Бейнелеу өнері – асқан талант пен тоқтаусыз дамуды, қажырлы еңбекті талап ететін қиын да қызықты өнер түрі. Бұл туралы журналист, жазушы Медет Қайырғали былай дейді: «Қылқалам туындылары – бір қалыптан, бір өлшеммен шығып жатқан зат не бұйым емес. Суретшінің қиял кеңістігіндегі шексіз тұңғиық әлем. Оған буырқанған бояулар сиқыры қосылып шабыт шалқары арнасынан асып-тасып шыға келеді. Осыдан барып туынды әркімнің ой-өрісіне, таным-білігіне байланысты өз бағасын ала бермек».
Бүгінде еліміздегі бейнелеу өнеріне өлшеусіз үлес қосып, оның дамуына зор еңбек сіңіріп жүрген тұлғаның бірі – ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер, Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Көркем академиясының академигі Жанұзақ Мүсәпіров. Ол Балқаш ауданы Ақкөл ауылында дүние есігін ашқан. Сол ауылдағы орта мектепті тәмамдап, Абай атындағы педагогикалық институттың көркемсурет-графика факультетінде білім алады.
Еңбек жолын өзі қанаттанып ұшқан алтын ұясында мұғалім қызметінен бастап, кейін Т.Жүргенов атындағы Театр және көркем өнер институтында ұстаздық етеді. Журналистика саласына да сүбелі үлес қосқан. Отыз жылдан аса отандық телеарналарда режиссер, продюсер, бас редактор, директор қызметтерін атқарған. Қос саланың қыр-сырын меңгеріп, көптің өресі жете бермейтін бейнелеу өнерін жұртшылыққа танытып, насихаттауда. Оған бүгінге дейін «Абай ТВ» арнасында көрсетілетін «Құдіретті қылқалам» атты бағдарламасы дәлел. «Бағдарламаның мақсаты – Қазақстанда бейнелеу өнерін жоғары деңгейге көтеру, суретшілердің санын көбейту және бұл өнерге қызығушылықты арттыру», – дейді Жанұзақ Керімбекұлы. Картиналары еліміздің көптеген музейлерінде, сонымен бірге АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Польша, Германия, Ресей, БАӘ, Түркия, Жапония, Мысыр, Сирия, Италия, Әзербайжан елдерінің жеке коллекционерлерінің қорларында бар.
Жанұзақ Мүсәпіровтің әсемдік әлемі небір ғажайыптарға толы. Ондағы суреттерден беймәлім дүниенің жарқын көріністері менмұндалап, сыр шертеді. Суреттерге жан бітіп, сықылық атып күліп, кейде бұлданып, бірде ән салып, көңіліңе нәр құяды. Енді бірде бозғылт түске еніп күңіреніп боздаса, кейде қасіретін ақтарып, пана сұрап тұрғандай. Бұларды кейде сурет деуге қимайсың. Бәрі көз алдыңда болып жатқан жанды көріністер сияқты.
«Балалықтан даналыққа жол» атты полиптихін әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арнаған. Айтулы датаны айшықтап көрсету үшін картинада 11 түйе және кішкентай бота бейнеленген. Яғни әр түйе бір жылға тең, ал бота – жарты ғасырдың белгісі. Сондай-ақ ұзындығы 11,5 метрді құрайды. Бұл да екінші ұстаздың мерейтойымен тікелей байланысты. Картинаның тұсауы Египеттегі Каир қаласында өткен конференцияда кесілген. Кейін Қастеев мұражайында, Талдықорған, Астана, Анкара қалаларында да халыққа таныстырылған. Қазіргі таңда картина Дамаскідегі мұражайға қойылған. Әуелде бұл «әл-Фарабидің жолы» деп аталған. Кейін түрлі толықтырулар енгізіліп, аты да өзгерген. Бес топтамадан тұратын туындының әр бөлімі ұлы ғұламаның өмір белестерінен, даналық жолынан сыр шертеді. Онда орта ғасырдағы ел тұрмысы мен мәдениеті шебер бедерленген. Суретші сол замандағы адамдардың киім үлгісінен бастап, қала құрылысына да жіті мән берген. Әр детальдың астарында үлкен мән-мағына жасырылған. «Жазу барысында шығармама көркем бейнелер мен сызба таңбалар жүйесіне сүйене отырып, кәсіби тұрғыдағы барлық талапты сақтап және ерекше жанрда нақты тақырыпты қамтып, бейнелеу өнерінің түрлі стилінде жазылған туындым», – дейді Жанұзақ Мүсәпіров бір сұхбатында.
