Адал дос, аяулы бауырым Мұхтар Қуандықұлынан айырылып қалғанымызға да отыз жалдан асып барады… Ешкімге тоқтау бермес уақыт көз ілеспес жылдамдықпен зырылдап өтіп жатыр.
Мұқаңмен алғашқы танысқан күнім әлі күнге дейін көз алдымда. Жыл сайын 19 мамырда Кеңестер одағының түкпір-түкпірінде бүкілодақтық пионерлер слеті өтуші еді. Оқушылар үшін бұл жиын үлкен мереке болатын. Оған әр мектептің оқу озаттары, өнер мен спортта үздік нәтиже көрсеткен балалар ғана қатыса алатын.
1971 жылы 18 мамырда ауданда өткен сондай бір тамаша жиында елгезек баламен танысқан едім. Ол да мен сияқты бесінші сыныпта, Кіші Жалаңаш ауылындағы Көлбастау орта мектебінде (қазіргі Ақай Нүсіпбеков атындағы) оқиды екен. Бойы қатарластарынан кішілеу болса да жүрісі ширақ, өзін өзі ұстауы, сөйлеген сөзі ересектер сияқты көрінді. Өзге балалар болар болмас нәрсеге қарқылдап күліп, мәз-мәйрәм болып жатқанда, ол сәл ғана жымиып қоятын. Мұхтардың бала күнгі сол бейнесі әлі есімнен кетпейді.
Мұхтар досымның өткен өмір жолына қысқаша тоқтала кетсек, ол алтыншы сыныптан бастап Алматы қаласындағы №2 республикалық мектеп-интернатында білім алып, 1976 жылы 10-шы сыныпты үздік бітіреді. Алматы халық шаруашылығы институтына оқуға түсіп, 1980 жылы экономист мамандығы бойынша ойдағыдай аяқтайды. Мұхтармен екінші рет студент кезінде кездестім. Әскерден жаңа келген мен ҚазМУ-дың дайындық бөлімінде оқимын. Университет қалашығындағы жатақханада оныншы сыныпта бірге оқыған досым Болат Мұсажанұлы екеуміз бір бөлмеде тұрамыз. Болат пен Мұхтар – бастауыш сыныптарда қатар оқыған бір ауылдың балалары. Жерлесін іздеп келген Мұхаңмен қайта табысқаныма ерекше қуандым. Ол кезде тарих факультетіндегі жастар көрші жатақханаларда тұратын журналистика және филология факультеттерінің студенттерімен жиі араластық. Қазақтың белгілі қаламгерлерімен, ақын-жазушылармен, ғалымдармен кездесулер өтіп тұратын. Қасым Аманжолов, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Мұхтар Шаханов, Фариза Оңғарсынова және тағы басқа ақындарға еліктеген студенттер олардың өлеңдерін жатқа соғып, ара-арасында өздері де шабыттанып қолына қалам алатын. Осындай рухани кешке бізбен бірге барған Мұхтар досымыз бөлмеге қайтып келген соң өзінің басқа саланың мамандығын игеріп жатқанына қарамастан, әдебиеттен де құралақан емес екенін дәлелдегені бар. Өзіне тән әдемі күлкісімен жымиып алып:
«Сен жанбасаң лапылдап,
Мен жанбасам лапылдап,
Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ?!»
деп басталатын Назым Хикметтің жырын ширығып отырып жатқа оқығаны әлі күнге дейін естен кетер емес. Сәлден соң: «Ерім деген елің болмаса, елім деген ерің қайдан шықсын?!» демекші, туған еліміз өсірді, тәрбиеледі, оқытты. Ешкімнен кем қылмай жоғары білім берді. Ендігі мақсатым – шамамның келгенінше, білімімнің жеткенінше сол туған еліме қызмет ету!», – деген еді Мұхаң толқи отырып. Осы айтқан сөздері оның аз ғұмырындағы өмірлік ұстанымына айналды. 1982 жылы әскери борышын өтеп келгеннен кейін, Кеген аудандық партия комитетінде әртүрлі деңгейдегі қызметтер атқарды. Ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі және «Қызыл ту» кеңшарында бас экономист болды.
Мұхтар Қуандықұлы өз ісіне шынайы берілген азамат еді. 1983-1985 жылдары Кеген аудандық ауыл шаруашылық бөлімінде экономист болып жүргенде Кеңестер одағындағы халық шаруашылығының да, қоғамдық-саяси өмірдің де тоқырауға ұшырап бара жатқанына қатты алаңдайтын. Бір кездескенімізде ол маған былай деп еді: «Тәке, мен осы мынаған түсінбеймін. Біздің қой шаруашылығында өтірік есеп өріп жүр. Мысалы, Қазақстанның мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мықты ғалымдары қойдың 100 бас аналығынан ары кеткенде 120-130 қозы төлдейтінін дәлелдеген. Ал біздің кейбір шопандар 100 бас аналықтан 170-180 қозы өргізіп жатыр. Бұл сұмдық қой, бұл қылмыс қой! Қазақтың қойлары 4-5 күшіктен туатын ит сияқты болып кетті ме?», – деп күйіне сөйлеп еді. Сонда мен қалжыңға жүгініп: «Сен аупарткомның белді мүшесі емессің бе? Түзетуге ықпал ете алмайсың ба?», – дегенімде, ол біраз ойланып барып: «Жоқ бауырым, оны түзетуге менің білімім мен күшім жетпей тұр, сол үшін маған әлі оқу керек…», – деген еді.
