита Чирюкин. Ол Индонезияның Жакарта қаласында оқ атудан лицензиялық Азия чемпионатында топ жарып, Олимиадаға жолдама алды. Бұған дейін Азия чемпионы және Әлем кубогінде күміс жүлдегер атанған. Еліміздегі «құралайды көзге атқан» мергендер әлемдік және құрлықтық додаларда талай шыңды бағындырды. Алайда Олимпиадада жеңіс тұғырынан көріне алмай келеді. Дегенмен Париж төрінде мергендеріміз осы бір биік белесті бағындырады деген үмітіміз зор.
Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрама спортшыларымен кездесіп, Парижде басталатын дүбірлі доданы бүкіл әлем асыға күтетінін әрі оған төрткүл дүние түгел көз тігіп отырғанын айтты. Сонымен қатар үздіктердің үздігі бақ сынайтын байрақты бәсекеге ең мықты спортшыларымыз бара жатқанын атап өтіп, ел намысын қорғау абыройлы міндет екеніне тоқталды.
– Біз сіздерге зор үміт артамыз. Бүкіл халқымыз – сіздерге жанкүйер. Жалпы, қазақ спорт мектебінің мәртебесі қашанда биік. Спортшыларымыз әрдайым елге жүлдемен оралып жүр. Осы даңқты жолды абыроймен жалғайсыздар деп сенемін. Шын мәнінде, сіздердің жеңістеріңіз тұтас Қазақстанның жеңісі болмақ. Көк туымыз желбіресе, ұлтымыздың рухы асқақтайды, – деді Мемлекет басшысы.
Президент Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын Ұлттық құраманың капитаны Асланбек Шымбергеновке табыстады. Қазақстан құрама командасының негізгі бөлігі кездесуге Алматы облысындағы «Ақбұлақ» олимпиадалық орталығынан бейнебайланыс арқылы қатысты. Онда спортшылар Париж Олимпиадасы алдындағы соңғы жаттығу жиындарын өткізіп жатыр.
33-ші мәрте өткелі отырған Олимпиада эстафетасы Францияға бұйырды. Айта кету керек, Париж – спорт ойындарын 3 рет қабылдаған Лондоннан кейінгі екінші қала. Бұған дейін 1900 және 1924 жылдары да жазғы ойындар Парижде өткен еді. Араға тура жүз жыл салып, Олимпиада алауы үшінші мәрте Парижде тұтанбақ. 2017 жылы Халықаралық олимпиада комитетінің Лимада өткен 131-ші сессиясында 2024 жылғы Олимпиада ойындарын Парижде өткізу туралы қаулы қабылданған болатын. Парижбен қатар турнирді ұйымдастыруға АҚШ, дәлірек айтқанда Лос-Анджелес те ниеттенген еді. Париж бен Лос-Анджелестің екеуара текетіресінде Франция астанасының асығы алшысынан түсті.
Парижа өтетін XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 26 шілдеде басталады. Әлем назары ауатын аламанда ел тұрғындары өздері сенім артқан спортшылардың жарыс жолына елеңдейтін болады. Әрине, байрақты бәсекеден күтеріміз аз емес. Ал кімдердің ел қоржынына олжа саларын уақыт көрсетеді.
Ерзат Асыл