Бірінші бөлімінен әл-Фарабидің балалық шағын көреміз. Мұнда Отырар қаласының сән-салтанатқа бөленген, қайнаған тіршілігі көрініс тапқан. Төбесі көкпен тірескен мұнаралы күмбездер күн шуағына малынып, маужырап тұр. Асыр салып, асық ойнаған балалар таласа-тармаса, бірін-бірі қағып-соғып, ойын қызығына әбден кірген. Ақ жаулығы бойын жапқан сауыншы әйел ақырын басып, түйеге жақындап келеді. Алтыбақанда тербелген бозбала мен бойжеткен ән салып, қаланы думанға бөлеп тұрғандай. Жан-жақтан қаумалаған халық оларға қарап, таң-тамаша күй кешуде. Ал тазы иттер бір күдікті сезгендей, жан-жағына жалтақтап, барлай қарайды. Кептерлер бір жерге жиналып, күбір-күбір тілдеседі. Ал терезе жақтауында отырып, кітапқа үңілген баланы ол думаннан көрі қағаз бетінде өрілген жазулар қызықтырады. Кітапты серік етіп, оқшау отырған баланың өзгеден өр, ерекше екені бірден аңғарылады.
Келесі үш бөлімде Әбу Насыр әл-Фарабидің Отырардан Дамаскіге дейінгі жүріп өткен жолы, болған қалалары суреттелген. Жанұзақ Керімбекұлы ең алдымен олардың тізімін жасап, бүге-шүгесіне дейін зерттеп, көріністерін іздейді, оны қылқаламмен картинаға айналдырады.
Екінші бөлімнің төменгі жағынан Әбу Насыр өмір сүргенге дейінгі кезеңге тән теңгелер мен қыш ыдыстарды, сондай-ақ Ұлықбектің обсерваториясын байқаймыз. Одан сәл жоғары түйеге артылған том-том кітаптар мен бағалы заттар, сандықтар мен аспаптар салынған. Бұл, сірә, сол замандағы халықтың қолданған тұрмыстық заттары болса керек. Оның үстінде орта ғасырдағы қала тізбектері әл-Фараби жолымен кезек-кезек бедерленген. Қалалардың сол кездегі көрінісін дәл бере алған. Киелі топырақта дүниеге келіп, оның бай кітапханасындағы қазынамен сусындап өскен ғалымның даналық жолы осы қаладан басталады. Одан әрі білімін жетілдіру үшін барған Шаш, Самарқан мен Бұхараның сәулетті ғимараттары бой түзеген. Суреттің жоғарғы тұсы бара-бара бұлыңғыр тартып, көк аспанға жалғасады. Бұл сол дәуірден бүгінгі күнге дейін жалғасқан ғұламаның мол мұрасы, кешегі мен бүгінді байланыстырған көкжиек іспетті.
Әбу Насыр әл Фарабидің дүниетанымының қалыптасуына Мерв мектебінің әсері мол болды. Философиялық тұжырымдары мен ғылыми түсінігінің жетілуіне септігін тигізді. Бұны үшінші картинадан аңғарамыз. Сондай-ақ мұнда Мешхед, Нишапур, Рей қалаларындағы сәулеті келіскен мұнаралары мен кесене, мешіттері бой көрсетеді. Қала тұрғындарымен етене араласып, ілім іздеп жүрген Фараби бейнесі де бар.
Төртінші картинада мұсылман жұртындағы ірі ғылыми, мәдени, руханият орталығы болған Бағдат қаласы бейнелеген. Тарихи деректер бойынша мұнда «Баит әл-хакма» атты ғалымдар үйі және әлемдегі ең бай кітапхана болған. Картинада ботаны жетектеп Дамаскіге бет алып бара жатқан ғұламаны көреміз. Ал оның желеп-жебеуші киесі, рухани болмысының символикасы ретінде қанатын кең жайған қаршыға қалықтап келеді.
Соңғы бөлімде білім қайнарына қанығып, ілім шуағын төрткіл әлемге жайған биік болмыс иесін көруге ағылған Дамаск жұрты бейнеленген. Ғылым жолын қуған жандар әлемнің екінші ұстазына өз туындыларын көрсетуге асығуда. Ғұлама дүйім жұртты өзіне қаратып, жиған ізгі ілімін көпшілікке насихаттап, сөз маржанын төгуде. Кешегі кітапқа үңілген бала даналықтың биігіне жетіп, бүкіл әлемнің ұстазына айналған. Оның еңбектері бүгінгі күнге дейін маңызын жоймай келеді. Картинада мұның бәрі асқан шеберлікпен көмкерілген. Бұл туындыға суретші төрт жыл уақытын арнаған. Бүгінде картина Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отыр.