Содан көп ұзамай біздің Мұхаң 1989-1990 жылдары Свердловск жоғары партия мектебінде тыңдаушы болып, оны үздіктер қатарында аяқтады. Қайтадан өзінің туған еліне келіп, Кеген аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінде жауапты қызмет атқарады. Ол жергілікті жердің жағдайын ескере отырып, елге тиімді жағын ойластыра әрекет ететін. Осындайда Әлихан Бөкейханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден»,– деген ұлағатты сөзі ойға оралады. Оның да ұстанымы осындай болатын. Атаққа қызмет етпеді, керісінше қандай лауазымды орында отырмасын, сол лауазым мен атағын елге қызмет ету үшін пайдаланды. Өзінің сыртқы келбеті қандай көркем болса, ішкі жандүниесі де сондай сұлу жан еді. Әрқашан үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп тұратын.
Бір өкініштісі, Мұхаң алған білімі мен жинақтаған тәжірибесін халқының қажетіне жұмсап үлгере алмады. Кеңестер одағы ыдырады. «Партия біздің заманымыздың ақыл-ойы, намысы мен ар-ожданы» деген жалған ұранға сенген талай жастардың үміті үзілді. Сәл шегініс жасап, тарихқа жүгінер болсақ, осы уақытқа дейін еуразиялық кеңістікте үстемдік жүргізген төрт империяның алдыңғы үшеуін тікелей біздің бабаларымыз, қазіргі қазақ даласында құрған екен. Бұл аса мақтанышпен еске алатын оқиғалар. Біріншісі – Ғұн империясы, екіншісі – Түрік қағанатының негізінде құрылған мемлекеттер, үшіншісі – Алтын Орда. Қазіргі Қазақстан – Жошы ұлысының тікелей мұрагері. Бұлардың бәрі де еуразиялық кеңістікте кемінде 4-5 ғасырдан аса үстемдік құрды. Мемлекет құрудың озық үлгісін көрсетті. Ал төртіншісі, қызылдар империясы – Кеңестер одағының жасы қысқа болды. Бар жоғы – 70 жыл. Қорқыту мен үркітудің арқасында құрылған мемлекет ақыр аяғында өмір сүруін тоқтатты. Оның құрдымға кетуіне үлкен күш жұмсаған – қазақтар. 1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліске шығып, ақ патшаның құлауын жылдамдатқан ата-бабамыздың ұрпақтары 1986 жылы желтоқсанда бақайшығына дейін мұздай қаруланған Кеңес әскерлеріне жалаңаш қолмен, бірақ өршіл рухпен қарсы шықты. Алайда қазақ халқының осы кеңес үкіметінің тұсында көрген қорлығын ешқашан ұмытуға болмайды. 1920-1940 жылдардың аралығында, оншақты жылдың ішінде қазақтар өлідей 4,5 миллиондай, тірідей 2 миллиондай адамынан айырылды. Кеңес үкіметінің қазақ халқына жасаған осындай ауыр қиянаты сол билікке қызмет еткен, сол партияға сенген біздің ұрпақтарға өте ауыр болды. Бұл жағдайлар Мұхаңмен кездескен сайын әңгіме арқауына айналатын.
Кеңестер одағы ыдырап, партия тарап кеткен соң Мұхтар досым қарап отырмады. Бар жинаған тәжірибесі мен білімін бизнес саласына жұмылдырып, ауданда алғашқылардың қатарында «Айнакөл» деп аталатын жеке кәсіпорын ашып, көптеген адамды жұмыспен қамтамасыз етті. Мұхаңның жақсылығын көрген жерлестері оның қайырымды істерін осы күнге дейін ризашылықпен естеріне алады.
Кәсіпкерлікпен айналысып, өз шаруасын дөңгелетіп әкеткен Мұхаң орда бұзар шағында кенеттен жол апатынан қайғылы қазаға ұшырамағанда, оның алар асуы, бағындырар биігі әлі алда еді. Өзі өмірден өтсе де оты жанып тұр. Кішкентай нәрестелерімен жесір қалған Мәркия қазақ әйеліне тән, ардақты аналар ғана істей алатын ерліктің ерен үлгісін көрсетті. 1983 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін үздік бітірген Мәркия мектептегі ұстаздығын қатардағы мұғалім болудан бастап, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры қызметтерін абыроймен атқарып, мыңдаған талантты шәкірт тәрбиеледі. Сүйікті жары Мәркияға, әкелерінің тіккен туын жықпай, ата-ана үмітін ақтап жүрген қыздарына Мұхтар досымызды білетін барша қауымның атынан алғыс білдіреміз!
Талдыбек Нұрпейіс,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры,
Тарих және қоғамдық ғылымдар академиясының академигі,
Алматы облысының Құрметті азаматы