Әкесінен ерте айырылды. Баланың үлкені ретінде отбасының барша ауыртпалығын анасымен бірге көтерді. Еңбекқорлығы мен елгезектігінің арқасында ешкімнен кем қалған жоқ. Бүгінде ұрпақтарының қызығына кенеліп, бақытты ата атанған Талғар жергілікті қаламгер, бірнеше жыр жинақтарының авторы Бексұлтан Көлбаев жетпістің биігіне қадам басты. Қадірменді қарияға хабарласып, біраз әңгіменің басын қайырдық.
– Нарынқол өңіріндегі Кетпен тауының оңтүстік шығысында Көмірші деген ауыл бар. Кезінде сол жерді Түгелбай бабамыз: «Осы аумақ – ұрпағыма құтты қоныс болатын күнгей, жақсы жер», – деген екен. Құдайдың құдіреті, бабамыз қайтыс болғанда аспаннан балық жауыпты. Тегін адам еместігін осыдан байқайсыз. Ол кісінің сүйегі Шалкөдеде жатыр.
Мен 150 үйлі шағын қыстақ Көмірші ауылында туып, ержеттім. Үлкендердің ақыл-өсиетін тыңдап өстім, – деді Бексұлтан аға. – Әкем Қайырбай 1903 жылы дүниеге келіп, өмірдің қорлығын да, зорлығын да көп көрген адам. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде он үшке жаңа толған әкем хабаршы болып, оны ұйымдастырушылардың атын жетектеп, солардың қатарында жүрген. Төңкеріс нәтижесінде қызыл үкімет билікке келгенімен, одан да жақсылық бола қоймаған. Шаруалардың мал-мүлкін тәркілеу басталады. Салдарынан халық ашаршылыққа ұшырады. Бұл қорлыққа шыдамаған ақсақалдар жиын өткізіп: «Көздерің көрді, мектеп ашып, ауылдың балаларына сабақ беріп жүрген Рамазан молданы бала-шағасымен Ақтөбеге, Исабайды Жаркентке айдады. Әжібекті Нарынқолдағы Төте асуында атып кетті. Енді қалғанымыз да қырыламыз ба? Ұрпақтың амандығын ойлап, Қытайға өтуіміз керек», – деген шешім қабылдайды. Егер сол кезде шекара асып кетпегенде, менің әкем де 1937 жылғы нәубетке ұшырайтыны анық еді. «1955 жылы екі елдің ортасындағы келісім негізінде қайтып келіп, екі-үш жылдың ішінде тұрмысымыз оңалып, жақсы өмір кештік», – деп айтып отыратын.
Әкем өмірден өтерінің алдында екі жылдай қатты ауырды. Бас иемізден әл кеткен қиын екен. Баланың үлкені болғандықтан 12 жасымнан бастап белді бекем буып, үйдің отын-суын дайындауға араластым. Қағазбек Дәркембаев дейтін көршіміз болды, сол кісі: «Бексұлтан, ертең менімен тауда қарағай әкелу үшін шығатын болсаң, таңертең атыңды ерттеп, дайын тұр» дейтін. Түнде балтамды қайрап мұқият әзірленем.
Апам шайымды беріп, кішкене дорбаға нан салып, тілеуімді тілеп аттандырады. Біз қарағайлы сайға кірген соң ғана жерге жарық түсе бастайды. Сол ағамыз «Мынау маған жүк болды-ау, кедергі болды-ау!» деп ауырсынған емес. Өзіне қандай отын алса, маған да сондай отын беріп, көп көмектесті. Кеңпейілді, мейірімді адам еді. Жарықтық, 100-ге келіп дүниеден озды.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, Қағазбек аға туралы ризашылық пікірімді жасырған емеспін. Алты баланы аялап өсірген анам Ақанның 80 жасқа толғанда тойында Қағазбек ағаның көрсеткен көмегін көпшілікке паш етіп, арқасына шапан жаптым. Мұны көршімен туыстай сыйласқанның мысалы деп ұғыңыз. Ұлыма Аллаберген деп ат қойған Аятхан апай – ағамыздың зайыбы. Ол кісілердің өмірі мен үшін нағыз өнеге. Біз сыйластық мектебінің шәкірттеріндей сол кісілерден тәлім алдық.
Мен Көміршідегі жасы үлкендердің – Қайыпберді, Қағазбек, Қалмықбай, Отыншы, Туғанбай, Құлшылық, Үркімбай ағаларымның айтқан ақылдарына құлақ түріп өстім. Жақсы қылықтарын бойға дарытуға тарыстым. Бәрі – әкемнің өзін көрген, көзін көрген аяулы жандар. Мені қатарынан тастамайтын. Жеке батыр деген ақсақал ауылдың үлкендерін соғым басына шақырған кезде, жас демей тізімге мені қосуды ұмытпайды. «Сені әкеңнің орнына шақырдым», – дейтін. Әкем Қайырбай қарапайым шаруа болса да, елге-жұртқа сыйлы еді. Еңбексүйгіштігін шауашылық бастығы Атамқұл Шындалиевтің өзі жоғары бағалады.