Бұдан да өзге ғажап туындылары жетерлік. Соның ішінде портреттері –бір төбе. Бұл туралы өнертану ғылымдарының кандидаты, профессор Диляра Шәріпова былай дейді: «Суретші Ж.Керімбекұлының модельдерінен әсемдік, әдемілік есіп тұрады. Солай бола тұра шебер адамның жандүниесіне терең бойлайды. Көңіл-күйдің барлық бояуын көрерменге жеткізуге ұмтылады. Портреті салынатын адамның өмірлік ұстанымы, жеке өзіне тән қасиеті оның көзқарасынан, салалы жіңішке саусағынан, эмоцияға толы көзқарасынан анық білінеді».
Қазіргі баспа беттерінде жарияланып жүрген Балуан Шолақты бейнелеген – Жанұзақ Керімбекұлы. Түрлі тарихи деректерді, зерттеулерді саралай келе, сондай-ақ немересі Шайдоллаға қарап отырып әйгілі балуанның бейнесін сомдаған.
«ХХI ғасырдың портреті» атты туындысында өзінің автопортретін жасаған. Бұл осыған ұқсас картиналардан әлдеқайда өзгеше. Қақ ортасынан бөлінген суреттің бір жағында өзінің бет-әлпеті, екінші бөлігінде шашы мен желке тұсы бейнеленген, ал екі шетінен бас сұлбасы төрткүл дүниеге көз салып тұр. Бұл оның өткен мен бүгінді, дүниенің барлық шартарабын көркем суретке түсірген суретшінің болмысы сынды.
«Көкпар» атты картинасына қараған сәттен-ақ көкпаршылардың ұрандатқан айқайы мен арғымақ аттардың ойқастаған дүбірі құлағыңа келеді. Бірақ бұл ойын Жерде емес, өзге бір белгісіз ғаламшарда болып жатыр ма дерсің. Аттың жер тепкілеген шабысынан дүние-әлем өртке оранып, шабандоздар сол оттың ұшқынымен көкке самғап бара жатқандай. Төбеден төнген аспан бірде шексіз ғарыш әлеміне, бірде толқыны бұлқынған тұнық мұхитқа, енді бірде ұрпағын желеп-жебеп жүрген әулие-әнбиелердің елесіне ұқсап кетеді. Намысты қолдан жібермейін деп жанталасқан ерлер жан алысып-жан берісіп, жеңіс тұғырынан көрінуге асығып келеді. Ауыздығымен алысқан арғымақтар да иемді ұятқа қалдырмайын дегендей, көк түтек шаңы бұрқыраған шексіз кеңістікте есесін жібермей атой салады.
«Балықшылар» атты суретінен Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әйгілі «Қан мен теріндегі» әділдік іздеген балықшылар күйі мен Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңізіндегі» Сантьягоның тағдыры көз алдыңа оралады. Картинаның жоғарғы оң жақ тұсындағы тау арасынан жылт еткен Күн шуағына ұқсас жарық шыңнан жоғары көтеріле алмай, екі таудың жиегінде қысылып, жылуын төге алмай тұншығады. Оның төменіндегі сан мыңдаған түстердің үйлесімінен жасалған көрініс балықшының кескілескен, буырқанып, булыққан сана ағымы тәрізді. Бұл көрініс адамзат тарихының құпия қатпарларында жасырынған сан түрлі оқиғалардың тізбегіне де ұқсайды. Басын төмен салбыратып, бар ризығын көк мұхиттан күткен суреттегі бейне бар құпияны жанына жасырып, үнсіз дем алады.
«Дала кемесі» суретінде шөл дала төсінде маң-маң басып, айналаға паң көзқараспен қарап тұрған түйелер бейнеленген. Байқап қараған жанға баласын құшақтаған ақ жаулықты ананың сұлбасы көрінеді. Бұл көрініске теңіз түстес көк-жасыл реңк қосылып, екі әлем астастыра көмкерілген. Сахараның қызған құмы мен тентек теңіздің үйлесімінен туған кеңістікте желмен бірге теңселіп кетіп бара жатқан көшпелі өмір тұрмысын байқайсың.
Өмір көріністерін бұлай дәл бейнелеу үшін терең философиялық пайым, шексіз қиял мен суреткерлік шеберлік және оның бәрін жүрек түкпірінен өткізе білу керек. Жанұзақ Керімбекұлының картиналарында мұның бәрі бар. Оның көңіл пернесінен төгіліп шыққан ғажайып туындылары көрерменнің де ыстық ықыласына бөленуде.
Гүлзат Байқонысова