Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Жамбыл ауданының халқымен кездесті. Мыңбаев ауылының мәдениет үйінде өткен жиынға тұрғындармен қатар облыстық және аудандық бөлім, басқарма, мекемелердің басшылары, құқық қорғау органдарының жетекшілері, БАҚ өкілдері қатысты.
Алдымен Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндады. Айтуынша, ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері толығымен орындалған. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында өндіріс көлемі өскен. Аудан тұрғындарымен кездесулерінде халықты алаңдатқан 99 мәселе көтеріліп, сол бойынша 2025 жылға дейінгі іс-шара жоспары әзірленіп, әрбір сұрақпен жұмыс жүргізілуде. Барлық саланың жұмысына тоқталып, даму бағытындағы ізденістерден хабардар етті. Осы жұмыстардың барлығы негізінен аудан халқының әл-ауқатын жақсартуға бағытталғанын айтты.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев өңірде атқарылған және жоспарланған жұмыстарды нақты мәліметтермен баяндады. «Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың экономиканың өсім қарқынын сақтау, халықтың табысын арттыру және әл-ауқатын көтеру жөнінде алға қойған міндеттеріне сәйкес облыстың дамуында жақсы нәтижелерге қол жеткіздік», деген Марат Елеусізұлы облыс экономикасын әрі қарай тұрақты дамыту үшін 2030 жылға дейінгі Стратегия қабылданып, ол нақты жүзеге асырыла бастағанын айтты. Стратегияда өңірлердің мамандануына сәйкес оларды теңгерімді дамытуға басты назар аударылады. Президент тапсырмасына сәйкес биыл және алдағы жылдар ауылдық аумақтарды дамытумен ерекшеленетін болады, ал ауыл шаруашылығы саласы отандық экономиканың жаңа қозғалтқышына айналмақ. «Бұл біз үшін өте маңызды, себебі облыс халқының 84 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Жаңадан қабылданатын Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы ауыл экономикасын дамытуға, жер қатынастарын реттеуге, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқаруды, инфрақұрылымды және басқа да маңызды аспектілерді жаңғыртуға бағытталған», – деді өңір басшысы.
Одан соң ауданға кеңінен тоқталып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып отырған Жамбыл ауданы ауыл шаруашылығы саласына бағытталғанын, өңірде жалпы егістік жерлердің көлемі 462 мың гектарға жетсе, оның төрттен бір бөлігі осы ауданға тиесілі екенін айтты. Салаға жыл сайын мемлекеттен қомақты қолдау көрсетілуде. Мәселен, өткен жылы 31 млрд. теңге субсидия бөлінсе, биыл 33,7 млрд. теңге қарастырылған. Оның 2,6 млрд. теңгесі өсімдік шаруашылығына, 15 млрд. теңгесі мал шаруашылығына бағытталады. Былтыр ауданның 1282 шаруашылығы 3,8 млрд. теңге қаржылай қолдау алды. Биыл көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 300 тонна дизель отыны бөлініп, қосымша 1300 тонна бөлуге өтініш берілген.
«Алайда, бұл аудан дәнді дақылдар, картоп, майлы дақылдарды негізгі өндірушілердің бірі болғанымен, шикізат өңдейтін кәсіпорындар жоқ. Мұнда сыйымдылығы 1,5 мың тонна болатын екі көкөніс қоймасы бар, бұл жиналған өнімнің тек 2,5%-ын ғана сақтай алады. Жалпы ауданы 8,6 гектарлық 8 жылыжай бар, одан 1,3 мың тонна өнім алынды, алайда бұл – ауданда өндірілген көкөністің 4%-ын ғана құрайды. Мониторинг барысында 195 мың гектар пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер анықталды, оның 25 мың гектардан астамы немесе 13%-ы мемлекетке қайтарылды. Бұл жұмысты жалғастыру керек», деді.
