Кабинетте таусылмайтын жазудан бір сәт уақыт тауып, сыртқа шығып, көшені аралап, бой жазып қайтудың да өзіндік рахаты бар. Әрине, ондай мүмкіндік туа бермейді. Десе де, ретін тауып, шықтым.
Қаланың облыстық мәртебе алғаннан бергі уақыттағы тыныс-тіршілігі өзгеріп, бұған дейін біртүрлі сүлесоқтау сияқты көрінетін өміріне қарқын қосылып, өзгеше сипатқа ие бола бастағаны аңғарылады. Қала көшелерінің асфальттары жаңартылып, жаңа құрылыстар бой көтеруде. Оның ішінде мемлекеттік және бизнеске арналған ғимараттар да, халыққа арналған баспаналық үйлер де әр жерден менмұндалайды. Жағалай жүріп отырып, Қонаев көшесіне өттім. Достықпен қиылысар тұстан Дінмұхамед Қонаев атындағы Орталық саябақтың іргесіне жеттім. Жаяу жүргінші жолы әрі спорттық снарядтар орнатылған жиекпен солтүстікке бет алдым. Саябақтың орталық кіреберісіне таяғанда 12-13 жастар шамасындағы үш қыз бала өздерінің әлдебір қуаныштарымен сыңғырлай күліп атып шықты. Тоқтай қалған едім, ортасындағы шашын тұлымшақтап түйіп қойған қара қыз құрбыларын жеңдерінен тартып тоқтай қалып, қысыла теріс айналды. Өзім де қыз өсіріп отырған әкемін. «Ата-аналарыңа Алла қуат берсін!» дедім іштей. Әрі қарай ұялтпайын деп үндеместен өте бердім. Қазіргі күйкі тіршіліктің тасасында қалып бара жатқан халқымыздың дәстүрі, ибасын осы балақайлардың бойынан көргендей болдым. Ең бастысы – соны ұрпағына ұмыттырмай отырған ата-анадан айналып кетсең болмай ма?
Қала тұрғындары үшін ғана емес, Қапшағай көліне демалып, суға түсіп қайту үшін келетін туристер үшін де бұл саябақ ең бір сүйікті орынға айналғаны көрініп тұр. Қоларбада отырғаны, жетектегені, есейіп қалғаны бар балаларын ойнатып, демалып жүрген жас отбасылар қатарының молдығы қуантты. Иә, қалаға облыс орталығы мәртебесінің берілуі тұрғындар өміріне әжептәуір өзгеріс енгізген. Адамдардың жүзінен ертеңгі күнге деген сенім мен үмітті анық аңғарасың. Әрине, бәрінің бірдей қағанағы қарық, сағанағы сарық деуге болмас. Әлі де қолға алатын көп іс болғанымен, атқарылып жатқан шаруалар да баршылық. Мәскеу де бір күнде тұрғызыла салған жоқ. Ендеше, белгілі дәрежеде сабыр мен төзім атты қос ұстанымды серік ете тұрсақ, бәрі рет-ретімен шешілер деген үміт зор. Ол аз десеңіз, өңірдің тынысына, келешегінің кемелдене түсуіне серпін беретін Жетіген елдімекеніне Алатау деген атау беріліп, келешек ірі мегаполистің негізі қаланып, керегесі кеңейтіліп жатыр. Оның игілігін ертең балаларымыз көреді. Сондықтан келер күнге жарқын үмітпен қарағанға не жетсін?! Ендеше, біз де бойын жаңа тіктеп келе жатқан қос қаланың келешегі кемел боларына дәйім сенеміз.
Бейбіт МЕКЕЕВ