Ауылдағы мектепте 9-10 сынып жоқ. Сарыжазға барып, бір жеті оқыдым. Бір күні Текес кәсіптік-техникалық училищесінің директоры Дігәрбек Көзімбеков деген кісі келді. Балалардың құжаттарымен танысты. «Мына бала алыстан келеді екен, әкесі де жоқ. Бізде жатып оқиды, төрт мезгіл тегін тамақ, үш маусымда тегін киім беріледі және бір кәсіптің иесі болып шығады», – деп таңдауы маған түсті. Сөйтіп, сол училищеде ағаш ұстасы мамандығы бойынша куәлік алдым. Кейін жұмыстан қол үзбей жүріп, Сарыжазда тракторшылықты да игердім. К-700 маркалы алып техниканы да тізгіндедік. Мен үшін жұмыстың жаманы жоқ. Өйткені әкем марқұмның тәрбиесі солай болған.
Кейін әйелімнің денсаулығына байланысты, ауа райы жылы Ұйғыр ауданына қоныс аудару керек болды. Бұл жерде жүгері, беде суғаратын мұрап атандым. Жастайынан еңбекпен шынығып өскеннің нәтижесін өмірде көп көрдім, – деп Бексұлтан Қайырбайұлы бір тоқтады.
Бексұлтан Күлтәй жеңешемізбен бірге екі ұл, екі қызынан тараған ұрпақтарының ортасында бақуатты жүр. Қазір Талғар ауданының Құрметті азаматы, қоғам белсендісі, Кеңдала ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы. Бұл кісінің басты ерекшелігі, кітаппен дос. Газет-журнал қолынан түспейді.
– Жас кезімнен осылай дағдыландым. Әсіресе, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері елді, жерді сүюге, салт-дәстүрімізді үйренуге зор ықпал етті. Газет келсе алдымен өлең іздейтінмін. Жастайымнан еңбекке араласып, үлкен кісілердің, ел ақсақалдарының әңгімелерін көп тыңдадым. Солардан алған тәлім-тәрбием, өлеңге деген қызығушылығым қолыма қалам алғызды.
1980 жылдан бастап аудандық газетке мақалам шыға бастады. Өлең жазуға әуестендім. Алғашқы өлеңдерім 2000 жылы халықаралық «Атамекен-ай» журналында басылды. Ал «Тамыры терең, тарихы өлең» атты тұңғыш жыр жинағым 2016 жылы жарық көрді. Одан «Тұғыры биік – туған жер» «Жүрек сыры», «Оятып ойдың зердесін, көңілдің аштым пердесін» атты кітаптарым шығып, өлеңсүйер қауымның ыстық ықыласына бөлендім. Осылай көңілге түйген, көкейде жүрген ойларымды көпшілікке ұсынып, ұлттық сананың сілкінуіне, көкірек көзінің оянуына аз да болса үлесімді қосқым келеді, – дейді Бексұлтан аға.
Иә, шынында да өлең жазу, ойларыңды кітап етіп шығару – шығармашылықпен кәсіби түрде айналасатын жандардың ғана ісі емес, ол – айтар ойы, білдірер тілегі, өзіндік пікірі мен азаматтық ұстанымы бар ойлы адамдардың ортақ ісі. Одан қоғам тек ұтпаса – ұтылмайды. Бұл кісі әрқашан айтары бар ақылман, қоғам белсендісі. Ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы ретінде ауданда өтетін барлық іс-шаралардың бел ортасында жүріп, жастарға туған жерімізді, ана тілімізді, ата салтымызды, асыл дінімізді қорғау, ата-ана, үлкен кісілерді сыйлау, Отанды сүю турасында білгендерін айтып, тілек-өсиетін жалықпай ұсынып келеді. Батагөйлігі өз алдына, ауыл, аудан, облыс деңгейінде өтетін игі шараларда ақсақалдық батасын беріп жүр. 2020 жылы өткен облыстық батагөйлер сайысында аудан намысын қорғап, жүлделі орынды жеңіп алды. Одан басқа марапаттары да аз емес.
Сөз соңында Бексұлтан Қайырбайұлының өлеңіне кезек берейік:
«Тәңірден күдер үзбеген,
Ақиқат жолын іздеген,
Ортасында халқымның,
Жетпіске кептік біз деген.
Сырласып көктем, күзбенен,
Бабалар жүрген ізбенен,
Ағысын бұзбай арнаның,
Жетпіске кептік біз деген.
Өмірдің мініп кемесін,
Шындықтың көздеп сөресін,
Алпысты артқа қалдырып,
Жетпістің көрдік белесін.
Байқамай да қалыппыз,
Уақыттың қалай өткенін.
Тағдырдың берген еншісі,
Жетпістің көрдік көктемін.
Сөз қалдырсам артыма,
Барымды бердім халқыма,
Халық қазы, халық би,
Бас ием ата салтыма!»,
Құтмағамбет Қонысбай,
Талғар ауданы