Ауданда мал шаруашылығы дамыған және ірі қара, қой мен ешкі, жылқы саны бойынша облыста 1-орында. Бірақ былтыр ет өндіру 3 пайызға, сүт – 6,5 пайызға азайған. Жылдық қуаты 8 мың тонна болатын «Империя Фуд» экспортқа бағдарланған ет өңдеу кәсіпорны бар. Бірақ 2019 жылы қолданысқа берілген бұл кәсіпорын әлі күнге дейін жобалық қуатына шықпаған. Биыл Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Ауыл аманаты» жобасы басталды, оның басты мақсаты – ауылдық жердегі халықтың табысын арттыру. Жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 8,3 млрд. теңге қарастырылды, оның ішінде Жамбыл ауданына – 1,1 млрд. теңгеге 233 өтінім қанағаттандырылмақ.
«Көріп отырғанымыздай, фермерлерге мемлекеттен айтарлықтай қолдау көрсетіледі, сондықтан жұмсалған әрбір теңгеден еселенген қайтарым болуы қажет», деген М.Сұлтанғазиев өзінің орынбасары Р.Рақымбековке, ауыл шаруашылығы, жер қатынастары басқармаларына аудан әкімімен бірлесіп атқаруға бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, инвесторларды тарта отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін өндірістер ашу, ет өңдеу комбинатының толыққанды жұмыс істеуі үшін облыстағы шаруа қожалықтарымен шикізат өткізу жұмысын күшейту, заманауи технологиялармен жабдықталған көкөніс қоймалары мен жылыжайлар желісін кеңейту, пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтарып, жерді ұтымды пайдалану жұмысын жалғастыру.
«Облыс өнеркәсібінің 90%-ы өңдеу секторына тиесілі. Биыл өндіріс көлемін 1,7 трлн. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Бұл салада аудан небәрі 1,7% үлесімен облыста 7-орында тұр. Бұл өте аз», деді әкім. Тек екі кәсіпорын ғана ауданның өнеркәсіп өндірісінің үштен бірін құрап отыр. Сондықтан шағын және орта бизнес субъектілерін мемлекеттік қолдау арқылы ынталандыра отырып, өнеркәсіп өнімінің көлемін арттыру қажет. Оған мүмкіндік те, резерв те жеткілікті. Былтыр тартылған инвестиция көлемі бойынша Жамбыл ауданы 6,2% үлеспен алтыншы орында тұр. Жалпы, облыстың инвестициялық 678 млрд. теңгеге тең. Бұл инвестиция 104 жобаны және 6,6 мың жұмыс орнын қамтиды. Ал, аудан агроөнеркәсіптік кешен, туризм, көлік пен логистикада үлкен әлеуетке ие бола отырып, алдағы үш жылға жалпы құны 31,3 млрд. теңге болатын 4 жоба ғана жоспарлап отыр. Осыны айта келе, тиісті орынбасары мен кәсіпкерлік басқармасына аудан әкімімен бірлесіп, бәсекеге қабілетті өнім шығаруға бағдарланған жаңа кәсіпорындар ашуды және жұмыс істеп тұрғандарын кеңейту арқылы өндірісті ұлғайтуды, инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіп, аудан экономикасына инвестиция тартуды тапсырды.
Одан әрі шағын және орта бизнеске тоқталып, бұл сала кез келген мемлекетте экономиканың негізі саналатынын атап өтті. Облыста 116,6 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Жамбыл ауданы субъектілер саны бойынша бесінші, ал олар өндірген өнім, көрсетілген қызмет бойынша алтыншы орында. Биыл Кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық жобасы аясында кәсіпкерлерді қолдауға 26,5 млрд. теңге қарастырылған. Аудан әкіміне халыққа түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізіп, жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға өз ісін ашуға шағын несиелер мен гранттар беруді қамтамасыз етуді ескертті. Сондай-ақ жұмыссыздық пен табыстың төмендігі мәселесін кешенді шешу үшін облыста халықтың табысын арттыру жөніндегі 2029 жылға дейінгі өңірлік жоспар қабылданғанын жеткізіп, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы басқармаларына аудан әкімдерімен бірлесіп жоспардың сапалы іске асырылуын және көзделген көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз етуді тапсырды.
