Алматы облысында бүгін орман алқаптарын кеңейту мақсатында «Шаған ағашыңды отырғыз» науқаны өтті. Шараға БҰҰ Даму орталығы да қатысты.
Алматы облысы әкімінің орынбасары Рауан Рақымбековтің айтуынша, биыл өңірде 5200 гектардан астам жерге ағаш пен тұқым егіледі.
«Шаған ағашын отырғызу» акциясы – бұл біздің ормандарды және биоалуантүрлілікті сақтауға арналған шағын қадам ғана. Бұл бастама жыл сайын қарқын алып, орман қорғаушылардың саны артады деп сенеміз», – деді Рауан Рақымбеков.
Сондай-ақ ол соңғы жылдары Қазақстанда орман алқаптарының ұлғайып келе жатқанын алға тартты. Оның сөзінше, орман – табиғи апаттардан қорғайтын тосқауыл, су режимін реттеу және топырақ эрозиясының алдын алу арқылы тұрақты ландшафттарды қалыптастыруға көмектеседі.
Ұйғыр ауданында өткен бүгінгі шараға әсіресе жас буын өкілдері атсалысты. Олар да өз пікірлерін айтып, табиғатты аялау үшін барынша еңбек ететіндерін жеткізді. Балалардың көмегімен бүгін 2000 түп шаған ағашы егілді.
Шаған ағашы – өте сирек кездесетін, Қызыл кітапқа енгізілген ағаш түрі.
Айта кетейік, облыста жалпы ауданы 3,2 млн гектар орман бар. Өңірде 7 орман шаруашылығы қызмет етеді. 2025 жылға дейін 50 млн түптен астам ағаш егіледі деп жоспарланып отыр.
Alatau News