Еңбекшіқазақ ауданында форель өсіретін жаңа шаруашылық ашылды. Бұл елімізде көш кейін дамып келе жатқан балық шаруашылығы саласындағы серпінді жобалардың бірі болмақ.
Балық шаруашылығының дамуына үлесін қосып, 15 жылдан астам осы кәсіппен айналысып жүрген кәсіпкер Марлен Тұрсынәлі Еңбекшіқазақ ауданында Есік өзенінің бойынан екінші шаруашылығын ашып, бассейнге алғашқы шабақтарды жіберді. 1 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынған жобаның жылдық қуаттылығы 500 тонна деп есептеліп отыр. Мұндағы үлкен сегіз бассейнде ел арасында «патша балығы» аталып кеткен форель өсіріледі. «Тау өзені, ағынды судың арнасында өсетін балықтардың тағамдық құндылығы жоғары және дәмді болады. Әрі мұнда балық жемінің сапасы да мол маңызға ие. Біз «Aller Aqua Polska» компаниясымен тікелей жұмыс істеп, балықты жоғары сапалы азықпен өсіреміз», – дейді Қазақстан бойынша жеті балық шаруашылығын ашқан «ТМТ Group» ЖШС-нің басшысы Марлен Тұрсынәлі.
Иә, тағамдық құндылығы жоғары, әрі оңай сіңірілетін ақуыздың, микроэлементтер мен дәруменнің көзі – балық, денсаулыққа өте пайдалы тағам. Сондықтан да балық пен теңіз өнімдеріне деген сұраныс халық арасында әркез жоғары. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының әр адамға жылына 16 кг балық тұтынуға кеңес беретінін ескерсек, онда балықтан дайындалатын тағамдардың рационымызда молынан болуы құба-құп. Алайда балықтың бағасы аспандап тұрғанда ДДСҰ-дың кеңесіне құлақ түретін шама болмай қалатыны қынжылтады. Өйткені елімізде бұл нарықтың түгелге жуығын тек импорт толықтырады. Ал сырттан келетін балық пен теңіз өнімдерінің құны қымбат. Әрі бұл жерде тағам қауіпсіздігіне қатысты сұрақ та туындары сөзсіз.
Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылдың 5 сәуіріндегі қаулысымен бекітілген 2021-2030 жылдарға арналған «Балық шаруашылығын дамыту» бағдарламасы жасалды. Мақсаты – халықты балық өнімдерімен қамтамасыз ету мүмкіндігін арттыру, осы орайда балық өсіруді дамыту үшін жағдай жасау, балық шаруашылығына мемлекеттен қолдау көрсетіп, аталған саланы ғылыми тұрғыда зерттеп, кадрмен қамтамасыз ету. Осылайша іс алға басса, елімізде балық өсіру көлемін 2030 жылға дейін 6,9-дан 270 мың тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. Бүгінде балық өнімдерін ішкі тұтыну республика көлемінде жылына 67 мың тонна болса, бұл көрсеткішті екі есе ұлғайту жоспарланған.
Алматы облысы республикада балық шаруашылығын дамыту жөнінен алдыңғы үштіктің қатарында. «Балық шаруашылығын дамыту» бағдарламасына сәйкес, облыста негізгі нысаналы индикаторлар балық өсіруді 2024 жылы 6 мың тоннаға жеткізу көзделсе, 2030 жылға қарай 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Бүгінде облыс көлемінде 30-дан аса балық өсіру шаруашылығы жұмыс істеп отыр. Әрі жыл сайын жаңа шаруашылықтар қатарға қосылып келеді. «Елімізде балық шаруашылығын дамытуға, балықтың азығын, шабақтарды, дәрі-дәрмек пен инвестициялық салымдарды субсидиялауға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. 2023 жылы Алматы облысында балық шаруашылығын субсидиялауға 150 млн теңге бөлініп, қаражат толығымен игерілді», – деді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қанат Нүсіпбаев. Сонымен қатар биылға балық шаруашылығы бойынша инвестициялық салымдарды субсидиялауға облыстық бюджеттен 500 млн теңге бөлініп, бүгінде өтінім қабылдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Субсидиядан бөлек, «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға жеңілдетілген несие ала алады. Ал техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттарының да кәсіпкерлер мен кәсіп бастаушылар үшін барынша тиімді жолы қарастырылған. Мұның бәрі – елімізде балық шаруашылығын дамыту үшін жасалып жатқан жұмыстың бірсыпырасы.
«Бүгінде өңірде балық шаруашылығын дамытуға қосып жатқан үлесі зор «ТМТ Group» ЖШС ұжымына және басшысы Марлен Тұрсынәліге алғыс білдіремін. Алдағы уақытта нарықты сапалы өз өнімдерімізбен қамтамасыз ету үшін жасап жатқан жұмыстарыңыз жемісті болсын», – деген Қанат Ақылұлы жаңа шаруашылықтың бассейніне алғашқы шабақтарды жіберді. Бұл үш айлық шабақтар алты айда 300-400 гр балық болады екен.
Құралай Мұратқызы
Еңбекшіқазақ ауданы