«Негізгі міндеттердің бірі халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Биыл 811 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланды. Бірақ, облыста тұрғын үй алу кезегінде 37,1 мың адам тұр, оның 3,4 мыңы сіздердің ауданда. Былтыр әлеуметтік осал және көпбалалы санатынан ауданда тек 6 отбасы үй алған. Бұл өте аз. Биыл 300 пәтерлік 7 несиелік тұрғын үй қолданысқа беріледі. Құрылыс басқармасына аудан әкімімен бірлесіп тұрғын үй құрылысының көлемін ұлғайтуды және жеке тұрғын үй құрылысы үшін қажетті инженерлік инфрақұрылымы бар алаңдарды дайындауды тапсырамын», – деді. Аудан тұрғындарын толғандыратын келесі үш өзекті мәселе – халықты сапалы ауыз сумен, газбен және жолдармен қамтамасыз ету жөніндегі жағдайды саралай келе, салаға жауапты орынбасарына, энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автожол басқармаларына аудан әкімімен бірлесіп атқаруға тиісті тапсырмалар жүктеді.
Білім беру саласындағы өзекті мәселе – үш ауысымды оқытуды жою. Облыстағы осындай 52 мектептің 9-ы осы ауданда. Мәселені шешу үшін былтыр 2 мектепке 600 орынға қосымша ғимарат салынып, Көкдала ауылында 110 орындық мектеп пайдалануға берілді. Биыл Ұзынағаш ауылында 1500 оқушыға арналған мектептің құрылысы аяқталады. Бұдан басқа «Жайлы мектеп» жобасы аясында облыста 2023-2025 жылдары 68 200 орынға 63 мектеп салу жоспарланса, оның 8-і осы ауданда бой көтереді. Бұл оқушы орындарының жетіспеушілігі мәселелерін шешуге және балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасауға мүмкіндік беретінін айтты.
Денсаулық сақтау саласында облыста 340 медицина мекемелері қызмет көрсетеді. Былтыр 4 медициналық және фельдшерлік-акушерлік қосындар ашылып, 20 медициналық пунктке блоктық-модульдік кешендер орнатылды. Жамбыл ауданындағы 54 медициналық мекеменің 52%-ы немесе 28-і бейімделген және жалға алынған ғимараттарда орналасқан. Биыл Ұзынағашта бір ауысымда 250 адам қабылдайтын емхана салуға 1,4 млрд. теңге бөлінді. 2024-2025 жылдары «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында 6 дәрігерлік амбулатория мен 10 фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункт салу жоспарланған. Сонымен қатар, ауданда өткен жылы нәресте өлім-жітімі 8,7%-ға, қатерлі ісіктерден болатын өлім-жітім 4,6%-ға көбейгенін айта келе, бірқатар басқармаларға тиісті міндеттер жүктеді. Мәдениет, спорт, туризм саласының жұмыстарын да саралай келе, айтылған ескертулер мен кемшіліктерді жою және экономикада қол жеткізілген қарқынды сақтау үшін барлық шараларды қабылдау керектігін баса айтты.
Жиында сұрақ-жауапқа кезек беріліп, тұрғындар өздерін толғандырған мәселелер төңірегінде облыс басшысына сауалдарын қойды. Алғашқы сұрақ осы ауылда орналасқан Қазақ қой шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты туралы болды. Аталған мекеме үш жылдан бері жұмысын тоқтатқан, оның алдағы тағдыры не болмақ деген сауалға облыс басшысы мұнда ғалымдар талай жаңалық ашқанын, маңызы зор екенін, енді оны ауыл шаруашылығы мамандарын дайындау мақсатындағы іске жарату жөнінде келіссөздер жүргізіліп жатқанын жеткізді. Залдан сондай-ақ Қасымбек ауылына жаңа медициналық мекеме ғимараты, Қарғалы ауылына мәдениет үйі салынса, ауыл ішіндегі жолдар жөнделсе, ауызсумен қамту жүйесіндегі кемшіліктер түзелсе, инфрақұрылымдар жөнімен, ретімен және сапалы жасалса, Ұзынағаш ауылының ауызсу құбырындағы қысым төмен, соны арттырса, аудан орталығында кәріз жүйесі салынса деген сұрақтар қойылды. Бұл сауалдарға облыс, аудан және салалық басқарма басшылары толымды жауап беріп, көтерген мәселенің орындалуы назарға алынды.
Облыс басшысы тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша да қабылдады.
Серік САТЫБАЛДИЕВ
Жамбыл ауданы